«БАБАЛАР РУХЫ ҮН ҚАТТЫ»

2 921 көрілім

Бүгін “Ақ жайық” музыкалық мектебінің ак залында қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан, “Тура биде туған жоқ”- деген турашылдығымен, әділдігімен үш бидің бірі болып тарихта қалған Әйтеке би Байбекұлының 380- жылдығына арналған ” Бабалар рухы үн қатты”  аймақтық әнші- термешілер байқауының шымылдығы түрілді. Жыл сайын қалалық деңгейде өткізіліп келе жатқан дәстүрлі байқау биыл аймақтық деңгейге көтеріліп, облысымыздың түкпір- түкпірінен, атап айтқанда,Созақ, Келес, Бәйдібек, Түлкібас , Шардара,Сауран  аудандарынан, Арыс, Кентау, Түркістан  қалаларынан үміткерлер қатысып, сынға түсті.

Тартысты өткен өнер байқауында 11-21, 22-35 жас аралығындағы екі буын, үлкен және кіші буын талапкерлері сахнаны ән- жырға бөлеген дүбірлі додада  өзара бақ сынасты. Бұл  өнер сайысының мақсаты халық арасынан шыққан жас таланттарды анықтап, дарынын әрі қарай дамыту, ұлттық өнер бұлағынан сусындату, кәсіби шеберлігін арттыру.

Сайыстың бекітілген шартына байланысты екі кезеңнен тұратын байқауда талапкерлер оңтүстік өңір термешілерінің екі шығармасын, бір дәстүрлі ән орындады.Өнер байқауына қатысқан он бес үміткердің әрқайсысының көпшілік назарына ұсынған шығармаларына үлкен жауапкершілікпен келгендігі байқалып тұрды. Сахнада өздерін ұстауы, сахна мәдениеті, ұлттық киім сәнділігі де олардың бұл байқауға тиянақты дайындалғандығынан хабардар етіп тұрғандай еді.

Сайыс басталар алдында толқып тұрған талапкерлермен сұхбаттасудың сәті түсті. Түлкібас ауданынан келген, бұрын да өзге өңірлерде өткен талай додаларда бақ сынап жүрген жас талапкер Арысбай Мұқасан өнерді қадір тұтқан отбасынан , бойындағы дарынды ұшқан ұядан сіңірген талапкер екен. Кентаулық Файзулла Әбдірахман  Майлықожа атамыздың термесін әкеліпті дүбірлі додаға.

Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы”Өнер” мектебінің ұстазы Оспанова Мақпал Байсейіт Жасия, Сұңқарқызы Зере, Дүйсенбай Қасиет есімді үш оқушысын байқауға әкеліпті. Бәрінің жүзінен толқу байқалады. “Бақ шаба ма, бап шаба ма”-, демекші, домбыра- баяндарының құлақ күйін келтіріп, жаттығып жүрген  жастарымыхдың жұлдызы жанғай!

Аймақтық байқауда Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, облыстық мәслихат депутаты, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков, Түркістан қалалық тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Динара Жіпсібаева  сөз сөйлеп , ауыздығымен алысып, бәйгеге шығуға асығып тұрған жүйріктерге сәттілік тіледі.

“Бабалар рухы үн қатты” аймақтық әнші- термешілер байқауына айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков,  Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Мұрат Жұманов, Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы  жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова сынды өнер әлемінің қыр- сырын меңгерген майталмандар қазылық етті.

“Ел іші- өнер кеніші”- дегендей, байқауға асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұнығын  әсем ән арқылы  керемет орындаумен жеткізген он бес үміткер қатысып, өнерлерін ортаға салды. Қуантатыны, аға ұрпақ салған халықтық өнер соқпағын, ұлттық өнердің гүл мәйегін жалғастыратын өскелең ұрпақтың өсіп келе жатқаны. Дәстүрлі өнерге деген құштарлықтың жыл өткен сайын артып келе жатқаны. Соның айқын дәлелі, бүгінгі аудандар мен қалалардан ұлттық өнеріміздің байрақты жарысына жас өскін жастарымыздың лайықты ән- термелермен келіп тамылжыта орындауы. Бұл орайда, үміткерлердің тіл тазалығы, тақырып таңдауы, аспапта және жанды дауыста орындау шеберліктеріне баса назар аударылды.Байқауға қатысушылардың талабы, дарыны, құштарлығы, бәрі- бәрі мөп- мөлдір болып, көзге көрініп тұрды. Дегенмен, сайыстың аты сайыс. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, кермеге озып келген дүлдүлдерге қомақты сыйлық берілді. Байқауға қатысқан барлық өнерпаздарға да сый- сыяпат көрсетілді. Түркістан қалалық  әкімшілігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің “Алғыс хаттары” , арнайы сыйлықтары табыс етілді. Киелі Түркістан төрінде. бабалар рухы үн қатып қана қойған жоқ, дәстүрлі ән бесігінде  тербелді.Ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді насихаттауға арналған байқау өз мақсатына жетті. Шоқтығы биік өнердің мәні де, мағынасы да осы өміршеңдігінде, ұрпақтан  ұрпаққа жалғастығында. Қазақ халқының тарихында айшықты аты қалған үш бидің бірі- Әйтеке би Байбекұлының 380- жылдығына арналған “Бабалар рухы үн қатты” аймақтық байқауын халықтық өнер саласында жауқазындай ашылып келе жатқан талапкерлерді өнер биігіне бастаған жарқын жол деп бағалады жиналған қауым. Жұлдыздарың жана берсін, жас таланттар!

Байқау қорытындысында бас жүлдені үлкен топтан Әріпбаева Динара, бірінші орынды Жайылхан Талғат қанжығасына байлады. Екінші және үшінші  орындардыТемірбаева Ұлжалғас, Ақансері Маханов, Мамыр Бекзат,  Файзулла Әбдірахман, Құтымбай Іңкәр еншіледі. Кіші топтан бас жүлде Арысбай Мұқасанға, бірінші орын Садвақас Ұланға бұйырды.Байсейіт Жасия және Марат Ханшайым- екінші орынды иемденсе, үшінші орынды Сұңқарқызы Зере, Дүйсенбай Қасиет, Бектібай Асан қанжығасына байлады.

Роза НАРЫМБЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы