ӨЗБЕКӘЛІНІҢ ШЕКСІЗ ӘЛЕМІ

428 көрілім

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф, өнер зерттеуші-ғалым Өзбекәлі Жәнібек – халқымыздың мәдениетін, өнерін, ұлттық салт-дәстүрін дамытып, өркендету жолында аянбай еңбек еткен ұлы тұлға. Оның ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық мәдениетті дамыту ісіне қосқан үлесі, еліне сіңірген еңбегі туралы жинақтар шығып, еңбектер жазылып жүргенмен, бойына соншалықты өнер де, білім де, тереңдік пен көрегендік те дарыған сегіз қырлы, бір сырлы асқан парасат иесінің тылсым сырға толы әлемін, тарихын, ғылыми еңбектерін жеткілікті зерттей алып жүрміз бе? Оның еңбегіне лайықты, әділетті баға бере алдық па? Шындығын айтсақ, жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген көптеген ұлы тұлғалар ескі көзкөрген аға ұрпақ өкілдерінің зердесінде ғана сақталып, кейінгі ұрпаққа насихат жұмысы, елеп-ескеру, құрмет көрсету кемшін түсіп жататын кездер аз емес. Қазақ халқының маңдайына біткен бақ жұлдызы Өзбекәлі Жәнібектің шексіз әлемін толық білу үшін қаншама ізденіс қажет. Алланың берген кесімді өмірі 67 жыл ғұмырында қазақ руханиятының «тауын қопарып, тасын түсіргендей» бейнет жасаған Өзағаңның өзі «Менің анам – елім. Сол елге өлгенше қызмет ету борышым» – деп жазып кеткен еді. Ол туған халқын сүйді. Шын жанашыр болды. Әрі бұл жолда кез келген жанның қолынан келмес ерлікке пара-пар қадамдарға барды. Қарусыз майданда, Санжар Керімбай айтқанындай «Мәдени майданда» мыңмен жалғыз алысты. Мыңды жығар білімінің, қажыр-қайратының арқасында жеңе білді, жеңіске жете білді. Осындай адам таңқаларлық табандылығының, ақыл-парасатының арқасында аңыз адамға айналды. Ұлт мәдениетін дамытып қана қоймай, ғасырдан ғасырға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу жолында, соның ішінде, өткен ғасырлар шежіресінің көмбесі – музей ісіне сіңірген еңбегінің бір парасына ғана тоқталайықшы. Ол туралы көзкөргендер естелігіне құлақ түрелік. Барша жұртқа белгілі халқының сүйікті перзенті көзі тірі болғанда, бүгіндері 93 жасын тамыздың 28-і атап өткен болар еді. Осыған орай «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи- мәдени музей қорығының «Түркістан тарихы» музейі «Өзбекәлі Жәнібек және музей ісі» көрмесін ұйымдастырып, алыс-жақыннан келген ғалымдар, археологтар, тарихшылар мен музей қызметкерлері ой бөліскен болатын. Небір асыл сөздің маржаны төгілген іс-шара кезінде айтылған пікірлерді газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік. Өйткені, өнер, мәдениет ешқашан өлмейді. Ал, Өзбекәлі Жәнібектей ұлы тұлға туралы әңгіме қозғау ешқашан кеш емес, керісінше кез келген уақытта әңгіме қозғау қажет деген ой түйдік. Сонымен, көзкөргендерге кезек берелік.

«БҰЛ – РЕМЕССАНС АДАМЫ»

Белгілі тарихшы-ғалым, «Казреставрация» мекемесінің ардагері Сембі Марат Қатайұлы «Өзекең Алматыда Мәдениет министрлігінде қызмет істеп жүргенде біз жас маманбыз. Үлкен ғалым Ахмет Тоқтарбаев бар. Ескерткіштерді зерттеп және оны қалпына келтіретін «Казреставрация» деген ұйым құрылды. Сол мекемені көтеріп, оған қаржы бөліп жұмысын жаңартып жүрген Өзекең еді. Ол өзінің ісін халқына арнаған адам. Конференциялар өтіп жатыр. Құрметтеп жатырмыз. Ол жайдан жай емес. Өйткені, ол өз еңбегін, өз ойын, өзінің күшін, қуатын, білімін, барлығын халыққа арнаған. Совет заманында жұмыс істеп жүріп: «Келешекте Қазақстан тәуелсіздікке жетеді. Сол кезде керек болады» деп көп еңбек сіңірген адам. Бұл – ремессанс адамы. Қазақтың келешегін көре білген адам. Бостандығын тілеген және соны көрген. Бүкіл халық батыр болмайды. Бүкіл халық ақын болмайды. Бүкіл халықтан өзінің жанын берген, еңбегін берген азаматтар туады. Сондай азаматтың бірі – Өзекең еді. Мінеки, бүгін «Біздің Өзекең! Біздің Жәнібеков» – деп мақтан етіп отырсыздар. Ол жалғыз сіздердікі емес. Ол – бүкіл қазаққа ортақ тұлға. Ол кісі шетелдегі қазақтармен де байланыс жасауға көп еңбектенген еді. Ол кезде мұндай әрекеттер қиын еді.Түркиядан барып Германияда оқып жүрген «Суат» деген қазақтың баласы бар еді. Сол азамат Қазақстан тарихын зерттеу үшін келуге рұхсат ала алмай жүріп келді осында Қытай арқылы. Алайда, заң бойынша екі-үш күн тоқтауға рұхсат. Сол жігіттің визасын ұзарту үшін Өзекеңе барғанымда бірден қолдады, көмектесті. Ол заманда мұндай көмек ерлікпен пара-пар болатын. Кеңес заманында өмір сүрген азаматтар мұндай қадамның қандай қауіпті екенін біледі. Осы бір ғана мысалдан, өзінің халқын, тарихын сыйлайтын, сүйетін, бүкіл еңбегін қазақ халқына арнаған азаматтың келбетін көреміз. Бүгінгі бостандық, бүгінгі тәуелсіздік – осындай азаматтардың арқасы.Тек қана қару-жарақ, алапат соғыспен бостан-дыққа жетіп жатқан халықтардың саны да аз. Ал, Өзекең сияқты азаматтар Қазақстанның тәуелсіздігін жақындату жолында, «мылтықсыз мәдени майданда» еңбек еткен адам. Бұл кісі – өзінің арманы тәуелсіз Қазақстанды да көрген бақытты адам».

«ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ХАЛЫҚТЫ МУЗЕЙГЕ БАРУҒА ТӘРБИЕЛЕДІ»

Ал, Бақыт Камалқызы Оразымбетова экскурсоводтар туралы айта келіп, осы бағыттағы Өзбекәлі Жәнібектің еңбегіне тоқталды. «Музей – тазарудың қуатты көзі. Бүгін Қазақстанда он екі қорық музей, жүзден астам өлкетану музейі, жиырма көркем музей жұмыс істейді. Көркем музейді қалай ашу керек, музыка жағын да, оның бәрінің концепциясын жазған Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз. Ол кісі халықтың мәдениетсіз ешқашан болашаққа қадам баспайтынын білген. Рухани байлық пен тек қана өз салтын сақтаған, дәстүрді білген, инновацияға көшкен адам ғана болашаққа жетеді. Мысалы, қолдарыңызды жүрекке қойып айтыңыздаршы, қанша рет музейдің есігін ашасыздар? Кейде қалада, елде тұратын адамдардан «Н.Оңдасыновтың музейін білесіздер ме?» – деп сұрасақ «Ойбай, бізде ондай музей бар ма?» – деп таңқалады. «Нәзір Төреқұловтың музейінде болдыңыздар ма?» – деп сұрасаңыз да өзіңізге сұраққа сұрақпен жауап беріп жатады. Бұдан шығатын қорытынды, Өзбекәлі Жәнібековтың халықты музейге баруға дайындау, тәрбиелеу, концепциясы өте дұрыс жасалған. Мен өзім халықаралық туризм жөніндегі «Түркістан – түркі әлемінің қақпасы» атты үлкен экскурсияның авторымын. Біз ұлы Жібек жолы бойында тұрмыз. Осы орайда, мен Өзбекстаннан үйренеріміз көп дер едім. Шындығын айту керек, олар бұл істі Қазақстанға қарағанда жауапты әрі мықты жасайды. Таяуда ғана Мәулен Самарқанда өткен мұсылмандық, исламдық цивилизацияның дамуы жөніндегі әлемдік конгресске қатысып қайтты. Бізге сөзден іске көшетін уақыт жетті. Біздің алдымызда музей ісін дәріптеу туралы үлкен тағылым қалдырған Өзбекәлі ағадай ұлы ұстазымыз бар. Бізде әлде де болса экскурсоводтар еңбегі дұрыс бағаланбайды. Құрмет көрсетілмейді. Қазақстанның экскурсиялық ісін, музей ісін халыққа танытатын, көрсететін де тарихи шежіре мен халық арасындағы алтын көпір – экскурсоводтар емес пе? Қазақстанның экскурсиялық, музейлік ісін қалай көрсету керек? Бұл – өте өзекті мәселе. Жәдігерді тауып музейге жеткенге дейінгі екі аралықта қаншама еңбек жатыр. Музей мәдениеті – ұлт мәдениетінің негізі қаланатын орын. Мәдениет – ұлт қауіпсіздігінің түп қазығы. Сондықтан да айтарым, мына үш мың жылдықта күшті ұлт болғымыз келсе, музейлерді сақтап, дамытуымыз керек. Музей – халықтың шамшырағы, рухани бұлағы, қара шаңырағы. Осыны көре білген Өзбекәлі ағаға тағзым! Сіздерге айтарым, тарихты ешқашан ұмытпайық, тарихты сақтайық! Ал, біздер, экскурсоводтар, өлеңін оқыған ақындар сияқты өз жерімізді сыйлаймыз. Құрметтейміз. Халыққа соны жеткіземіз».

«ТОРҒАЙ ЕЛІНДЕ ДЕ ӨЗБЕКӘЛІ АҒАМЫЗДЫҢ ІЗІ САЙРАП ЖАТЫР»

Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тоқтабай Ахмет Уәлиханұлы: «Қазақ мәдениетінің, тарихының үлкен тұлғасы Өзбекәлі Жәнібековпен менің бақытыма қарай 1977 жылдан 1983 жылға дейін алты жыл сол кісінің басшылығымен жұмыс істедім. Өткен уақытқа көз жіберіп, еске алсам, Өзекең бастаған істерге көмекші болып, сол кісінің айтқан істерін орындағаныма өзімді бақыттымын деп санаймын. 1977 жылы Өзекең Мәдениет министрінің орынбасары болып келгенде, Марат Қатайұлы, Серік Қадырғали үшеуміз үш том материалды жинап, Қ.А.Ясауи кесенесінің экспозициясын жасауға кірістік. Кейіннен сексенінші жылдардың кезінде мақала жинағы шығарылатын болып, сол кісінің ұсынысымен «Қ.А.Ясауи кесенесінің тарихнамасы» деп мақала жаздым. Сонда мен тоқсан үш әдебиетке сілтеме жасадым. Ол кісі оқып көріп, жақсы баға берген болатын. Алайда, ол мақала сол кезде жарық көрмей , «Қазақтың киелі жерлері» деген еңбегіме тікелей сол кісінің ұсынысымен жазған Қ.А.Ясауи туралы зерттеу мақаламды енгіздім. Музей ісін ол кісі министрліктен бастады. Министрлікте бүкіл Қазақстан бойынша музей ісі жөнінде бір ғана инспектор болатын. Музей бөлімін ашып, инспекторлар штатын бесеуге жеткізді.

Одан кейінгі жасаған қадамы, музейлердегі экспонаттардың сынғаны бүлінгені бар, соны қайтадан қалпына келтіретін шеберлерді жинап, «Казреставрация» мекемесін ашты. Бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінен экспонаттар келіп, Дәркембай Шоқпарұлы бастаған шеберлер қайтадан қалпына келтірді. Үшінші атап өтетін, маған тікелей тапсырған ісі Қазақстандағы тарихи-архитектуралық сәулет ескерткіштеріне қорғау тақтасын (охранная доска) қазақша-орысша жазуды тапсырды. Сонда ол кісінің алдына жұма күні, аптасына бір рет кіріп, қорғау тақталардың мәтіндерін тексертіп, өндіріске қол қойдыратынмын. Сол жылдары екі мыңдай қорғау мемориалдық тақталарын жасап шықтық. Оның бәрі гиро- алюминий металынан құйылды. Құю цехы ашылды «Казреставрация» жанынан. Өндіріске тікелей жіберіп, сонан соң облыстарға таратылатын. Тағы бір айта кетейін деген нәрсем, 1981 жылы Өзекеңе кіріп, Есмағамбет Ысмайылов, Сәбит Мұқановтың жазба деректеріндегі Абылайханның үйі, Қызылжардағы көзінің тірі кезінде салынған. Екінші Абылай алаңы, Көкшетау облысындағы Бурабай орамындағы. Осыған хат жазайық деген ұсынысымды білдіргенде, өте шапшаң қимылдап, тиісті жерлерге іссапармен жіберді. Зерттеу нәтижесінде дайындалып жатқан мемлекеттік тарихи ескерткіштердің тізіміне енгізетіндігін айтты. Мен барғанда Қызылжардағы Абылай ханның үйі әскери госпиталь екен. Соны суретке түсіріп, барлық схема-жоспарларын алып, жолда Көкшетауға соғып, Абылай алаңының да деректерін жинап, алып келдім.Сонда ол кісі осы екі ескерткіш туралы сөз болғанда «Абылайдың үйін музейге айналдыру керек» деп жоғары жақтарға хат жазып, әрекет жасағанмен, әскерилердің қолынан алу мүмкін болмады. Сол Өзекең бастаған іс тәуелсіздік алғаннан кейін жүзеге асып, Қызылжар қаласындағы «Абылайдың ақ үйі» музейге айналды ғой. Өзекеңнің көрегендігі сол айтайын дегенім. Екінші, жоғарыда айтқан «Абылай алаңы» «Ясная поляна» деп орысша аталатын. Осы туралы мен «Дүние жүзінде Ясная поляна біреу-ақ. Ол Л.Толстойдың Туладағы Ясная полянасы. Мына жерге өзінің тарихи атауын беру керек» – деп мақала жаздым. Міне, сол Өзекең бастаған «Ясная Поляна» қазір Абылай хан алаңы болып, ашық аспан астындағы музейге айналды. Айта берсек, Өзбекәлі Жәнібековтың халқымыздың ұлттық мұрасы жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. «Қазақтың киелі жерлері» деген кітабым да Өзекеңнің тапсырмасымен жазылған. Осында жоғарыда айтып өткенімдей, Қ.А.Ясауи кесенесінің тарихнамасы, сонан соң Өзекең армандаған, өзі бастаған Қызылжардағы музей сол заманда қалай зерттелді? Сондай-ақ, үш жүздің басын қосып, тарихи мәселелерді шешкен «Абылай алаңы» туралы мақалаларым бар кітапты «Әзіреті Сұлтан» музейінің директорына табыс етемін» – деген болатын ғалым ағамыз. Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешенінің басшысы Гүлбану Сәрсеке «Қазағым деп еңіреп өткен, елімнің тілі мен дінін, мәдениеті мен өркениетін әлемге танытам деген Өзағамның іздері сайрап жатыр. Осы елде туғанымен, осы елдің тумасымын деп айтқанымен Торғайдың түлеуіне өзіндік үлесін қосқан Өзағамызды ақындарымыздың сөзімен айтсақ «Қызғанбаңдар ақындар, Мақтауға оны хақым бар.Мен туған жер кәдімгі, Торғай деген аты бар» деп, Өзағамыз өркендетіп кеткен қарт Торғай елінде де Өзбекәлі ағамыздың ізі сайрап жатыр. Ол кісінің шалғайдағы қарт Торғай еліне еткен еңбегі мәңгі-бақи торғайлықтардың есінде қалады. Торғай облысы құрылған жетпісінші жылдардан бастап, орталығы Арқалық қаласы болса да, кешегі ақ патшаның тұсында Торғай облысының орталығы Торғай қаласы, қазіргі Жанкелдин ауданының Торғай ауылы болғанын барша жұрт жақсы біледі. Ол кісінің еткен еңбегін мынадан білуге болады. Кішкентай ғана Торғайда бес музей бар. Ол Торғай мұражайлар кешені деп аталады.Біздің рухы мықты Өзағамыздың елге келген кездегі екі Әліппенің атасы Торғай жерінде неге музей жоқ деп, алғашқы ұстаз, осыдан 160 жыл бұрын қазақ даласына мектеп ашқан Ыбырайдың мектебін қайта қалпына келтіріп, «Менің Отаным – Қазақстан» деп «Қазмузейреставрациясының» шеберханасына жасатқан керемет гобеленге Арқа даласының қарлығашы, он тоғыз жасар Ыбырайдың портретін салғызып, қазіргі таңда педагогикалық-мемориалдық музейі тұрғанын айтқым келеді. Мұны да 1988 жылы ашқан Өзбекәлі Жәнібеков «Ауыздарыңды үкіметке ашып, алақандарыңды жаймаңдар. Сендер ұлы тұлғаның ұрпақтарысыңдар» – деп, бес музейдің бәрі де халықтың қаржысымен салынған еді. Жәдігерлерді жинауда да үкіметтен бір тиын қаражат сұрамай, кешегі нарықтық қиын заманнан да өтіп кеткен осы Торғай мұражайлар кешені болатын. Ол кісі министр болып тұрған кезінде Қазақстанда теңдесі жоқ Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың әдеби музейін ашуға да ықпал еткен болатын. Сондықтан Қазақстандағы екі жүз сексеннен астам музейдің тең жартысына жуығында Өзағамыздың қолтаңбасының ізі бар болғандықтан, біз өз өлкеміздегі төрт музейдің экскурсиясын жасап, бесінші музейге келіп, ең соңғы нүктесін қойғанда «Осы Торғай мұражайлар кешенінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан кезінде екі-ақ министр халыққа қызмет атқарған. Торғай өңірінің перзенті Ілияс Омаров, екіншісі Түркістанның тумасы Өзбекәлі Жәнібеков» деп айтамыз. Сол себепті түркістандықтардың жаман болуға хақылары жоқ. Өзағаңның ұрпақтары әлемді білімімен тамсандыра берсін».

«БОЛАШАҚТА ӨЗБЕКӘЛІ АТАМЫЗДЫҢ ӨЗІНЕ АРНАЛҒАН МУЗЕЙ АШАМЫЗ»

Еліміздегі ерекше музейлердің бірі Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау- кен және балқыту ісі тарихи музейінің директоры Қазанбаева Зейпін Зікірқызы аталмыш музейдің дүниеге келуінде де Өзбекәлі Жәнібековтың қолтаңбасы жатқандығын толқи тұрып айтқан еді. «Түркістанға келген сайын жүрегіміз ауырады. Мына жерде музейтанушылар, тарихшылар, археологтар отыр. Қазақстанда Өзбекәлі ағамыздың қолы тиген, қаламы тиген, экспозициясын жасақтауға көмектескен музейлер кешегі 1990-2000 жылдардағы қиындықтардан аман өтті. Өзінің экспозициялық мазмұнын сақтады. Іс-әрекетін сол Өзбекәлі ағамыздың негіздеген тұрғысында сақтап қалды. Өткен кезеңге ойша талдау жасасақ, Өзағамыздың ықпалымен жасалған музейлердің барлығы сол аумалы-төкпелі кезеңді өте сауатты өткізді. Ештеңесін жоғалтқан жоқ. Тақырыптарынан айныған жоқ. Бір музей ғана он жылдан кейін басқа тақырыпқа кетіп жатты. Бірақ, Өзағаң ықпал жасаған музейлер әлі күнге сол тақырыптарды алып келе жатыр. Сол музейлердің бірі – Жезді кентіндегі тау-кен балқыту ісі тарихи музейі. Ол кісінің көрегендігі, қазақ мәдениеті, руханияты, этнографиясы, тұрмыс-салты, киім-кешегі, ішкен-жегені дейміз, оның бәрі мәдениет қой. Бірақ осының бәріне қазақ халқы әлемде ең бірінші металды игерген жұрт ретінде келді деген көзқарасты қалыптастырды. Музей 1988 жылы өз жұмысын бастады. 1994 жылы ресми ашылды. Бұл музейде Өзағамыз алғашқы ұйымдастыру жылдарында екі рет болды. Кейін жиырма бес жылдан кейін сол кездегі Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» деген үлкен концепция ұсынып, оның бірінші тарауы «Қазақстан – металлургия отаны» деп аталды. Сонда кейінгі саясаткерлер мен тарихшылардан 25-30 жыл бұрын Өзағамыз бұл тақырыптың біздікі екенін айтып қойған. Сіздерге сәттілік тілеймін. Сол кісі жаратылған топырақты басып жүрген, сол топырақта туған қазақ бақытты деп ойлаймын. Болашақта Өзбекәлі атамыздың өзіне арналған музей ашамыз деген жоспарлар бар. Ол музей «Қазақ кім? Қазақ қайтсе қазақ болып қалады?» деген екі сұраққа жауап беру керек сияқты. Ұлт ретінде. Солай болады деп те ойлаймын. Ол заман келеді әлі. Біздің жақта да Өзбекәлі ағамыздың бір бөлшегі өмір сүріп жатыр».

Көрменің экскурсиясын музей-қорықтың алғашқы экскурсоводы, ҚР Мәдениет қайраткері Рахия Сүлейменқызы Жүзбаева жүргізді.

«Түптің түбінде Өзбекәлі ағамызға, шын мәнісінде еш жерде кездеспейтін, бүкіл әлем келіп көретін музей ашу. Түпкі мақсат сол. Бұған дейінгі бүкіл жұмысымыз тәжірибе жинау, білімді толықтыру, сол музейге дайындық. Өзбекәлі ағамыздың көзін көргендер, бірге жұмыс істеген ардагерлер, бүгінгі күні жұмыс істеп жүрген қызметкерлер, бәрі де осы іске атсалысып, осы көрменің шын мәнісінде елге ұнауына өз үлестерін қосып жүр» – деп түйіндеді сөзін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи- мәдени музей қорығының директоры Мәулен Жарылқасынұлы Садықбеков.

Бүгінгі әңгіме Өзбекәлі Жәнібектің теңіздей терең тұңғиық шексіз әлемі туралы бір үзік сыр. Шағын ғана ауылдан шығып, тағдыр теперішін көрсе де мұқалмаған, қайта өткір алмастай қайрала түскен, адам таңғаларлық білім мен дарынды бір басына жиған Өзбекәлі Жәнібек ағамыздың жарқырайтын күні алда.

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы