«АМАНАТҚА ҚИЯНАТ ЖАСАЛМАУЫ ТИІС»

600 көрілім

Қоғамдық кеңес түрлі деңгейде мәселелерді көтеріп, бірінші кезекте елдің яғни, қоғамның пікірін басшылыққа алып, азаматтық қоғамның мүдделерін білдіретін маңызды ұйым. Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы 2015 жылғы 2 қарашада № 383-V ҚРЗ қабылданды. Сол уақыттан бастап қоғамды бақылаушы жаңа саяси институт пайда болды деуімізге негіз бар. Осы ретте аталған кеңес Түркістан қаласында не істеді, қандай табыстарға қол жеткізілді? Көтерілген мәселелер шешімін тауып жатыр ма деген сауалдар төңірегінде Түркістан қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мақсұт Рахымбекұлымен сұхбаттасып едік. Жарты ғасырдан астам тәжірибесі бар, білікті басшы Мақсұт Атанбаев еңбек жолында Кеңес дәуірінен бастап, осы күнге дейін басшылық қызметтерді абыроймен атқарып келгенін жалпы түркістандықтар жақсы біледі. Ендеше, бүгінде қоғамдық маңызы жоғары ұйымның тізгінін ұстаған ағамызбен болған сұхбатқа назар салыңыздар.

– Мақсұт Рахымбекұлы, Түркістан қаласының Қоғамдық кеңесі 2024 жылды қалай қорытындылады. Халық үміт артып отырған ұйым қандай мәселелердің қаралуына, шешілуіне түрткі болды?

– Иә, өткен жылы біздің «Қоғамдық кеңестің» мүшелері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, ұйымшылдықпен жұмыс жасады. Ұйымшылдықпен деп отырған себебім, қай салада немесе қандай ұйым болмасын оның мүшелерінің арасында өзара ынтымақ-бірлік болмаса істің бәрі бос. Осы тұрғыдан қарағанда Түркістан қаласының Қоғамдық кеңесі бірлікті ту етіп келеді. Ал, атқарылған жұмыстарға келсек, қалалық Қоғамдық кеңес өткен жылдың 12 айында өзінің 12 отырысын өткізді, Бұл отырыстардың күн тәртібінде 46 мәселе қаралып, талқыланып тиісті шешімдер қабылданды. Оның ішінде, қала әкімшілігі мен қалалық мәслихаттың ұсынған 18-нормативтік құқықтық актілері, зерделеніп, талқыланып «Қоғамдық кеңестер» туралы Заңның 18 бабының 4-ші тармақшасына сәйкес, бақылау рәсімі ретінде қала әкімшілігінің 9 дербес бөлімінің есебі тыңдалып, ұсынымдар берілді.

Жекеленген мәселелер бойынша, қаладағы 11 мемлекеттік мекемелер мен 9 қала әкімшілігінің дербес бөлімдері басшыларының, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хабарламалары тыңдалып, талқыланып өздерінің құзырындағы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын арттыру туралы талаптар қойылды.

– Осы отырыстар, қабылданған шешімдердің ішінде Қоғамдық кеңес тарапынан нақты ұсыныстар да болған шығар?

– Әрине, ұсыныссыз болмайды ғой. Елдің ішінде жүрген соң біз де өз тарапымыздан халықтың үмітін ақтауға барымызды салып келе жатырмыз. Бір ғана мысал өткен жылы қаламыздағы жалпы орта мектептердің балаларды ыстық тамақпен қамту жайымен таныстық. Кеңес мүшелері өздерінің бөлінісіне сай әрбір мектептің асханаларына барып, балаларға беріліп жатқан ыстық тамақтың сапасымен және мектеп асханаларының жағдайын шолып шықты. Бұған қатысты тиісті мәселелер назарға алынып, бірқатар мектептің жұмысын жүйелеу жөнінде ұсыныстар жасалды. Бұл негізі бір топ қала кәсіпкерлерінің, Қоғамдық кеңеске жолданған хатында көрсетілген, аз қамтылған отбасылардың мектеп жасындағы балаларға берілетін бір мезгілгі тамаққа бөлінген қаржының жеткіліксіздігі туралы мәселеден туындаған болатын. Нәтижесінде орын алған жағдайлар өз ішімізде қаралып, талқыланып құзырлы мекеме облыстың білім басқармасына ұсыныс хат жолданды. Сонымен қатар 50-мыңға жуық халық тұратын “Бекзат” мөлтек ауданы тұрғындарының сұранысына сәйкес осы аумақта «Халыққа қызмет көрсету орталығының» бөлімшесін, болмаса бір өкілдігін ашу туралы ұсыныс отырысқа қатысқан “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы басшысына, денсаулық сақтау мекемелерінің, халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі орын алып жатқан кемшіліктері туралы облыстық департамент басшысына жеткізілді.

Қоғамдық кеңес отырысында қаралып, талқыланған мәселелер бойынша кеңес мүшелерінің сын-ескертпелері негізінде, қала әкімі атына, 2 ұсыныс хат оның ішінде, қала аумағындағы жүргізіліп жатқан абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарының сапасын білім беру және оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жағдай жасау туралы ұсыныстар жасалды. Жалпы өткен жыл ішінде қалалық кеңеске жеке азаматтармен, кәсіпкерлерден 4 өтініш түсті. Өтініште көрсетілген мәселелердің барлығы Қоғамдық кеңес мүшелерінің араласуымен оң шешімін тауып орындалды.

– Қоғамдық кеңес өзінің бағытына сай қала аумағындағы өзге де мәселелерге араласып тұра ма?

Қоғамдық кеңес аты айтып тұрғандай жергілікті атқарушы органның жұмысынан бастап, жауапты салалардың ел игілігіне бағытталған шараларына тікелей араласып тұрады десем болады.

Атап айтсам, Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, «Қоғамдық кеңестер» туралы Заңының 19 бабының 3 тармақшасына сәйкес, қаладағы атқарушы органдардың жекеленген мәселелер бойынша құрған мемлекеттік комиссиялар құрамына өкілеттік алып, комиссия жұмысына қатысып келеді. Соның ішінде есімі өңірімізге белгілі азамат, қалалық мәслихат депутаты Тәжібек Мұсаев – қала әкімдігі жанындағы жер қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия құрамында қызмет етті. Сол сияқты қалалық мәслихат депутаты, кеңес мүшесі Жамила Сүлейменова – облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы құрған комиссия құрамында болса, Ысқақ Ахметов – автогаз бекеттеріндегі қауіпсіздік ережелерін сақталуын және автогаз тапшылығын зерделеу мақсатында арнайы жұмысшы тобының мүшесі. Сонымен бірге, Сырым Айсынов, Замир Мухамеджановтар -жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі құрған комиссия құрамына, Жанбота Тағайбаев – «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің құрған комиссия құрамына кіріп, жұмыстарына қатысып, комиссия жұмыстарының нәтижелі атқарылуына өз үлестерін қосып келеді.

– Кеңес жұмысында негізгі мәселе қабылданған шешімдердің орындалуы ғой. Тиісті салалардың жұмысын талқыға салатын кезде қандай мәселелерге мән бересіздер және жауапты тұлғалардың кеңес жұмысына көзқарасы қандай?

– Орынды сұрақ. Қоғамдық кеңес мүшелері ең бірінші кезекте отырысқа келген мекеменің жауапкершілігіне мән береді. Бірінші басшының өз жұмысына тиянақтылығы, қойылған сұрақтарға нақты жауап қатуы көп нәрсені аңғартады ғой. Егер кез келген маман өз ісіне ұқыпты болса қандай сұрақ қойсаң да іркілмей жауап береді. Екіншіден өз міндетіне адалдық мәселесі. Бұл жерде де есеп беріп тұрған басшысының сөзінен біраз мәселені байқауға болады. Мен бұны айтып тұрған себебім, Қоғамдық кеңес отырыстарында тірлігі көңілге қонбаған мекеме басшыларын немесе отырысқа өздері емес орынбасарлары келген мекемелердің мәселелерін қайта қарау немесе күн тәртібінен алып тастап бірінші басшының қатысуын талап еткен жайлар аз болған жоқ. Бұлай жасалатын себебі, отырыста қаралған мәселелерге көп жағдайда орынбасарлар мардымды жауап бере алмай жатады. Оның үстіне сөз басында айтқандай жауапкершілік деген бар. Осы тұрғыда Қоғамдық кеңеске халық сенім артқан соң, біздің тарапымыздан аманатқа қиянат жасалмауы тиіс яғни, әр мәселеге біз жауапкершілікпен қарауымыз керек.

– Жалпы Қоғамдық кеңестің құқықтық сипаттамасы қандай?

– Қазақстан Республикасының Қоғамдық кеңестер туралы Заңының 1-бабында коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтармен бірлесіп құратын, Қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесі консультативтік-кеңесші, байқаушы орган ретінде бекітілген. Соның ішінде қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесін, оларды қалыптастыру тәртібін және халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың шешімдер қабылдауына коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

Осы бағыттағы Түркістан қалалық Қоғамдық кеңестің қазіргі құрамы, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы №383-V-ҚРЗ, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес, өз жұмысын 2022 жылдың тамыз айынан бастаған болатын.

– Жақсы. Сөз арасында тағы бір жыл кейінге шегінсек. 2023 жылы Қоғамдық кеңес тарапынан қандай жұмыстар атқарылды?

– Иә, 2023 жылдың 10 айында өзінің 11 отырысын өткізді. Бұл отырыстардың күн тәртібінде 35 мәселе қаралып, талқыланып кеңес мүшелерінің ортақ шешімдері қабылданды. Қаралған мәселелер ішінде, қала әкімшілігі мен қалалық мәслихаттың ұсынған 16-нормативтік құқықтық актілері, зерделеніп, талқыланып оның 15-і мақұлданып келісім беріліп, біреуін қайта қарау ұсынылды.

«Қоғамдық кеңестер» туралы Заңның 18 бабының 4-ші тармақшасына сәйкес, бақылау рәсімі ретінде қала әкімшілігінің 5 дербес бөлімінің есебі тыңдалып, ұсынымдар берілді. Жекеленген мәселелер бойынша, қаладағы 8 мемлекеттік мекемелер мен 7 қала әкімшілігінің дербес бөлімдері басшыларының, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хабарламалары тыңдалып, талқыланып өздерінің құзырындағы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын арттыру туралы талаптар қойылды. Қоғамдық кеңес отырысында қаралып, талқыланған мәселелер бойынша кеңес мүшелерінің сын-ескертпелері негізінде, қала әкімінің атына, нақты ұсыныстар мен 4 ұсыныс хат берілді. Атап айтсақ, қала аумағындағы жүргізіліп жатқан абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарының сапасы, қала мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту туралы, «Мәдениет, спорт мекемелерінің жұмыстарын жақсартуға бағытталған іс-шаралар туралы» айтылды.

– Айтпақшы Қоғамдық кеңеске жекелеген азаматтардан өтініштер түсе ме. Жалпы тұрғындар Қоғамдық кеңестің қызметін, құзіретін біле ме дегенім ғой?

– Әрине, біледі. Көзі ашық, көкірегі ояу жандар елдегі әрбір ұйымның қызметін білгенімен қатар оған баға беріп отырады. Сол секілді Қоғамдық кеңестің жұмысы да көпшілік назарында. Жалпы қарапайым халық болған соң арасында түсінбестіктер болуы мүмкін. Сіздің сұрағыңыз да содан туындап отыр деп есептеймін. Бұл тұрғыда біз ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатып, өткен шараларымыз жөнінде ақпараттар, мақалалар жариялап отырамыз. Мәселен, 2023 жылы жергілікті «Түркістан» газетінде 6 мақала 2024 жылы осы басылымда 8 мақала жарияланды. Одан бөлек, жергілікті телеарналарда, ақпараттық порталдар мен әлеуметтік желілерде бірнеше ақпараттар жарияланып келеді. Осындай жұмыстардың барлығы Қоғамдық кеңестің жұмысын халық арасында насихаттап, таныта түсуге бағытталған десем болады.

Ал, өтініштер мәселесінде де бірқатар деректер келтірсек болады. Жоғарыда 2024 жылы жекелеген өтініштер бойынша қаралған мәселелерді атап кеттім. 2023 жылы қалалық кеңеске жеке азаматтармен, кәсіпкерлерден 4-өтініш түсті. Өтініште көрсетілген мәселелердің барлығы оң шешімін тауып, орындалды. Қалалық кеңес отырысында талқыланған мәселелер бойынша ұсыныс хаттар облыстық Санитарлық эпидемиологиялық бақылау мекемесінің басшысына, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысына, «Оңтүстік Жарық» мекемесінің басшысына, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысына жолданып, олардан хабарламалар алынды. Сонымен қатар, талап-ұсыныстар қала әкімшілігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне, «Түркістан-Су» мекемесіне жолданып, олардан қойылған талаптардың орындалғандығы, қалғанының орындалуының қадағалауға алынғандығы туралы хабарламалар күнделікті бақылауымызда.

– Сұхбатымыздың басын Қоғамдық кеңес мүшелерінің ынтымақ-бірлігі туралы сөзден бастадық қой. Енді соңғы сауалды да кеңес мүшелеріне арнасақ?

– Кеңес құрылып, өз жұмысын бастағалы бері құрамымызда да біраз өзгерістер болды. Қазіргі таңда, Қоғамдық кеңестің 14 мүшесі бар. Одан бөлек, іс-құжаттарды үйлестіріп отырған Тілеулі Нұргүл мен Мамбетова Әлия деген қыздарымыз бар. Кеңес мүшелері әр салада тәжірибесі толысқан азаматтар десем қателеспеймін. Реті келгенде есімдерін де атап кетейін. Өзім Қоғамдық кеңес төрағасымын. Базарбай Мұсабеков – білікті басшысы, бүгінде зейнет жасында. Замир Мухамеджанов – Өзбек этно-мәдени орталығы басшысының орынбасары, зейнеткер. Тәжібек Мұсаев Түркістан қалалық мәслихат депутаты, зейнеткер. Жамила Сүлейменова – Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, белгілі кәсіпкер. Жалғасбек Бейсенбеков – ғалым-ұстаз. Қадыр Сырлыбеков – «Түркістан» станциясының басшысы. Ысқақ Ахметов – «Қазақстан Халық партиясы» Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары. Бегахмет Абусейітов – Түркістан қалалық мәслихат депутаты, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор. Әшірхан Әбдіқадыров – Түркістан қаласы әкімдігінде цифрландыру бөлімінің басшысы. Мәлік Дәулетов – «Түркістан Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы. Сырым Айсынов – «Ақжайық» музыка мектебінің директоры. Жанбота Тагайбаев – Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, «Түркістан» футбол клубының басшысы. Жеңісәлі Төлепбергенов – қала әкімдігінде «Ішкі саясат бөлімінің» басшысы. Дәл қазір осы құрам жұмыс жасауда. Бұған дейін Қоғамдық кеңес мүшелерінің құрамында Мұхамеджан Жұмадуллаев, Бекзат Абубакиров, Бақытжан Бөкебаев, Қалқабек Ысқақов (өмірден өтті) деген азаматтар қызмет етті. Қалқабек әріптесіміз өмірден өтті. Қалған жігіттер қызмет бабымен басқа жаққа ауысып, кеңес мүшелігінен өз еріктерімен бас тартты. Түйіндеп айтқанда осы айналайын. Сұрағыңда айтқандай кеңес мүшелері бірлікті ту етіп, халыққа қызмет етіп жатқан жайы бар.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Е.САҒЫНДЫҚ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы