КӨНЕНІҢ КӨЗІ

1  814 көрілім

Бұрынғы қазақтың өмірі өнер де, өнері өмір деуге әбден негіз бар. Үй-жай салу, киім-кешек тігу, азық-түлік өндіру күнбе-күнгі тіршілігінің кәсібі болғанымен оларда добалай салмай өнер туындысы дәрежесінде әдемілеп жасап, сән-салтанатпен дәурен кешті. Әсіресеағаш ұсташылық өнер көшпенді қазақ тұрмысындағы басты өнер саналады. Күнделікті тұтынатын ас-су жабдықтарынан тартып, үйдің түгел мүкәмалдары басындағы үйдің сүйегі де осы шебердің қолынан шығады

Бетон үйде отырып адамдар машинаның қолымен істелген бұйымдарды тұтынатын бүгінгі таңда қолөнер де, шебер де қасқалдақтың қанындай қат боп кетті. Ағаштан түйін түйетін шебер ұста Пахриддин ағамыз ата өнерді өміріне балап оған деген жүрегінің қызуын қолында жасап отырған бұйымына сіңірген, мәдениеттің үнсіз-түнсіз жалғаушысы боп отырған жан. 

      Қазақ халқы қоныстанған өңірден табылған қазындыларға және ежелгі елді мекендердің тау-тасына түскен таңбаларға негізделгенде қазақтың қолөнер тарихы тым арыдан басталғандығын көреміз. Сонау қадым заманның өзінде халқымыз қазақ үй және оның жиһаздарын, ас-ішетін ыдыстарын, киім-кешек, ертұрман, әбзелдерін тамаша әшекеймен өрнектеп таңғаларлықтай нақыштап бүгінгі ұрпақтарға асыл мұра ретінде қалдырып отыр. Сол көнекөз бұйымдар ағаштан түйін түйіп, өрім өрген небір хикмет шеберлердің дүниеден өткендігін айғақтайды. Ал жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанған заманда бабалар мұрасын қымбатқа бағалап, ұлттық құндылық ретінде қадірлейтін, жаңалап жаңғыртып ұрпақтан-ұрпаққа жалғауға құлықты кісілердің болуы қуанарлық жайт. Әйтсе біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы ұлттық қолөнерді саусағында сақтаған жандардың бірі Түркістан қаласының тұрғыны ағаштан түйін түйген шебер Пахриддин Садықов есімді ағамыз. Ағашұсташылық өнері ата кәсібім” – дейді ол кісіасқар тау әкесін есіне ала отырып. 

        Он саусағынан өнер тамған осынау шебер ұлтымыздың бұрынғы тұрмыс-тіршілігінде тұтынған өзіне ғана тән орны бөлек оюлы ағаш ыдыстарымен, бесік, үй ағаш, шаңырақ, төсек және әралуан қолөнер бұйымдарын көркем де әрлі етіп жасап, бекзаттық мәдени мұрамызға мұрагер боп келеді. Ақкөңіл, ашық жарқын азамат екінің біріне қона бермейтін ағашшылық өнерінің қыр-сырын, материалдық ағаш таңдаудағы ырым-тыйымдарға дейін жақсы біледі екен. 

       Ағаштан гүл шығаратын хас шебер 130 түрлі ағашшылық бұйымдарын жасапты. 9 жастан бастап қолына балға ұстап,  ағаштан алуан бұйым жасап жүрген бала шебер, сынған төсектің бір бұтын айнытпай жасап әкесін таңғалдырған екен. Содан бастап шеберлігін шыңдай түскен ағамыз жаңалық жаратудан жалықпапты. Міне осылайша талапты ерге нұр жауып бүгінгі күні осы өнердің қыр-сырына қанық майталманға айналған жайы бар. 

     Ағаштан түйін түйіп ою ойған қазақ шеберлерінің қолөнер туындыларындағы ең басты құндылық ою-өрнек үлгілерін қолдану арқылы сол туындыларында көшпенділер өмір тірлігінің мәнін, қазақ мәдениетін бейнелеу болды. Шеберлер кейде төсек пен есік, жүк аяқтарды, ағаш ердің алдыңғы бетін сүйекпен қаптап та өрнектейді. Сонымен бұрыңғы замандарда сүйекші шеберлердің еңбегі өте жоғары бағаланған. Сондықтан да сүйекпен ойыстырылған әдемі жиһаздар көбіне дәулетті адамдардың төріне көрік берген. Шебердің шебері болған Пахриддин ағамыз қазақтың әлемін бейнелейтін ерекше туындысынтаныстырып өтті. 

Туындының басы ертүріктің бесігі екі дүниенің есігі атанған, қазақ хандары мен билерінің қабірі жатқан Ясауи бабамыздың кесенесінен басталып, күллі әлемді бойына сыйдырған Қорқыт атамыздың қара қобызы кесенемен қоса Қорқыттың музасын, Асан қайғының желмаясын,дөңгелеген дүниені бейнелеген арбаның дөңгелегімен қазақтың қара шаңырағын бойына сыйдырып тұр. Қобыздың оң жақ бұтқа қысарына қағылған үш шеге Төле би, Әйтеке би, Қазыбек биді бейнелесе, сол жағына қағылған төрт шеге төрт түліктің атасы ойсылқара, зеңгі баба, қамбар ата, шопан атаны білдіріп, екеуінің қосындысы жеті атаны яғни, ата, бала, немере, шөбере, шөпшек, туажат, неменені айтып тұрғандай.Қобыздың астына атан түйенің басын, қазақтың қошқармүйіз оюын, томашадан ортасын ойып жасаған құрсаққа жеті асықты қағып, құрсақты томағаға мықтап құрсаулап отырғызып тастапты. Құрсаққа көз салып, жеті асықты алшысынан ойып кіргізген ағамыз “ұлтымның асығы алшысынан тұрсын” деген ниетпен әшекейлегенін айтты. 

“ Құрметің сәулетің, еңбегің дәулетің” демекші өнерді ардақтаған шеберді өнері де жерде қалдырмапты. Өз тіршілігі өзінде. Кей уақытта тапсырыстарды уағында орындау үшін күнде онсегіз сағат, кейде екі тәулік өзінің қарапайым шеберханасында өткізетін кездеріде болады екен.Қыруар пайдаға кенелмегенімен, өз өмірінің мақсатын айқындап алған дархан көңілімен шебердің өзі жасаған бұйымдарын саудаға салғанынан сыйға тартқаны көбірек. Шебердің ендігі мақсаты атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі демекші ұлын өнеріне мұрагер ету. Осы бағытта жұмыс ауқымын кеңейтіп, осы өнердің тізгінін ұстаймын деушілер болса шәкірт ретінде тәрбиелеу екен. Иә, ұлттық нақыштарымыз таңбаланған тұрмыстық заттар әр үйді жайнатып тұрса, қолөнеріміздің ұрпақтан-ұрпаққа жетері даусыз. Өнерге мұрагер болар ұрпақ көбейсе!

                                                                                 Айдын Әкбарханұлы , 3 курс студенті

                                                                                  Түркістан қаласы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы