БАЛАЛАР ШАТТАНҒАН ШУАҚТЫ КҮН

390 көрілім

Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Атадан балаға мұра болып келе жатқан тәлім мен тәрбиенің айқын көрінісі жас ұрпақтың бойына сіңіре білген тәрбиесінде екені айдан анық. Сөзімізге дәлел айналасындағы адамдарға жақсылық жасаумен жарысып жүрген Әсел Бимырзаеваның «Армандар орындалады» жобасы екені де мәлім.

Бабалар дәстүрінің жалғасы ретінде қоғамға өлшеусіз үлес қосып жатқан бұл жоба күні кеше 20-шы рет өтті. Сондай-ақ, ерекше балаларға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Бақытжанұлының арнайы алғыс хаттары табысталды.

Алғашында қала көлемінде басталған «Армандар орындалады» жобасы бүгінде облыс көлемінде жалғасын тауып, Шымкент қаласы, Ордабасы ауданы мен Кентау қалаларынан келген ерекше балалардың қатысуымен өтті. Жоба авторы Әсел Бимырзаеваның айтуынша, 20-шы рет ұйымдастырылған жоба барысында 370 баланың арман-тілегі орындалған. Атаулы жоба аясында ерекше балаларға арнап қалалық мәдениет үйінің жас әншілері әсем әннен шашу шашып, келген көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аталмыш жоба осыған дейін қаламызда еңбек етіп жүрген азаматтарға балалардың арманы жазылған хаттар арқылы жететін. Ал бұл жолы жобаның мәні мүлдем бөлек болды. Ерекшелігі неде дейсіз ғой. Бұл жолы арманы жазылған әр бүлдіршіннің хатын бір адам ғана ашып, сол армандап жүрген дүниелерін өз қаражатынан алып берді. Бұл соңы емес. Бұған дейін де бірнеше баланың арманын орындап, көптеген отбасыға қуаныш сыйлап жүрген «Ырысты» қоғамдық-қайырымдылық қорының төрайымы Рысбала Икрамбай қайырымдылыққа демеушілік жасап, елдің батасы мен алғысын алып жүрген азаматшамыз. Міне, елі үшін ерлік жасап жүрген осындай жастарымызды жақыннан танығанда атадан қалған тәрбиелі сөздердің дәлелі екеніне көзіміз жетеді.

Қамқорлыққа зәру жандардың қамқоршысы болып, жан жадыратар жылы сөз, жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсетіп жүрген жомарт жандар қатары көбейе берсе екен дейміз.

Ержан СМАҒҰЛ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы