Атом электр станциялары (АЭС) – әлемдегі қуат өндірудің маңызды көздерінің бірі. Қазіргі таңда 30-дан астам мемлекетте АЭС белсенді түрде жұмыс істеп, жаһандық электр энергиясының 10%-ға жуығын өндіреді. Әлем елдерінің бұл саладағы тәжірибесі, жетістіктері және туындаған қиындықтары АЭС технологияларының даму жолын көрсетеді. Сонымен, бүгін біз әлемдегі атом электр станциялары көп елдерге шолу жасап, олардың даму жолындағы түрлі мүмкіндіктеріне тереңрек үңіліп көрмекпіз.
ФРАНЦИЯ – ЯДРОЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКАДАҒЫ КӨШБАСШЫ МЕМЛЕКЕТ
Франция әлемде атом энергетикасын ең белсенді және тиімді пайдаланатын елдердің бірі. Елдегі электр энергиясының шамамен 70% атом электр станцияларынан алынады. Бұл процесс Францияны ядролық энергетика саласында көшбасшы болуға итермеледі. Бұл мемлекеттің жетістігі – ұзақ жылдар бойы жинақталған тәжірибе, үздік технологиялар және тұрақты энергетикалық саясат нәтижесі. Францияның ядролық энергетикаға деген қызығушылығы 1970 жылдардағы энергетикалық дағдарыс кезінде күшейе түсті. Сол кезеңде үкімет мұнай мен газға тәуелділікті азайту мақсатында атом энергетикасын дамытуға басымдық берді. Бұл стратегия елді сыртқы энергия көздерінен тәуелсіз етіп, электр энергиясын тұрақты әрі қолжетімді етті. Бүгінгі таңда Францияда 56 атом реакторы жұмыс істейді, бұл Еуропадағы ең үлкен АЭС желісі. Елдің энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуде атом электр станциялары маңызды рөл атқарады, әрі, олар елдің энергетикалық жүйесін тұрақты әрі сенімді етеді. Францияның ядролық энергетика саласындағы жетістігі тек қуат өндірумен шектелмейді. Ел атом технологияларын дамытуда, инновацияларды енгізуде көшбасшы болып табылады. Онымен қоса, Франция атом қалдықтарын қайта өңдеу технологияларын да дамытқан елдердің бірі. Атом энергиясы Францияның экономикалық дамуына да үлкен әсер етті. Бұл энергия көзі Францияны электр энергиясын экспорттайтын ірі елге айналдырды. Бүгінгі таңда, атом энергетикасы Франциядағы мыңдаған жұмыс орындарын қамтамасыз етіп, өнеркәсіп саласын дамытуға да үлес қосуда. Франция үкіметі мен атом энергиясын өндіретін компаниялар қауіпсіздікке аса мән береді. Франция атом энергетикасы саласында халықаралық аренада да белсенді қызмет етеді. Бұл ел көптеген мемлекеттерге АЭС салу мен технологияларын дамыту бойынша көмек көрсетіп келеді. Мысалы, француз компаниялары әлемнің әртүрлі елдерінде АЭС құрылысын жүргізуде. Францияның атом энергетикасындағы көшбасшылығы – бұл елдің энергия көздерін әртараптандырудағы тиімді саясатының нәтижесі. Озық технологиялар, жоғары қауіпсіздік стандарттары және тұрақты экономикалық үлес Францияны басты энергия көзіне айналдырды. Елдің бұл саладағы жетістігі атом энергиясын тиімді және экологиялық таза энергия көзі ретінде қолдануға болатынын дәлелдейді.
АҚШ – ИННОВАЦИЯЛАР ОРТАЛЫҒЫ
АҚШ-та 2024 жылғы мәліметтерге сәйкес, 92 жұмыс істеп тұрған атом электр станциясы бар. Бұл станциялар елдегі электр энергиясының шамамен 20%-ын өндіреді. Сонымен қатар, ядролық энергетика АҚШ-та парниктік газдар шығарындыларын азайтуға мүмкіндік беріп, климаттың өзгеруімен күрес жолындағы негізгі құрал ретінде саналады. Еуропа мен Азиядағы көптеген елдерде АЭС қауіпсіздік және шығын тұрғысынан сынға ұшыраған кезде, АҚШ ядролық энергетиканы дамытудың тұрақты әрі қауіпсіз үлгісін қалыптастырды. АҚШ инновациялар орталығы ретінде ядролық энергетиканың болашақтағы рөлін кеңейтуге бет бұрып отыр. Әсіресе, жасыл энергия көздерін дамыту, сутегі өндірісі және жаңа технологиялар саласында АҚШ ядролық технологияны жетілдіруді жалғастыруда. Атом энергетикасы тек энергия көзі ретінде ғана емес, сондай-ақ экологиялық тұрақтылық пен климаттық қауіптерді төмендетудің маңызды тетігі ретінде қарастырылуда. АҚШ-тағы атом электр стансалары – тек электр энергиясын өндіру құралы ғана емес, елдің инновациялық әлеуетінің айқын көрінісі. Экологиялық жауапкершілік пен қауіпсіздікке негізделген бұл сала әлемдегі ең тұрақты энергетикалық шешімдердің біріне айналып отыр.
ЖАПОНИЯНЫҢ ИННОВАЦИЯЛАР ӘЛЕМІНДЕГІ ҚАЙТА ӨРЛЕУІ
Жапонияда қазіргі уақытта 33 атом электр стансасы бар. Алайда, 2011 жылы болған Фукусима апатынан кейін олардың көпшілігі қауіпсіздік тексерулерінен өту үшін уақытша жабылды. Кейбіреулері қайта іске қосылды, бірақ үкімет тарапынан қатаң қауіпсіздік талаптары енгізілгендіктен, олардың барлығы бірдей жұмыс істеп тұрған жоқ. 2023 жылға қарай 10 реактор қайта іске қосылды, ал қалғандары тексеру мен жетілдіру кезеңінде тұр. Жапония үкіметі атом энергетикасын қайта жандандыруды көздеп отыр, себебі ол елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен көмірқышқыл шығарындыларын азайтуға маңызды рөл атқарады. Жалпы Жапония – әлемдегі жетекші технологиялық державалардың бірі, инновациялар мен жоғары технологиялар саласында алдыңғы қатарда келеді. Соңғы жылдары Жапония өзінің атом энергетикасына қайта оралып, инновациялар арқылы энергетикалық қауіпсіздігін нығайту жолында қадамдар жасауда. Жапония ресурстарға бай ел емес, сондықтан, ол өзінің энергетикалық қажеттіліктерін импорт арқылы жабады. Осыған байланысты елде энергияның қауіпсіз, тұрақты және экологиялық таза көздерін іздеу әрқашан өзекті болды. Көмірсутектерге тәуелділікті азайту мен климаттық өзгерістерге қарсы күрес аясында атом энергетикасы Жапонияның стратегиялық маңызды шешімдерінің бірі ретінде қайта қаралды. Фукусима апатынан кейін Жапония атом энергетикасының қауіпсіздік стандарттарын қайта қарап, жаңа инновациялық технологияларды енгізу арқылы қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай жақсартты. АЭС саласындағы қайта өрлеу Жапонияның ғылыми-техникалық әлеуетінің жоғары екендігін дәлелдеп қана қоймай, елдің жаһандық энергетикалық мәселелерді шешудегі көшбасшылығын айқындайды.
АЭС ОҢТҮСТІК КОРЕЯҒА ҚАНДАЙ МҮМКІНДІК БЕРДІ?
Оңтүстік Корея әлемдегі атом энергетикасы саласында жетекші орындардың бірін иеленетін елдердің қатарында. Бүгінгі таңда бұл елде 25 атом электр стансасы бар, олар жалпы электр қуатының шамамен 30%-ын өндіреді. Елде атом энергетикасының дамуы Кореяның энергетикалық қауіпсіздігіне, экономикалық дамуына, сондай-ақ, экологиялық тұрақтылыққа айтарлықтай оң әсерін тигізіп келеді. Оңтүстік Корея табиғи ресурстарға бай мемлекет емес. Көмір, газ және мұнайдың көп бөлігі импортталады. Сондықтан атом энергетикасы Оңтүстік Корея үшін энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құралына айналды. АЭС-тер елге тұрақты және сенімді энергия көзі болып табылады, бұл энергияның ішкі өндірісіне деген сенімді арттырады және шетелден жеткізілетін отынға тәуелділікті азайтады. АЭС-тердің экономикалық тиімділігі электр энергиясын төмен бағамен өндіру мүмкіндігін береді, бұл Оңтүстік Корея экономикасының өсуіне айтарлықтай үлес қосады. Оңтүстік Корея атом энергетикасын дамытуда алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану арқылы инновацияларды белсенді түрде жүзеге асыруда. Елдің ғалымдары мен инженерлері қауіпсіздікті арттыру үшін жаңа буындағы реакторларды жетілдіріп, заманауи технологияларды пайдалану арқылы АЭС тиімділігін арттыруда. Бұл тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де Оңтүстік Кореяның ядролық энергетика саласындағы беделін нығайтады. Бұл мемлекет атом энергетикасының арқасында энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиялық таза энергияны өндіруде де елеулі жетістіктерге жетіп отыр. АЭС көмегімен ел тұрақты, сенімді, экономикалық тиімді және экологиялық жауапты энергияны қамтамасыз етеді. Бұл Кореяның экономикалық өсуіне және жаһандық климаттың өзгеруімен күреске қосқан үлесін айқындайды.
ҚЫТАЙДЫҢ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫНДАҒЫ АМБИЦИЯСЫ
Қытай әлемдегі ең ірі энергия тұтынушы мемлекеттердің бірі ретінде өз энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізуге тырысып келеді. Осы мақсатта ел атом энергетикасына айрықша көңіл бөлуде. Бүгінгі таңда Қытай атом электр станцияларының құрылысы мен дамуы бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында тұр. Қазіргі таңда Қытайда 50-ден астам АЭС жұмыс істейді, алда тағы бірнешеуі жоспарланып, құрылысы жалғасуда. Бұл елдің атом энергетикасындағы амбициясы оның болашақ энергия саясатының негізгі бағыттарының бірі ретінде қалыптасуда. Қытайдың халық санының көбеюі мен экономикалық дамуы электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр. Елдің өнеркәсіптік өндірісі және урбанизация үрдісі энергия тұтыну көлемін жыл сайын ұлғайтуда. Осы өсіп келе жатқан қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін Қытай бірнеше энергия көздерін қолданады, оның ішінде көмірден, жаңартылатын энергия көздерінен және атом энергетикасынан алынатын қуат бар. Қытайдың атом энергетикасындағы тағы бір ерекшелігі – озық технологияларды қолдану және қауіпсіздік шараларына ерекше назар аудару. Соңғы жылдары Қытай өз инженерлерінің қатысуымен жаңа буынды реакторларды құруға үлкен күш салды. Бұл реакторлар энергия тиімділігін арттыруға, қауіпсіздікті жақсартуға және радиоактивті қалдықтарды азайтуға бағытталған. Қытайдағы атом энергетикасы саласында қауіпсіздік мәселелері басты назарда тұр. Фукусима апатынан кейін Қытай өзінің атом электр станцияларына қатысты талаптарды қатаңдатып, әрбір жаңа АЭС-ті салу кезінде қауіпсіздік стандарттарын жақсартты. Бұл елдің атом энергетикасын одан әрі дамытуға деген ұмтылысының жауапкершілікпен және қауіпсіздікпен жүзеге асырылатынын көрсетеді. Қытай атом энергетикасындағы амбициясы арқылы елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуді, экологиялық тұрақтылықты арттыруды және климаттық өзгерістермен күресуді көздеп отыр. Елдегі атом электр станцияларының санының өсуі Қытайдың ғаламдық энергетикалық көшбасшы ретіндегі рөлін нығайтып, болашақта тұрақты және қауіпсіз энергия өндірудің негізгі көздерінің біріне айналуына мүмкіндік береді.
ҮНДІСТАННЫҢ АЭС ТӘЖІРИБЕСІ
Үндістан өзінің энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін атом энергетикасын қарқынды дамытып келе жатқан елдердің бірі. Халық саны жағынан әлемде бірінші орынға көтерілген Үндістан алдағы онжылдықтарда энергияға деген сұранысты арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ бұл мемлекет әлемдегі ең ірі энергия тұтынушылардың бірі. Елдің экономикалық дамуы мен урбанизациясы энергия тұтынуды арттыра түсуде. Үндістанның энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін көмір, газ, жаңартылатын энергия көздері, сондай-ақ атом энергиясы қолданылады. Атом энергетикасы Үндістан үшін көмір мен қазбалы отындарға балама экологиялық таза және тиімді энергия көзі болып табылады. Қазіргі уақытта Үндістанда 22 жұмыс істейтін атом электр станциясы бар, олар жалпы 6,780 мегаватт энергия өндіреді. Бұл жалпы энергия өндірудің шамамен 3%-ын құрайды. Алайда, ел үкіметі атом энергетикасын дамытуды жалғастырып, 2032 жылға қарай бұл көрсеткішті 63,000 мегаваттқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Үндістан атом энергетикасы саласында әлемнің жетекші елдерімен ынтымақтастық орнатқан. Елдегі атом электр станциялары заманауи технологиялармен жабдықталған және халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келеді. Бұл ретте Үндістан ресейлік, француздық, америкалық компаниялармен серіктес болып, жаңа буын реакторларын енгізу мен қауіпсіздік шараларын күшейтуге ерекше көңіл бөледі. Демек, Үндістанның атом энергетикасындағы өсуі оның болашақ энергия саласындағы тұрақтылығы мен экологиялық жауапкершілігін арттырып, әлемдік аренадағы орнын нығайтатын маңызды фактор болып қала бермек.
Әлемдегі көптеген елдер атом энергетикасын өздерінің энергетикалық стратегияларының ажырамас бөлігі ретінде қарастырып келеді. Франция, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, және Үндістанның АЭС тәжірибесі осы технологияның артықшылықтарын көрсетеді. Жоғарыда біз тарқатқан мемлекеттердің АЭС тәжірибесі атом энергетикасының болашақта экологиялық таза әрі сенімді энергия көзі болатынын көрсетеді.
Ғалия БИСЕЙІТ.