Биылдан бастап елімізде Наурыз мейрамы жаңа форматта тойланады. Жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өтетін Наурызнама онкүндігін жариялаған болатын. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға бағытталып отыр. Сондай-ақ, әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие болмақ. Сонымен, аталған бағдарламасы бойынша 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Ұлттық стиль – ұлттық мінез пен ұлт бірлігін айшықтай отырып, ел мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Қазіргі таңда қазақтың сан ғасырлық тарихы бар ұлттық киімдерін заманға сай көркемдеп, күнделікті гардеробымызды ұлттық үлгідегі киімдермен толтыру үрдіске айналып келеді.
Наурызнаманың онкүндігі аясында 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Қазақстан халқының Ұлттық киімдерін кеңінен дәріптеу мақсатында челлендж бастады. Қазақтың ұлттық киімі – бұл халықтың мәдениеті мен тарихы, оның дәстүрі мен өмір салты. Ол ұлттың жарқын «индикаторы» ретінде өткеннің мәдени-рухани мұрасын сақтауға көмектеседі.