- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Сенат мәжіліс залында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Әкелер мектебінің» ұйымдастыруымен «Әкелер» форумы өткізілді. Форумға облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің вице-президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Әміреқұл Абуов, қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Кемел Мырзагелді, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың жастар тәрбиесі орталығының директоры, саясаттанушы, философия ғылымының кандидаты Сәкен Мәжінбеков, аудандық, қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, аудандық, қалалық «Әкелер мектебінің» төрағалары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шараның мақсаты әкелер мектебін құру арқылы отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуды ұйымдастыруда әке рөлін арттыру. Отбасындағы әкенің міндеттері мен жауапкершілігін қалыптастыра отырып, ер балаларды ұлттық рухта тәрбиелеп, әдеп-ғұрыпты, салт-дәстүрді кеңінен дәріптеуге үндеді.

Облыс өңірінде алғаш қолға алынып отырған жаңа қоғамдық құрылымды бұқара халыққа кең түрде таныстырып, насихаттау мақсатында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасымен келісім-шартқа отырып, ұрпақ тәрбиесі барысындағы шараларды бірлесе атқаруды көздеп отыр.

Форум барысында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов – «Әкелер мектебі – тәрбие мектебі», мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Кемел Мырзагелді – «Әке – өнеге», М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың жастар тәрбиесі орталығының директоры, саясаттанушы, философия ғылымының кандидаты Сәкен Мәжінбеков – «Отбасы – ұлағат ұясы», Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің вице-президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Әміреқұл Абуов – «Әке жолы – ізгі жол» атты тақырыптарында баяндама жасады. Жиын соңында күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша арнайы Үндеу қабылданды.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.