Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерін біржола тастап шыққанына 35 жыл толып отыр. Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлер мен боздақтардың ерлігі әлі күнге дейін ел жадынан өшкен емес. Ауған соғысының еліміз үшін орны толмас қайғы-қасірет келтіргені, уақыт өтсе де ерлік ескірмей, оларға тағзым ету болашақ ұрпақтың еншісіндегі игілікті іс екені баршаға аян. Отқа оранған он жыл тарих бетінде қайғылы күндер бедерлеген еді.
Қазіргі таңда ауған соғысының ардагерлері шаһардағы саяси, рухани, әлеуметтік, мәдени іс-шараларға белсене атсалысып, қаланың дамуына бастамалар көтеріп, қала әкімдігімен, басқа да құрылым, қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс жасап келеді. Мәселен, қала тұрғындары да оларға үлкен құрмет көрсетіп, оқу орындары мен білім ордаларында кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Өскелең ұрпақтың өмірі бейбіт те тыныш, жарқын да жасампаз болуын тілейтін ағаларымыздың ерлігі мен тәлімі әрдайым үлгі. Бүгінде отыз бес жыл бұрын от кешкен ағаларымыз ортамызда бар. Сол санаулы ағаларымыздың бірі – Ерметов Сайдалы Даданұлы. Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының «Түркістан қалалық мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ауған соғысында от кешкен, рухы мығым жігері бекем ардагермен кездесу өтті. Басқосуды Түркістан қалалық мемлекеттік архивінің бас қор сақтаушысы Айжан Алмаханова ашып беріп, ардагер ағамыз Сейдалы Ерметов өзінің өмір жолы мен майдан даласындағы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, Ауған соғысына қатысқан отты жылдарды көзбен көрген ағамыздың жеке тектік құжаты архивіміздің қорларына сақталу жоспарланды.
Айта кетейік, Ауғанстан жеріне 22 мың отандасымыз аттанып, соғыста 761 жауынгер қаза тауып, 21-і хабар-ошарсыз кеткен еді. Ал туған елге қайтқан азаматтардың шамамен үштен бірі мүгедек. Түркістан қаласы бойынша 250-ге жуық жауынгер аттанып, оның 10-ы шейіт болған. 1 адам із-түссіз жоғалып кеткен.
Келер ұрпаққа, Отанына шексіз берілген патриоттық рухы жоғары, ержүрек ел азаматтарын тәрбиелеуден бастау алатын Ауған соғысына қатысқан, сонау отты жылдарды көзбен көрген ағаларымыздың жеке тектік құжаттары тарих қойнауында, архив қорларында сақталуда. Бүгінде өзімізбен бірге еліміздің өркендеуіне атсалысып жүрген ауғандық ардагер жауынгерлерді қадірлеп-құрметтеу – біздің борышымыз. Біз өз кезегімізде мұндай іс-шаралардың келер жылы да жалғасын тауып, мұрағаттардағы Ауған ардагерлерінің өмірі мен ерліктері жайлы құжаттардың кеңінен насихатталуына сенім білдіреміз.
Ақерке СЕРІКБАЙҚЫЗЫ,
Түркістан қалалық мемлекеттік архивінің архивисті.