«АР МА!» ДЕГЕН ӘЛГЕ ҚУАТ, АҒАЙЫН!

454 көрілім

Ежелден қазақ халқы бір-бірімен: «Мал-жан аман ба?» – деп жөн сұрасқан. Бұл төрт түлік малдың «ит-құстан», тағы басқа да келеңсіздіктен амандығын, ауыл-аймақтың тыныш тіршілігін білдірген. Сол айтқандай су басқан елдегі ағайынның жағдайы жанға батып отыр. «Бас аман болсын» – десек те, өмір сүруге керек баспана мен мал-мүліктің де алар орны бар. Тұтас ауылдар суға кетіп жатыр. Бұл қияметті сөзбен айтып жеткізу қиын. Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжан Мұстафаева да редакциямызға жолдаған хатында:

– Талай қиын-қыстау замандарды бастан өткіздік. Қиындықты бірге жеңе білдік. Іргесі берік елміз. Мемлекет те, жалпы халық та апаттың зардабын жоюға күш салып жатыр. Алла жазса, бұл күндер де өтер. Өзі де сабырлы халқыма сабыр тілеймін, – деп жазыпты.

Аналардың ақ тілегін, жанашыр жүрегінің лүпілін білдірген хаттар бір бұл емес. Халқының тағдырына алаңдаған ақын қыз Айгерім Жұмабаева да:

– Не болды мына заманым,

Өмірі қымбат адамның.

Табиғатыма алаңмын,

Қаһарына ұшырады,

Жазиралы даламның, – деп табиғи апаттың себеп-салдарына ойша шолу жасайды, дәрменсіздігіне мұңаяды.

Бір сөзбен айтқанда, еліміздегі орын алған тасқын су ешкімді де бейжай қалдырып жатқан жоқ. Бұл да болса дәтке қуат! Еліміздің қаншама аймағын жайлаған су тасқыны барша жұртты есеңгіретіп кетті. Әп-сәтте, көзді ашып-жұмғанша өмір бойы жиған бүкіл дүние-мүлкінен айырылып, баспанасыз, лыпасыз қарғын судың астында қалған ауылдардың мүшкіл жағдайы барша жұрттың қабырғасына батып отыр. Қаншалық сабырға шақырғанмен, жағдайдың орнына келуі оңай емес. Халықтың халықтығы, елдің елдігі айқындалатын сын сағаттар өтіп жатыр басымыздан. Айтып келмейтін апаттан зардап шеккен отандастарымыздың телеарналардан көрсетіліп жатқан жағдайын тұла бойың шымырламай көру мүмкін емес. Өзгесін былай қойғанда, оларды апатты аймақтан алып шығудың өзі үлкен қиындық келтіруде. Маялаған шөптің үстінде төрт күн нәр татпай, сусыз-күйсіз паналаған жеті адамды аман алып шыққан төтеншелік азаматтарға рахмет. Ойыл да, Есіл де, Жайық та әлі буырқанып жатыр. Ел тілегі – ел үстінде. Атыңнан айналайын, қасиетті халқым, ауызбіршілік танытып, қолдан келген көмегін беруде. Осы жұдырықтай жұмылған халықтың ішінде тілегі бір түркістандықтар да апатты аймақтарға қолдарынан келгенше қайырымдылық көмегін жөнелтуде. Әрине, бұл жәрдем теңізге тамған тамшы секілді. Дегенмен, көп түкірсе – көл. Қиналған сәтте көмектің үлкен-кішісі жоқ.

Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Пердебек Сержанұлы апатты аймақтарға жіберіліп жатқан гуманитарлық көмектердің жайына тоқталды:

– Бірінші көмегімізді Ақтөбеге жібердік. Бір топ еріктілеріміз 27-наурыздан бастап сол жақта жүр. Бізге ол жақтағы жағдайды әлсін-әлсін баяндап жатыр. Біз алғашқы көмекті наурыздың 28-не жібердік. 29-наурыз күні Сайрам ауданынан алты тонна азық-түлік, басқа да гигиеналық заттар екі «Газель» автокөлігімен келді. Жалпы Түркістан облысынан отыз тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Осы жағдайлардың бәрін есітіп, көптеген мекемелер бейжай қарамай «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ұйымшылдық танытуда. Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиалының қызметкерлері келіп, екі тоннадай ұн, макарон, май, гигиеналық заттар және 50 дана су жаңа, киілмеген резеңке етік, суға киетін аяқ киімдер, одан да басқа түрлі заттар әкелді, – дейді Пердебек Есқұлов.

Айтса айтқандай, Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен еріктілер орталыққа келіп жатқан жүктерді көз ілеспес жылдамдықпен түсіріп-тиеп, жұмыс істеп жатыр екен. Олардың іс-қимыл әрекетінен күш-қайратты қажет ететін қара жұмысты шын жүрекпен атқарып жатқандығы сыртынан қараған адамға да сезіліп тұрды. Бұдан бөлек, аудан, қалаларда да жастар ресурстық орталығының қызметкерлері штаб құрып, жұмыс атқарып жатса керек. Осындай сын сағатта жерлестеріміздің елдегі жағдайды жан-тәнімен сезініп, әркім өз қал-қадерінше, шамасы келген жұмыспен болса да көмек қолын созғанына қалайша сүйсінбессіз! Иә, біздің күшіміз бірлікте! Көп болып біріксек, алмайтын қамал, аспайтын асу жоқ.

Роза НАРЫМБЕТОВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы