Түркістан – еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ірі өңірлерінің бірі. Соған сәйкес өңірде еркін кәсіпкерлік және орта, шағын бизнестің дамуы халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылатады деуге толық негіз бар. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында Үкіметтің алдына маңызды міндет қойылғанын атап өткен еді. Айталық, 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізу дамудың басты алғышартына айналады.
Осы орайда, «Даму» Қоры БАҚ өкілдерімен бірге Түркістан өңірінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде қаржылық қолдау шараларын таныстыруға бағытталған баспасөз турын өткізіп келеді. Жыл сайын дәстүрге арналған журналистер жорығының бұл жолғы бағыты Түлкібас және Сайрам аудандары болды. Журналистер алдымен Түлкібас ауданына табан тіреді. Мұндағы консервіленген жеміс өндіретін «KAZAGROVISION» ЖШС-нің жұмысы қарқынды. Айта кетейік, күнделікті тұрмыста қолданатын маңызды тауарлар өңірдегі халық көп шоғырланатын ірі дүкендерге, базарларға, жәрмеңкелерге жеткізіледі. Зауыт көкөніс консервілері мен шырындарын өндіруге арналған 24 желімен жабдықталған. Зарарсыздандыруға арналған 16 құрылғымен қатар зертханалар да заманауи жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар, дайын өнім тамақ қауіпсіздігі стандарттарына сәйкес сертификатталған. Шикізат негізінен Түлкібас ауданы аймағынан алынады екен. Түлкібастан шығатын азық-түлік тауарларына жергілікті халықтың сұранысы да жоғары екенін аңғару қиын емес.
Журналистер жорығының келесі сапары Сайрам ауданына ауысты. Бұл ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрін шығаратын «Асыл-LTD» бидай ұнын өндіру зауытында болды. Бір қуантарлығы, кәсіпорындағы ауыр жұмыстардың бәрі заманауи технологиялар көмегімен іске асады. Мамандардың айтуынша, жоғары және бірінші сұрыптағы бидай ұны елімізден бөлек көршілес Өзбекстан мемлекетіне де жіберіледі екен. Өнімді арнайы сынамалардан өткізетін зертханаларда да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бұған дейін де аталған мекеме өңір экспорттаушыларын қолдау жиынында жоғары бағаға ие болған кәсіпорын ретінде танылған болатын.
Ал аудандағы «АХБК» ЖШС-інде арнайы киімдер тігіледі. 2018 жылдың қараша айында іске қосылған фабрикада арнайы формалар, әскери киімдер, төсек-орын бұйымдары тігіледі. Шағын кәсіпорын жылына 1 млн дана киім-кешек пен төсек орын бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Шикізат Ресей, Түркия елдерінен тасымалданады. Бүгінде кәсіпорын өнімдері негізінен ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Аталған өндіріс орнының құны 1200,0 млн теңгені құрайды. 1,2 га аумақты алып жатқан шағын кәсіпорында жергілікті 100 адам жұмыс істейді екен. Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс орнын ұлғайтуды көздеп отыр. Үлкен кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатқан мекеме бүгінде ірі тапсырыстарға қол жеткізіп, нарықта жоғары бағаға ие болған.
Баспасөз туры барысында журналистер экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күші бола отырып, отандық өндірістің дамуы мен өсуіне күш салып келе жатқан кәсіпорын мамандарымен сұхбаттасып, алдағы жоспарлармен танысты. Іс-шарада аясында журналистер «Даму» Қорының қолдау құралдары, сондай-ақ оны жүзеге асыру жолдары жайлы қор өкілдеріне сұрақтар қойып, маңызды ақпараттар алды. Атап айтсақ, мамандар қор арқылы кәсіпкерлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен қолдау көрсететінін баяндады. Бұдан бөлек қор қызметін бастаған күннен бастап бүгінге дейін бағдарлама таңдаудан бастап, жоба жүзеге асқанға дейінгі сүйемел көмек тегін жүргізіледі. Қуантарлығы – қор менеджерлері қолдау сұрап келген әр кәсіпкерге әрекет ету жоспарын толық түсіндіреді.
Дәурен ТІЛЕУХАН.