- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Бүгін қала әкімдігінің мәжіліс залында алтыншы шақырылымдағы Түркістан қалалық мәслихатының кезекті алпысыншы сессиясы өтті. Алдымен шаһар басшысы Рашид Аюпов қалалық мәслихаттың хатшысы Ғ.Сәрсенбаев пен мәслихат депутаты М.Дүйсебековке “Облыстың құрметті депутаты” және “Nur Otan” партиясы Түркістан қалалық филиалының бірінші төрағасы А.Темірбаевқа “Ерен еңбегі үшін” төсбелгісі мен куәлігін тапсырды. Сондай-ақ, қалалық мәслихаттың 15 депутаты мен мәслихат аппаратының қызметкерлері “Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл” мерекелік медалімен наградталды.

Одан әрі сессияның төрағасы Аманжол Мәди алдымен күн тәртібіндегі жалпы сегіз мәселені айтып шықты. Қоғам талқысына түскен жол ақысының көтерілуі де қаралып, қала басшысы келісімге келгенін айтты. Естеріңізде болса, Рашид Абатұлы жол ақысын көтеру үшін тиісті мекемеге 10 талап қойған болатын. Әкімнің сөзінше, ол талаптардың саны артқан екен.

Атап көрсетсек, қоғамдық көлікте балалар 10 жасқа дейін тегін жүреді, 10-15 жастағылар жарты ақысын, яғни 35 теңге төлесе, 15-17 жас пен студенттер 60 теңге төлейтін болады. Автобус ішінде GPS орнату 1-ақпанға дейін, бейнекамера қою 15 мамырға дейін, электронды билетті жүзеге асыру 1 тамызға дейін іске асуы тиіс. Сондай-ақ, қыс мезгілінде таңғы 7:00-ден 21:00-ге, ал жазғы уақытта 7:00-ден 22:00-ге дейін ұзарту қолға алынады. Сондай-ақ, мейрам кездерінде мезгілге қарамастан түнгі 23:00-ге дейін жүргізілмек. Ал, 1 маусымнан бастап шаһарда кіші автобустар тізімнен алынып, кондукторлар болса арнайы форма кисе, сонымен бірге жүргізушілердің темекі шегу, музыка дауысын қатты шығару, телефонмен сөйлесу (шұғыл қажет болған жағдайда ғана), белгіленбеген жерден тоқтау сынды дүниелері енді іске аспайды. Бұл жағдайлар орын алса, тұрғындар анықтамада көрсетілген байланыс нөмірлеріне хабарласып, шағымын білдіре алады. Мүмкіндігі шектеулі және сәбиі бар аналарға кондукторлар түсіп көмек көрсетеді. Автобустар 8,5 және 10,5 метр ұзындықта болса, болашақта жолды кеңейту кезінде қоғамдық көліктерге арналған қосалқы жолдар салынуы да жоспарда.

Аталған ұсыныстарды мәслихат депутаттары бірауыздан қолдап, “Жолаушы” ЖШС-ның атқарушы директоры М.Жұмагелдіұлы осы талаптардың барлығын орындайтынын айтып, депутаттар алдында уәде берді. Енді бақылау жұмыстары сәйкесінше жүргізіліп, назарда болмақ. Сонымен бірге, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары жүріп, күзге дейін электроқуатпен жүретін автобустар пайда болады деп күтілуде.

Күн тәртібіндегі сегізінші мәселе қалалық мәслихат сессиясының төрағасын сайлау болатын. Депутаттар келісімімен Дәурен Тәңірбергенов сессия төрағасы болып сайланды.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.