«БАСТЫ МАҚСАТ – КӘСІБИ МАМАН ДАЯРЛАУ»

542 көрілім

Түркістан жоғары медицина колледжі қаламызда ғана емес, өңірде орта буын медицина қызметкерлерін даярлауда көп жылдардан бері халыққа қызмет жасап келе жатқан іргелі оқу орындарының бірі. Осы ретте колледждің тыныс-тіршілігі туралы сөз етуді жөн көрдік.

«Колледждің алға қойған мақсаты – кәсіби білімді маман даярлау. Қазіргі таңда колледжде денсаулық сақтау саласының 6 мамандығының 8 біліктілігі бойынша 2710 студент білім алуда. Колледжде жоғары білікті, студенттерге білім беруді мақсат еткен 190 оқытушы қызмет атқаруда. Олардың сапалы құрамын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде 2023 жылы педагог-модератор – 31, педагог-сарапшы – 11, педагог-зерттеуші – 6 және педагог-шебер дәрежедегі 6 оқытушымен толықты.

2023 жылы мемлекеттік аттестациялық комиссия колледждің соңғы 3 жылдағы атқарған жұмысын 22 критерий бойынша жан-жақты саралап жеткен жетістіктеріне үздік деген баға беріп аттестациялады.

Колледж бітірушілерінің кәсіби құзыреттілігі Ұлттық тәуелсіз тесттілеу орталығы бағалауының қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Соңғы мәлімет бойынша Республикадағы 92 медициналық колледждер арасында Түркістан жоғары медицина колледжі бітірушілерінің білімі мен біліктілігі II орынды көрсетті», – дейді бізбен әңгімесінде оқу орнының басшысы Ғ.Бимурзаев. Бұл расында, жұртшылыққа ұялмай айта алатындай жағымды жаңалық екен.

Колледж әкімшілігі оқытушылардың білімін, біліктілігін арттыру және кәсіби шеберлігін жетілдіруді ұдайы басты назарға алып, оны оң шешуге ықпал жасап келеді. Осы мақсаттта өткен жылы оқу орнының әкімшілігі 62 арнайы оқытушылары мен жалпы білім беру пәндерінің 41 оқытушысын Назарбаев зияткерлік мектебінің жанындағы педагогикалық шеберлік орталығында және «Талап» КЕААҚ тарапынан «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтуін қамтамасыз еткен.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ДАМУДА

«Түркістан жоғары медицина колледжі үшін 2023 жылы табысты жыл болды десек артық айтқандық емес. Колледждің заманауи материалдық-техникалық базасы, цифрлық инфрақұрылымы айтарлықтай дамыды. Жаңа дизайндағы, заманауи жиһаздармен жабдықталған конференц-залы, оқу-әдістемелік орталығы, кітпахана, оқу залы іске қосылды. 3D форматтағы науқастың клиникасын анықтайтын ақпараттық-бағдарламалық кешен алынып, оқу процесіне қолданысқа берілді. Студенттердің клиникалық дағдыларын бағалау мақсатында объективті құрастырылған клиникалық емтихан орталығы жаңа бейнежазба жүйесімен және бағалаудың жаңа компьютерлік бағдарламасымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, колледжің фойесі күрделі жөндеуден өтіп, жаңа дизайндағы үлгімен безендірілді. Оқу барысында колледж аумағында студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша 12 бейнекамера орнатылды», – дейді колледж директоры.

Оқу орнының техникалық базасын жаңартуда ілгерілеушілік бар. ҚР үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №249 қаулысы негізінде «ҚР орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында колледжде оқытудың мультимедиалық және интерактивті құралдары жаңартылып, оқу контенті сандық форматта ұсынылуда. Бұл ретте, оқу үрдісін геймификациялау, электронды оқулықтар мен білім беру сайттарын қолдану тәсілдері, студенттердің білімдер мен дағдыларын электронды тәсілдермен бақылап-бағалау бойынша педагогикалық оқулар, вебинарлар, мастер-кластар ұйымдастырылып жатыр. Колледждің арнайы пән оқытушылары осы бағытта республикаға озық тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру сапасын арттыруға мән беріліп келеді.

БІЛІМДІ МЫҢДЫ ЖЫҒАР

«2023 жылдың желтоқсан айында жоғары медицина колледжінде республикалық колледждар арасында өткен сайыста арнайы пән оқытушысы Аймира Булатқызы І орынды иеленіп, «ҚР медицина колледждерінің үздік оқытушысы» атағына ие болды.

Колледжде пәндік олимпиадалар, студенттік зерттеу жұмыстары конкурсын өткізуге, конференцияларда сөз сөйлеуге, шығармашылықты дамытуға бағытталған іс-шараларда, шығармашылық әзірлемелерін ұсынуда зор көңіл бөлінуде. Атап айтқанда:

-2023 жылдың 17 наурызында колледждің ұйымдастыруымен «Үздік фармацевт – 2023» республикалық сайыс өтті. Бұл сайысқа 22 жоғары медициналық колледж студенттері мен оқытушылары қатысты.

-Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткізілген «World Skills Kazakhstan – 2023» республикалық чемпионатында «Медициналық және әлеуметтік күтім» құзыреттілігі бойынша Түркістан жоғары медицина колледжі студенті Тамабай Зарина I орынға ие болды.

-Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы денсаулық сақтау саласы «Лабораториялық диагностика» мамандығы бойынша кәсіби шеберліктің Республикалық конкурсына колледж оқытушысы С.Әбдіханова қатысып, жүлделі ІІ орын алды.

-Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры біліктілігімен Медициналық жоғары колледж білім алушылары арасында өткізілген республикалық «Scientific Researcher» байқауында Түркістан жоғары медицина колледжі студенттері I, II жүлделі орынға ие болды. (Файзуллаева Мафтуна, Джунайдуллаев Изатулла).

– Ресейдің Курган қаласында өткен «Адам анатомиясы мен физиология» пәнінен өткен студенттік Олимпиадада Түркістан жоғары медицина колледжі студенттері Аружан Сабырқызы I дәрежелі, Дилрабо Тохташева II дәрежелі, Ыдырыс Сандуғаш III дәрежелі дипломдармен марапатталды.

– Жалпы білім беру пәндері бойынша «Мақсатқа жету жолы атты» Халықаралық Олимпиадада колледж студенттері Мырзабай Жанель I орынды, Серікбай Қырмызы II орынды иеленді.

– Акушер ісі мамандығы бойынша өткен Республикалық Олимпиадада Талшын Тұрсынбек II орынды, Гулмира Аманова I орынды, Шахноза Бабаева I орынды жеңіп алды.

– «Педиатриядағы мейіргер ісі» пәнінен ҚР медицина колледжінің білім алушылары арасында өткізілген Олимпиада жеңімпаздары, студенттеріміз Оразбек Арайлым, Қалман Әсемай I орынды иеленіп, олжалы оралды.

-Медицина колледждері арасында өткен республикалық «Анатомия және физиология үздігі – 2023» байкауына Түркістан жоғары медицина колледжінің белсенді студенттері Сұлтанұлы Нұрдаулет, Еділбай Ұлдан, Жұмаділләқызы Ақниет қатысып, жүлделі ІІІ орынға ие болып, оқу орнының мақтаныштарына айналып отыр», – дейді колледж директоры.

ТӘРБИЕ ТАЛБЕСІКТЕН

«Жалпы, білім мен тәрбие егіз ұғым. Бізім студентерімізге сапалы білім берумен қатар, оларды интеллектуал, бәсекеге қабілетті және де зерделі азамат болып қалыптасуына басымдық береміз. Жастардың бойына отаншылдық сезімін егіп, мемлекеттің дамуына үлес қосатын саналы азамат ретінде қалыптасуына ықпал ететін тәрбиелік шараларды ұдайы басты назарға алып келеміз. Өткен жылы Ұстаздар күніне орай салтанатты іс-шара болып өтті. Оңтүстік өңірін білікті мамандармен қамтамасыз етіп отырған іргелі оқу орнымызға арнайы ат басын бұрып Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішев, «АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, Түркістан облысы денсаулық сақтау Басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев келіп, колледжіміздің тыныс-тіршілігімен танысып кеткен болатын. Хирургия, акушерия, мейіргер ісі және педиатрия пәндері бойынша жабдықталған оқу бөлмелерін аралап, республикадағы алғашқы орында тұратын анатомия мұражайын тамашалады. Облыс мәслихатының депутаттары колледждің оқу процесімен танысты, студенттермен кездесіп, сұхбаттасты. Колледж ұжымының атқарып отырған жұмысына жоғары баға беріп, ризашылықтарын білдірді» – дейді Ғалымжан мырза бізбен әңгімесінде.

Иә, оқу орнының басшысының сөзі жалаң емес. Желтоқсан айында колледждің ұйымдастыруымен «Салауатты өмір салты – денсаулық кепілі» атты студенттердің халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткен. Бұл конференцияға Ресей, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінің және республикамыздың түпкір-түпкірінен студенттер 193 ғылыми жобаларымен қатысқан көрінеді. Колледж студенттері белсенділік және жоғары ғылыми ізденімпаздық танытып, 14 жүлделі орындарға ие болыпты.

Жуырда педагогтардың тілге деген ізденісі мен қызығушылығын арттыру мақсатында колледжде «Who knows English better» атты педагогтар байқауы өткізілді. Осыдан бір апта ғана бұрын «Педагогикалық инновациялар» тақырыбында 11 циклдық-әдістемелік комиссиялар оқытушыларының арасында «Брейн-ринг» интеллектуалды сайысы өткізілді. Сайыс нәтижесінде педагогтардың білім деңгейін көрсеткен нағыз тартысты, керемет көңіл-күй сыйлаған кеш болды. Мұндай зияткерлік ойындар педагогтарды кәсіби тұрғыдан жетілдіріп, шеберліктерін шыңдай түсетіні сөзсіз. Сайыс қорытындысында колледж әкімшілігі тарапынан зияткер-сайыскер топтар арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Мәдени іс-шаралармен қатар колледжде спорттық шаралар да жиі ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда осы жылдың 24-26 қаңтар аралығында №3 Дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық пәндері бойынша циклдық-әдістемелік комиссиясының ұйымдастыруымен оқытушылар арасында спартакиада өтті. Спартакиада барысында дәстүрлі ойындармен қатар ұлттық ойындар: қазақша күрес, асық ату, ләңгі тебі, арқан тарту секілді ойындар да ұйымдастырылды. Сондай-ақ, студенттер де спортқа белсенді қатысады. Техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткен облыстық спартакиадада қазақ күресінен ұлдар мен қыздар арасында колледж студенттері 60 кг салмақта Бексұлтан Ермекұлы ІІІ орын, 74 кг салмақты Нұрасыл Ілесұлы ІІІ орын иеленсе, қыздар арасында 60 кг салмақта Айжан Марлен ІІ орын алып, жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар студенттер спартакиадасы аясында жалпы командалық есеп бойынша баскетболдан ұлдар арасында үздік ойын көрсеткен Түркістан жоғары медицина колледжінің спортшылары ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған.

Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткен «Туған жерім – менің Қазақстаным» атты облыстық патриоттық форумына Түркістан жоғары медицина колледжінің студенттері де белсенді атсалысты. Мемлекеттік рәміздер күніне орай Түркістан жоғары медицина колледжінің жас сарбаздары Түркістан облысының жастары атынан Қызылорда облысының жастарына «Менің туым, менің Отаным!» челленджін жолдап азаматтық белсенділік танытқан. Сондай-ақ, колледж басшысы өз сөзінде Түркістан қаласында өтетін тәрбиелік мәні зор, рухани-мәдени іс-шараларға атсалысып, қала жастарының туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, қазақстандық патриотизмді дамытуда өз үлестерін қосып жүрген Түркістан жоғары медицина колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Мирзахметова мен колледждің белсенді қызметкерлері Г.Алдабергенова, Р.Алтай, А.Сары, Б.Рысбеков Түркістан облысы әкімінің орынбасары Б.Тәжібаевтың алғыс хатымен марапатталып, жастарға үлгі болып жүргенін де атап өткен жөн.

Ә.БАҒМАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы