ЖАҢА ТЕАТРДА «ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР» ҚОЙЫЛЫМЫ САХНАЛАНАДЫ

851 көрілім

Түркістан музыкалық драма театрында «Жалдамалы пәтер» музыкалық драма-комедиясының жаңа премьерасына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Кездесуге қойылымның авторы әрі режиссері Мұзафар Ғалымжанұлы, сондай-ақ, қойылымның бас кейіпкерлерін сомдайтын әртістер Қадыржан Төреханов, Аяжан Жұмабек, Досымжан Арқабеков, Аида Серікова, Темірлан Еркінғалиев және Ақ-Сұлтан Әнуарбек қатысты. Кездесуге театр актері Ақ-Сұлтан Әнуарбек модераторлық етті.

Баспасөз мәслихатында жаңа қойылым туралы жан-жақты ақпарат беріліп, театр көрермендері мен БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берілді. Айта кетейік, «Жалдамалы пәтер» – Мұзафар Ғалымжанұлының алғашқы шығармасы, яғни тырнақалды туындысы. Театр ашылған күннен бастап өнер ордасында еңбек етіп келе жатқан талантты әрі жас актер бұл жолы өзін автор және режиссер ретінде жаңа қырынан танытып отыр. Баспасөз мәслихаты барысында актерлік құрам дайындық кезеңінің қызықтары мен қиындығы жайлы естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, қойылымның мазмұны, актерлік шеберлік пен музыкалық элементтердің үйлесімі ерекше талқыланды.

Өзекті мәселелерді заманауи сипатта жеткізуді мақсат еткен бұл қойылым бір жарым жыл бойы дайындалған. Қойылымның негізгі тақырыбы – қала өмірінің ажырамас бөлігіне айналған жалдамалы пәтер мәселесі. Бұл туынды астарлы әзіл арқылы өмір шындығын суреттемек. Естеріңізге сала кетейік, «Жалдамалы пәтер» премьерасы 18-19 қаңтар күндері өтеді.

Қарақат САПАРӘЛІ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы