БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР БАСТАЛДЫ

5 766 көрілім

Түркістанда Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің алғашқы иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жастар арасындағы XXII Халықаралық турнирі бастау алды. Дәстүрлі додаға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген 220-ға жуық спортшы 19 салмақ дәрежесінде сынға түседі.

Сайыстың ашылу салтанатында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттарханова құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Елдің атын шығарған ердің есімі жаңғырып, жыл сайын турнир өтіп жатқандығына ана жүрегіммен қуаныштымын. Шын мықтыға тұсау жоқ. Күллі қазақтың даңқын 20 жасында әлемге танытқан Бекзаттың спорттағы даңғыл жолы боксшыларымызға жұғысты болсын. Жарысты Халықаралық деңгейде ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған облыс әкімдігіне, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мектебінің ұжымына алғысым шексіз», – деді Сырлыкүл Адырбекқызы.

Сайыс соңында үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаз спортшыларға белбеу, медаль және диплом табыс етіледі. Дүбірлі дода 4 сәуірге дейін жалғасады. Айта кетейік, облыс бойынша 39 спорт мекемеде 6200-ден астам спортшы бокспен шұғылданса, 270 жаттықтырушы боксшыларды баптауда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы