Түркістандағы Райымбек Сейтметов сазды драма театрында «Жалғыз желкен» атты жаңа қойылымның премьерасы өтті.
Драматург Әлдихан Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» (Әкімнің туған күні) пьесасын Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры сахналады. Қойылымның басты кейіпкері Дүйсебаев Қасқабай Төреқұлович – облыс әкімі 49 жаста. Спектакльдің қоюшы-режиссері, театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер, мәдениет саласының үздігі – Наурызбаев Айдар Аманбайұлы.
Айта кетейік, премьераға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Тәжібаев Бейсенбай Дәулетұлы бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері мен театрсүйер көрермендер қатысты.
Спектакльдің көркемдік идеясы – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл пьесаны театрдың қоюдағы мақсаты, сахна арқылы қоғамда кең тараған парақорлықты, жемқорлықты көрсету, яғни қоғамға рухани ой салу арқылы жемқорлықтың тамырына балта шабу. Өз кезегінде театр әрқашанда қоғам ағымымен бірге ағып, қоғамда болып жатқан экономикалық немесе саяси, діни, әлеуметтік құбылыстарға өзіндік бағасын береді. Демек, бұл спектакльдің сахнаға шығуы заңды құбылыс.
Қойылымда басты ролдерде Жасұлан Тұрғанбаев, Бағлан Төлендиев, Мұрат Құрманбеков, Шәкен Амантуров, Айдар Наурызбаев, Рауан Шырынбеков, Талғат Қарынбаев, Бақдәулет Шаймахан, Қанат Садықбеков, Нұржан Изтаев, Жандос Маханов, Ғалымжан Жакипов, Ерқайрат Бимурзаев, Ғалымжан Бейсенбаев, Олжас Сарсенов, Дәурен Жанадилов секілді театр актерлары ойнады.
«Жалғыз желкен» драмалық спектаклін қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Атап айтсақ, қойылымның жарық жөніндегі суретшісі – Жанболат Рсимбетов, қоюшы суретші – Қанат Шериев, композиторы – Қанат Джумабаев, костюм жөніндегі суретші – Меруерт Сейсембекова, грим бойынша суретші – Қарлығаш Сапарханова, ал көркемдік жетекшісі – Айдар Наурызбаев.
Қойылым басталмастан бұрын премьера жайлы БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз маслихаты өтіп, бұқаларалық ақпарат құралдарына спектакльдің көркемдік идеясы баяндалды.
Айта кетейік, екі күнге жалғасқан қойылым барысында қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлықтың көрінісі кең көлемде суреттеліп, көрермендерге үлкен ой салды.