Бүгін түркістандық зиялы қауым өкілдері сиясы кеппеген “Жапырақ ғұмыр” кітабының таныстырылымының куәсі болды. Жыр-жинақ авторы Айдар Сейдәзімнің қадамына баға берген халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Қ. Бегманов, “Nur Otan” партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Тәжібаев, сазгер, журналист Б. Сердәлі, ҚР Журналистер Одағының Түркістан облысы филиалының төрағасы Ғ.Елшібай кітаптың тұсауын кесіп, ақынға шалқар шабыт тіледі.

Әдебиет сүйер жандар лирик ақынға шығармашылық табыс тілеп, қызметтес болған жандар өткен өмірінен сыр шерті. Сондай-ақ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ басшылығы, және «Түркістан» газетінің директор-редакторы Мәлік Дәулетовтың ақынға арналған құттықтауы табысталып, алыс-жақыннан атарылтып келген қонақтар жылы лебізін білдірді.
Әдеби кеште ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, өмір жолына негізделген ғұмырнамалық бейнефильмнің көрсетілімі көпшілік назарына ұсынылды.

Айдар Бастарбекұлы Ордабасы ауданы, Ақжол ауылының тумасы. Жанына қалам мен парағын серік еткен қырықтың қырқасына шыққан тұлға облыс орталығын түлету жолында аянбай еңбек етіп жүрген білікті журналист.
Еңбек жолында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының тізгінін ұстап, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде және мерзімді басылымдарда, қызмет жасаған жорналшы. Қазіргі уақытта Түркістан облыстық ақпараттық талдау орталығы директорының орынбасары қызметін атқаруда. ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

“Жас кезімде армандайтын едім. 40-жасқа толмай жыр кітабым жарық көрсе екен деп. “Не үшін 25 емес?”, “Не үшін 35 емес емес?” деп таңданатын шығарсыз, өйткені мен есімді кештеу жинадым”,- деп жазады автор өзінің фейсбук парақшасында. Жыр-жинағы кітабының бұрын соңды танымайтын алматылық Канат Таңатаровтың 1000 дана таралыммен жарық көруіне демеушілік жасағанына, жұбайына, әріптестері мен дос-жарандарына алғысын білдірген.

Бүгінде Айдар ақын отбасында аяулы жар, ардақты әке. Жұбайы – Алма Сұлтанқызымен – Акерке, Айбар, Аруна атты ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Айта кетейік, ақын үшін бүгін ерекше күн. Себебі дәл осы күні өмірлік жарымен шаңырақ көтергеніне 14 жыл толып отыр. Оған қоса, алғашқы кітабы оқырмаға жол тарып мерейі үстем болса, ертеңгі желтоқсан айының 26-жұлдызы туылған күні.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
“Түркістан”.
Суреттер автордікі.