Ән айтсам қанатым ашылардай…

114 көрілім

Жаныңды жадыратар әндерді, әуезді дауысты тыңдаған кездер ешқашан естен кетпейді. Өйткені ән де, әнші де рухани қазына іспеттес. Жүректен орын алған осындай әндердің бірі – жас дарын Мейрімханның орындауындағы «Молдабай» әні болатын. Қызықтым, сұрадым, өз өмірдерегін әңгімелеп беруге шақырдым. Әнге деген қызығушылығы ерте ашылған жас әнші қазір белгілі өнер иесіне айналған. Ағылшын сабағына дайындықсыз барып, санасында жатталған әнді орындауы оның бойындағы таланты танытқан екен. Мұны байқаған ұстазы жас жеткіншектің жарқын болашағына мол ықпал жасапты. Өнер жолына осылай келген әнші бастапқыда мектеп сахнасында өнер көрсетсе, бүгінде үлкен сахналардың төрінде жүр.

Өнер жолына түскен Мейрімхан Руны қаласындағы музыкалық колледжде «дәстүрлі ән» мамандығын меңгерген. Студент кезінде-ақ Молдағали Талғат есімді ұстазының етегінен ұстап алып, Мәскеу, Украина, Челябинск, Ақтөбе, Астана, Алматы және т.б. қалаларда өткен халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы атанған. Мәскеу қаласындағы халықаралық «Роза ветров», Челябенсктегі «Звездный колидоскоп» және Қостанай қаласындағы халықаралық «Алтын микрафон» байқауларының шыңын бағындырған.

Білім жолы Алматы қаласындағы Жүргенов атындағы өнер академиясында «Эстрада вокал» мамандығында жалғасқан. Халық әртісі Нағима Есқалиеваның тәлім-тәрбиесін бойына сіңірген дарын иесі 2021 жылғы «Х фарктор» жобасының финалисі атанған. Одан бөлек, Белоруссиядағы «Арт парад» фестивалінде топ жарған.

Ал Түркістанға алғаш келуі көңіліне жылу салып, көркем шаһарға деген махаббаты арта түсіпті. Тіпті, «Конгресс холл» көпсалалы кешенін көргенде «Бір күні мен саған келемін, сенің есігің маған ашылады» деп ниет етіп кеткен көрінеді. Қазіргі уақытта сол арманы орындалып, жаңадан құрылған «Jana lep» ұжымының белді мүшесі атанып жүр. Құр жүрген жоқ, бұйырған додалардан топ жарып жүр. Мәселен, күні кеше Болгария еліндегі сайыста Қазақ елінің намысын қорғап, бірінші орынды иеленіп келді.

– Ән айтсам қанатым кеңге жайылғандай болады. Ешқандай уайым-қайғы мазаламайды. Ал сахнада өзімді бақытты сезінемін. Әндердің ішіндегі жаныма жақыны – Шығыс елдерінің шығармалары. Қазіргі жоспарларымның бірі – ерекше бір ән жазу. Осы күнге дейін жазған әндерім бар. Алайда, бұл жолы ел аузында жүретін әнді дүниеге әкелу қажет, – деді ол сөз соңында.

Жұлдыз ШАЛХАРБЕК,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 3-курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы