ҚҰРМЕТТІ КІТАПХАНАШЫ РАУШАН НҮРПЕЙІСҚЫЗЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

232 көрілім

Қазақтың қайталанбас ұлы қаламгері, көрнекті ойшыл Әбіш аға Кекілбайұлының  «Адамды адам еткен — кітап, адамзат еткен — кітапхана» деген қанатты сөзі бар. Қазіргі таңда рухани өміріміздің өзегіне айналған даналық қазынасын көпшілік оқырман мен ертеңгі ел тізгінін ұстар жас буынға насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші – кітапхана болса, сол байлықты оқырмандарға таныстыратын тұлғаларымыз – кітапханашылар екені анық. Бірер жыл бұрын Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен «24 қазан – Кітапханашылар күні» бекітіліп, жаңа кәсіби мерекені жариялауы бүгінде ғасырға жуық тарихы бар білімнің, елімізді, егемендігімізді танытатын рухани орда қызметкерлері – кітапханашыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін үлкен құрметтің белгісі. Осы мерекеге орай киелі шаһардағы Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Түркітілдес халықтардың кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен бар өмірін кітапхана мен мәдениет, руханият саласына арнаған ардақты жан, Қазақстанның Құрметті Кітапханашысы төсбелгісінің иегері Сержанова Раушан Нүрпейісқызымен «Түркістанның ақ сұңқарлы тұмары» атты кездесу өтті.

Мәртебелі кеш кітапхана оқырмандарының орындауындағы жас ақын Дәурен Тілеуханның сөзіне жазылған «Түркітілдес халықтардың кітапханасы» атты әуезді әнмен басталып, жиынға қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді. Кездесуде қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, ҚР мәдениет қайраткері, белгілі сазгер Сауранбек Елеуов, Түркістан облыстық «Жанубий Қозоғистон» газетінің бас редакторы Райымжан Алибаев ізгі тілектерін білдіріп, барша кітапханашыларды мерекемен құттықтады.

Өз кезегінде Қадырболат Қабдырұлы ардагер кітапханашы Раушан Сержанова мен «Түркітілдес халықтардың кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Мария Жанатқызын қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының алғыс хатымен марапаттап, құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, білімге ұмтылған оқырманның табылар жері – кітапхана екенін, жаңа технология заманында да, кітап адамның ой-өрісіне ықпал жасап, рухани азығы болып қала беретінін тілге тиек етіп, қатысушы кітапханашыларға сәттілік пен еңбектеріне шығармашылық табыс тіледі.

Кездесу кешінің қонағы ҚР еңбек сіңірген қызметкері, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР кітапхана саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті кітапханашысы Раушан Нүрпейісқызының құрметіне өнегелі өмірі мен елеулі еңбек жолына арналған сұхбатты ҚР Журналистер одағы мен Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі Несіпкүл Өтебаева жүргізіп отырды. Сырлы сұхбат барысында ардагер кітапханашының жарқын келбеті айқындалып, емен-жарқын әңгіме өрбіді. Сондай-ақ жиында қалалық мәдениет үйінің әншілері әуезді ән шырқап, кешке қатысушы өнерпаздар би билеп, ұйымдастырушылар тарапынан жиынға келген кітапхана саласының ардагерлері, кітапханашылар мен оқырмандар назарына №9 Некрасов атындағы мектеп-гимназиясының кітапханашысы мен оқушылары «Кітапханашының бір күні» атты тағылымға толы көрініс қойылды.

Бүгінгі дамыған заманда қоғам мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана. Көне жазбалар мен сирек кітаптар секілді кітапхананың да тарихы өте ескі дәуірлерден бастау алатыны баршаға мәлім. Кітапхана – мәртебесі биік киелі шаңырақ. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін кітапханашы мамандығы жайлы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кітапханашы бүгінде тек қана оқырманға кітап беріп қана қоймай, көптеген маңызды жұмыстарды атқарады. Бүгінгі заманға сай күнделікті ақпарат ағынын оқырманға насихаттаушы, сонымен қатар кітапхананың бай қорын көзінің қарашығындай сақтаушы. Көркем ой құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, руханият игілігі жолында ұлағатты іс тындырып келе жатқан кітапханашылардың еңбектеріне шығармашылық табыс, орасан зор еңбектеріңізге тамаша бастамалар тілейміз!

Азамат ӘЛІБЕК.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы