Қала әкімдігінде 16-желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні аясында мерекелік жиын өтті. Егемендіктің жиырма сегіз жылдығы қарсаңында қала басшысы жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, облыс орталығының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандары мен қоғам белсенділерін, әкімдік қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады.

«Еліміздің Тәуелсіздігі баянды болсын! Ата-бабаларымыздың асқақ арманының орындалған күнімен шын жүректен құттықтаймын. Азаттықтың таңы атуы жолында еңбек сіңірген желтоқсаншылар мен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа алғысымды айтамын. Мызғымас бірлігіміз бен бейбіт заманымызды келер ұрпаққа аманаттау біздің парызымыз деп білемін. Тарихы терең шаһарымыз әлемдік деңгейге жетіп, дүние жүзінің халқы таныған қалаға айнала берсін. Түркістандықтарға мол табыс, отбасылырына амандық тілеймін»,-деді Рашид Абатұлы.

Келесі кезекте сөз алған қалалық мәслихат хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев: «Ұлық мереке құтты болсын. Мәңгілік елдің егемендігі жасасын. Аспанымыз әрдайым ашық, заманымыз тыныш болғай. Шуақты күндердің бақытына бөлене берейік» – деген ақжарма тілегін арнады.

Айтулы күннің құрметіне орай марапатқа ие болғандар қатарында «Түркістан» газетінің белді қызметкерлері, фототілші Антон Лещенко, тілші Орынбек Қасымбеков пен Жанерке Жарылқасын әріптестеріміз де бар. Мерейлі мереке ұлықталған күнде алқалы жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері көтеріңкі көңіл күйде естелік суретке түсті.

Жаңа тимбилдинг форматындағы ерекше басқосуда – достық қатынасты нығайту бағытына баса мән берілген. Шаһар басшысының сөзінше, кездесудің негізгі мақсаты орындалды. Дәлірек айтқанда, қонақтар арнайы дайындалған фуршеттен дәм татып, емен-жарқын тілдесті. Жарқын жүздесу облыс орталығы тұрғындарының ынтымақтастығын арттыруға өз септігін тигізгені анық.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».