ХАЛЫҚ НАҚТЫ ШЕШІМДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

466 көрілім

Дертіне шипа іздеп аурухана, емханаларға баратын науқас адамға дәрігерлер мемлекеттен бөлінетін тегін дәрілер ұсынатынын білеміз. Осы мақсатқа биыл Түркістан облысына 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл жөнінде арнайы мәселе көтерген Түркістан қаласының Қоғамдық кеңесі отырысында күн тәртібіндегі негізгі басымдықты осы салаға бағыттады.

Отырыста қаралған мәселелердің ішінде 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасы, Түркістан қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығы мекемелерінің жыл ішінде атқарған жұмыстары тыңдалды. Ал, денсаулық сақтау мекемелеріндегі тегін дәрі-дәрмектердің мұқтаж науқастарға қолжетімділігі жөніндегі жұмыстар барысы арнайы талқыға түсті. Мақсұт Атанбаев төрағалық ететін кеңес мүшелері тарапынан аталмыш бюджет жобасы қолдау тапты. Халыққа қызмет ету мекемелерінің жұмысына қатысты кеңес мүшесі Т.Мұсаев әсіресе үйіргелік немесе кәсіпкерлік мақсаттағы жерлерді рәсімдеу барысында кездесетін келеңсіз жайлар тұрғындардың дегбірін алатынын сөз етті. Осы жағдайға қатысты мекеме тарапынан нақты шешім қабылдайтын уақыт жеткенін егер бұлай жалғаса берсе халық наразылығы арта түсетіні айтылды. Бұған сала мамандары жұмыстарды оңтайландыру шаралары жүргізіліп жатқанын, алдағы уақытта тиісті мекемелер арасында ортақ байланыс (база) тетіктерін іске қосуға қатысты әрекеттер үйлестірілу үстінде екенін баяндады.

Кеңес отырысындағы баяндама жасаған Түркістан қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары А.Ахметұлына емханада атқарылған жұмыстардың ішінде науқастарға мемлекет есебінен берілетін дәрі-дәрмектің қолжетімділігі және оған қатысты талаптар төңірегінде сауалдар қойылды. Сонымен бірге, медициналық және фармацептикалық бақылау комитетінің облыстық департамент басшысының орынбасары Қ.Асабаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Б.Исмағанбетов және қаладағы денсаулық сақтау мекмелерінің басшылары да жиын барысында есептерін берді. Дегенмен кеңес мүшелері медициналық қызметті тұтынатын халықтың тегін дәрі-дәрмекке әркез қолы жете бермейтіні, алған күнде де дертке шипал боларлық қуаты төмен болатынына назар аударды. Облыс көлемінде миллиардтаған қаржыны сарп етіп отырған саладағы түйіткілді мәселелер осы сәтте жан-жақты талқыға салынды. Сапа тұрғысынан келгенде дәрі-дермекті алу кезінде отандық өнімдерге басымдық берілетіні сөз болса, кей жағдайларда дәрі-дәрмек қорының кеми түсуі мемлекеттік тапсырыс беру кезінде орын алатынын жасырмады сала мамандары. Дәрігерлер атап өтілгендей сапаға қатысты барынша оңтайлы жұмыс жасау бағыттары қарастырылғанына да тоқталды. Науқасқа берілген дәрінің әсері болмаса, оған балама түріндегі дәрілер ұсынылатыны осы арқылы науқастарға ем-дом шаралары жүргізілетіні баяндалды. Қорыта айтқанда, аталған медицина мекемелерінің атқарған жұмыстары туралы баяндамалары назарға алынып, алдағы уақытта бұл мәселеге қатысты Қоғамдық кеңестің күн тәртібіне тағы да тыңдау болатыны ескертілді. Сонымен бірге Түркістан қалалық Қоғамдық кеңесі осы тақырыпқа қатысты шешімінде заң талаптарының қатаң сақталуы, жауапты сала өкілдерінің халықпен жұмыс жүргізу барысында сөзбұйдаға салмай нақты және тиімді шешім қабылдауға ықпал жасауы ұсынылды.

«Түркістан-ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы