Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерін біржола тастап шыққанына 35 жыл толып отыр. Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлер мен боздақтардың ерлігі әлі күнге дейін ел жадынан өшкен емес.
Ауған соғысының еліміз үшін орны толмас қайғы-қасірет келтіргені, уақыт өтсе де ерлік ескірмей, оларға тағзым ету болашақ ұрпақтың еншісіндегі игілікті іс екені баршаға аян. Кеңес одағының солақай саясатының кесірінен қаншама отбасының зардап шеккені, қаншама қыршын жастың жат жерде қалғаны, қаншама жанның хабарсыз кеткені жайлы әлі де айтылар аңыз бен ақиқат жетерлік. Міне, биылғы жылдың 15 ақпаны – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерін біржола тастап шыққанына 35 жыл толып отыр. 22 мың отандасымыз қатысқан соғыста 761 жауынгер қаза тауып, 21-і хабар-ошарсыз кеткен еді. Ал туған елге қайтқан азаматтардың шамамен үштен бірі мүгедек. Түркістан қаласы бойынша 250-ге жуық жауынгер аттанып, оның 10-ы шейіт болған. 1 адам із-түссіз жоғалып кеткен. Отқа оранған он жыл тарих бетінде қайғылы күндер бедерлеген еді.
Қазіргі таңда ауған соғысының ардагерлері киелі шаһардағы саяси, рухани, әлеуметтік, мәдени іс-шараларға белсене атсалысып, қаланың дамуына бастамалар көтеріп, қала әкімдігімен, басқа да құрылым, қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс жасап келеді. Мәселен, қала халқы да оларға үлкен құрмет көрсетіп, оқу орындары мен білім ордаларында кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Өскелең ұрпақтың өмірі бейбіт те тыныш, жарқын да жасампаз болуын тілейтін ағаларымыздың ерлігі мен тәлімі әрдайым үлгі. Осы орайда, ауған соғысы ардагерлерінің анасына айналған Байкенжеева Қызай апаны да атап өтпеске болмайды. Ауған соғысында арнайы тапсырмамен Кабулға шақырылып, кескілескен айқаста үш рет оқ тиіп қаза тапқан Байкенжеев Мәдіханның анасы бүгінде 84 жасқа таяды. Қайтпас қайсар батырды дүниеге әкелген апамызды барлық ауған соғысының ардагерлері ардақтап, қаладағы әрбір іс-шарада үлкен құрмет көрсетіп келеді. Бүгінде отыз бес жыл бұрын от кешкен ағаларымыз да ортамызда бар. Жастық шақтың жалынды кезеңін жат жұртта өткізген батырлардың бір парасы туралы аз-кем айта кетейік.
ЖАРАЛЫ ЖОЛДАСЫН ЖАУДА ҚАЛДЫРМАҒАН

Манаев Роллан Рамазанұлы 1966 жылы 23 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Шар ауданы Суық бұлақ поселкасында құрылысшы отбасында дүниеге келген. «Суық бұлақ» орта мектебін бітірген. 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірген әкесі Рамазан мен анасы Зукаштың екінші перзенті. Әскерге дейін Рудник цемент зауытында жұмыс істеген. Әскерден келген соң 1 айлық экскаваторшы курсын оқып, куәлік алады. 1996 жылдан қазіргі таңға дейін Атырау облысында «Сенімді» құрылыс компаниясында жұмыс істейді. Жұбайы Ғалия екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. 1984-1986 жылдары Ауғанстанның Құндыз провинциясында реактивті дивизияда қызмет атқарып, Канабатта 1 жыл 3 ай болады. 1985 жылдың ақпан айында колоннамен операцияға кетіп бара жатып тұтқиылдан жасалған дұшпан шабуылына кездеседі. Жанындағы жолдасы Сержанға оқ тиіп, ауыр жараланады. Әл үстінде жатқан Сержанды тез арада машинадан түсіріп, тасалау жерге жасырады. Өзі шабуылға шыққан дұшпандармен атысып, Сержанды аман-есен госпитальға жеткізеді. Осындай жанкештілігі үшін Роллан ағамыз СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы мен «От благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Ветеранувойны в Афганистане» медальдарымен марапатталды.
Міне, отыз бес жыл бұрынғы от кешкен күндерді ойға оралтқан ағаларымыздың ерлігі қандай құрметке болсын лайық. Тар кезеңде туған ел мен жерден жырақта жүріп, жауынгерлік міндетін мінсіз атқарған ерлерге тағзым ету – біздің борышымыз. Бейбіт күн үшін басын бәйгеге тіккен батырлар жайлы естеліктер жастарға үлкен өнеге екені анық.
Өтер жылдар, уақыт тағы алыстар,
Тағдыр талай тауқыметін табыстар.
Мен сендерді жырлап өтем мәңгілік,
Ауғандағы азап шеккен арыстар! – деп Бақытбек Смағұл жырға қосқан қайсар жандар қашан да ел жадында жаңғырары сөзсіз. Бейбіт күннің бағасын ұғындырған қанды қасірет ешқашан қайталанбасын деп тілейміз!
МАЙДАНДА МАШИНАСЫ МИНАҒА ТҮСКЕН

Өмірбаев Камалхан Жарылқасынұлы 1962 жылы 12 желтоқсанда Түркістан қаласында дүниеге келген. Әкесі Жарылқасын мен анасы Пансат төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген. Камалхан – екінші ұлдары.
А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті бітіріп, Коммунизм ұжымшарында жұмысшы болып істеген. 1983 жылы әскер борышын өтеп, елге қайтады. 1986-1989 жылдары Түркістан индустриальды техникумын бітіреді.
– 1981 жылы әскер қатарына шақырылып, 1982 жылы наурызда Кабул қаласына ауыстырды. Автомобиль батальонында жүргізуші болып қызмет атқардым. Термез-Кабул бағытында аты шулы Саланг асуынан өтіп, ауған жеріне әртүрлі жүктер таситынмын. Кезекті бір тапсырмада Саланг асуынан өтіп, Баграм қаласына жеткенде дұшпандар оқ жаудырды. Машинам минаға түсіп, өзім жеңіл жарақат алдым. Ауған жерінен қайтқан соң бес медаль алдым – дейді Камалхан аға.
Бүгінгі таңда Камалхан Жарылқасынұлы жұбайы Айзада екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Сонымен қатар ХҚТУ-дің ботаникалық бағында трактор жүргізушісі болып қызмет атқаруда.
ӨЛІМНЕН ДЕ АУЫР СЫНДЫ ӨТКЕРГЕН

Абдраймов Абдусаттар Патшаханұлы 1960 жылы 4 мамырда Түркістан қаласында туған. 1977 жылы Калинин атындағы орта мектепті бітірген. Әкесі Патшахан мен анасы Умида төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Абдусаттар – үйдің екінші перзенті. 1980-1981 жылдары Ауғанстан қаласы Шындантта жаяу әскер сапында сапер болып қызмет атқарған. Ауған-Иран бағытында жүретін автоколонналардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жолдарын минадан тазарту операцияларына қатысқан.
– Көптеген соғыс қимылдарына қатыстық. Полктің жолын ашып келе жатқан болатынбыз, кенеттен дұшпандардың тосқауылында қалдық. Полк алға жылжи алмай, біздің көмегімізге тәуелді болды. Дұшпандар тау бөктерінен минометпен тізіліп тұрған колоннаны атқылай бастады. Тез арада жолдағы минаны тазалап, полкті қауіпті жерден алып шығу бізге тапсырылды. Асығыс алға ұмтылдық. Ашық алаңда жұмыс істеуге тура келді. Біз дұшпандарды көрмегенімізбен, олар бізді анық көреді. Өмір мен өлім арасындағы арпалыста уақыт та өтпейді екен, межелі жерге жету, бір қадам аттау біздер үшін ауыр болды. Қарап тұруға, күтуге және болмайды. Артта қалған, тоқтап тұрған колоннаның тағдыры мен өмірі біздің қолымызда. Жолды тез ашып, минадан залалсыздандыруымыз керек, болмаса бүкіл колонна отқа оранып, қаруластарымыздың ажал құшағына қалуына себепші боламыз. Бұл өлімнен де ауыр сын. Сондықтан атылған оқ пен жарылған снарядқа қарамай алға ұмтылдық. Кезекті минаны тазалау кезінде БТР минаға түсіп жарылды. Жүргізуші мен үстіндегі саперлар қаза тапты. Келесі БТР көмекке келіп, бір сағаттай уақытта жолды тазаладық,- дейді Абдусаттар аға. Жан алысып жан беріскен жанкешті батырлардың ерен ерлігі бүгін де, болашақта да жасөспірімдерге өнеге болары сөзсіз. Ауған жеріндегі оқ пен оттан аман оралып, бейбіт өмірде бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған ағамыз жұбайы Әмина екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Қазір жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады.
ЕКІ РЕТ АУЫР ЖАРАҚАТ АЛҒАН

Қожабаев Әзімбай Тұрғанбайұлы 1959 жылы 2 маусымда Түркістан қаласында туған. Әмір Темір атындағы орта мектепті бітірген. Алматы политехникалық институтына түсіп, әскерден келген соң, «инженер-механик» мамандығын алған. 1984 жылдан «Техоснаска» зауытында инженер-технолог, инженер-диспетчер, цех шебері, цех бастығы, зауыт комсомол ұйымының жетекшісі болып қызмет істеген. 1999 жылдан Түркістан Ауған соғысы ардагерлер ұйымының төраға орынбасары болып істеп келеді. 2008 жылы Шымкент университетінде «заңгер» мамандығын бітірді.
– 1981-1983 жылдары Ауғанстанның Герат, Шындант, Дилорам, Гирешк, Қандағар провинцияларында болып, 6-гвардиялық танк ротасында танк жүргізушісі қызметін атқардым. 1982 жылдың шілде айы болатын. Дилорам-Гирешк бағытында колоннаны күзету міндеті қойылды. Колонна құрамында қару-жарақ, оқ-дәрі, азақ-түлік пен киім-кешек тиелген отыз шақты әскери техника болатын. Түс ауып калған кез. Тау шатқалдарынан сақтықпен жүріп, сақтықпен келе жатқанбыз. Мен екінші келе жатқанмын. Алдымда батальон командирі мінген БТР машинасы келеді. Соқпақтағы бұрылыстарда артқы колоннаға қарайлап баяу жүріп келеміз. Келесі бір айналмада бізден 250-300 -дей метр алға озып кеткен батальон командир жанып жатқан Ауған саудагерлерінің екі машинасынан өтіп барып тоқтады. Машинаға дұшпандар шабуыл жасап, тонаған. Мен танкіні бетон жолынан шығарып, сол жаққа бұрдым. Ойым жолда өліп жатқан саудагерлердің денесін баспау. Топырақ жолдан шығып, жиырма метрдей айналып барып қайта жолға бұра бердім. Сол сәтте «гүрс» еткен дауыс естілді. Танкімнің сол жағы сілкініп барып, кілт тоқтады. Басыма қатты соққы тиді. Көз алдым тұманданып, басым айналып бара жатты. Шлимофоннан командирдің айқайлап жатқан дауысы еміс-еміс естіледі. Басымдағы шлимофонның бауын ағытып шешпек болдым, бірақ шамам келмеді. Түс секілді. Денем ауырлап бара жатқан соң, отырған орныма жантая бердім. Одан арғысы есімде жоқ. Көзімді ашсам госпитальда жатыр екенмін. Кейіннен естідім. Танк минаға түсіп, катогының күл-талқаны шыққан. Қасымдағы бөлімше командирі аға лейтанант Стрельцов және экипаж мүшелері түгел жарақат алған. Соққы мен отырған сол жақтан болғандықтан, мен контузия алыппын. Екінші рет 1983 жылы ақпан айында жарақат алдым. Оқиға Гирешк қаласы қасындағы көпір маңындағы блокпостта болды. Біз блокпоста колоннаны қабылдап алып, Қандағар бағытына қарай жүрдік. Оң жағымызда «жасыл алқап», сол жағымызда тау. Қыстақтан өтіп, тау жағалап біздің танк бірінші келе жатқан. Кенет танктің артынан қатты соққы тиді. Артынша жарылған минеметтің дауысы естілді. Танк басқаруыма көнбей барады. Мен оң мен сол рычакты алма-кезек тарттым. Басқаруыма көнбей оңға қарай тарта берді. Осы сәтте экипаж мүшесі Ерғалидың «Азим тоқтат!», артынша рота командирі капитан Дмитреевтің «тоқтат!» деген дауыстары шықты. Менің ойым жолды бөгеп қалмау. Танк жолдан шығып, оң жағымыздағы жарқабаққа құлады. Одан кейінгісі мен үшін елес сияқты. Кенет көз алдымда шахмат тақтасы пайда болып, оның әрбір шаршы көзінде өзімнің дене мүшелерімнің бөлшектеніп жатқанын көрдім. Бас бөлек, аяқ бөлек, қол да бөлек жатыр. Арада қанша уақыт өткені белгісіз бір кезде ерніме тиген сулы мақтадан көзімді аштым. Айнала аппақ. Қасымда ақ халат киген ер кісі тұрды. Дәрігер екен. Жарақатым ауыр болып, госпитальда екі айға жуық жаттым. Кейіннен есіттім, экипаж мүшелерінің бәрі ауыр жарақат алыпты. Мен танкіні жолдан шетке шығарып үлгеріппін. Келе жатқан колонна жолдан кедергісіз өтіпті. Қатты соққыдан менің сол аяғымның жамбасының ұршығы шығып, жамбас сүйектерім жарылған екен. Госпитальдан соң ротама оралып, қайта танкіге отырдым. Менің 461 санды танкім ұрыс даласында талай дұшпанның көзін жойып, көршілес полктердің тапсырманы орындауына талай рет көмегін тигізді. Оқ атудан «ең үздік» танк атанды. Оқтаушымыз Миша Марутянның жылдамдығының арқасында әр он секунд сайын бір снаряд атушы едік. Атқанда бір нүктеге атпайсың, командирдің бұйрығымен бағыт өзгертіп атасың. Тіпті, бір операцияда бізге снаряд жеткізіп бере алмай қалды. Біздің қимылымызды сырттай бақылап отырған дивизия командирі осы операциядан соң рота алдында оқтаушы Миша Марутянды «За боевые заслуги», рота командирі капитан Дмитреевті «За отвагу» медаліне ұсынып, Ерғали екеумізге алғыс жариялады- деп есіне алды Әзімбай аға.
Ерен ерлігінің арқасында СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы мен «Воину-интернационалисту от благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Ветерану войны в Афганистане», «Ветеран боевых действий», «15 лет вывода Советских войск из ДРА», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Қайырымдылығы үшін «Сауап» сияқты мерекелік медальдарымен марапатталған. Бүгінде Алтынкүл апаймен бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Сондай-ақ, Шымкент университетінің заңгер-оқытушысы болып қызмет етеді.
ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТТІ АБЫРОЙМЕН АТҚАРҒАН

Байбабаев Баходир Маккамбайұлы 1968 жылы 27 сәуірде Түркістан қаласы Бірлік елдімекенінде туған. Бірлік орта мектебін бітірген. Әкесі Маккамбай мен анасы Хасият екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген.
Баходир – екінші перзенті. 1986 жылдың 13 мамырында әскер қатарына шақырылып, Ашхабад облысының Текин қаласында әскери дайындықта болады. 1986 жылдың қазаны мен 1988 жылдың 23 мамырына дейін Құндыз қаласындағы 149-гвардиялық мотоатқыштар бөлімінің құрамында қызмет етеді. Әскери тапсырмамен Ауған қалалары Ханобад, Кабул, Мазари-Шариф, Газни, Тардез, Жалалабад, Қандағар қалаларында болады. Бүгінде жұбайы Гүлшехра екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Мамандығы – мұғалім.
ТОСЫННАН КЕЛГЕН ДҰШПАНҒА ТОЙТАРЫС БЕРГЕН

Нақбаев Темірхан Мырзаханұлы 1968 жылы 11 қыркүйекте Бәйдібек ауданы Майбұлақ елдімекенінде дүниеге келген. Түркістан қаласындағы С.Ерубаев атындағы сегіз жылдық мектеп-интернатында білім алып, 1985 жылы Бәйдібек ауданының F.Мұратбаев орта мектебін бітірген. Әкесі Мырзахан мен анасы Күлзада бір қыз, сегіз ұл тәрбиелеп өсірген. Темірхан – төртіншісі. Әскери борышын 1987-1989 жылдар аралығында Ауғанстан жерінде өткізеді. Баграм қаласындағы әскери әуежайында әскери әуе күшінің құрамындағы ротада күзетте тұрады.
– Біз жаңадан барғанбыз. Әскери бөліміміздің айналасында бомба сақталған қойма, әскери әуежай, жанар-жағар май гарнизоны болатын. Міндетіміз осы жауапты орындарды қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Негізінен барлығы да ұрыс қимылдарына аса қажетті әскери заттар сақталатын орын болғандықтан, дұшпандар көп торуылдайды, шабуылдары да жиі әрі тосыннан болып тұрады. Сондықтан да, бізде көп дабылдар болып тұрды. 1987 жылдың 14 тамызы күні гарнизонға түн қараңғылығын пайдаланып дұшпандар тосыннан шабуыл жасады. Алдын ала дайындалғаны аңғарылып тұр. Аса маңызды үш нүктені бір мезгілде атқылады. Біздің күзетші батальон үш топқа бөлініп, үш бағытта бірдей ұрыс жүргіздік. Біздің бөлімшеге гарнизон жанындағы окопқа жайғасып, дұшпандардың негізгі күшіне тойтарыс беру міндеті жүктелді. Түн қараңғылығында атысу күндізге қарағанда қиындау әрі күрделірек болады. Біріншіден, дұшпан өте жақын қашықтықтан атады, екіншіден екі жақты шабуыл кезінде өзіміздің жауынгерлерді атып алу қаупі туады. Дұшпандар өзімізді-өзіміз атып алу жағдайын жасауға шебер келеді, мұндайда қарсы беттен атылған қарудың даусына көңіл бөлесің. Бұл жолғы ұрыс ұзаққа созылды әрі ауырлау болды. Шығын да аз болмады. Таң қылаң бере дұшпандар шегініп, шабуылын тоқтатты. Кейін есіттік, қарауылда тұрған жауынгерлердің ұйықтап қалуына байланысты дұшпандар өте жақын қашықтыққа келіп жайғасып алған екен. Бізге бұл сабақ болды. Постта ұйықтамайтын болдық,- дейді Темірхан аға. Міне, тасадан шығып, ту сыртыңнан шабуылдайтын дұшпанға тойтарыс берудің өзі соғыс жағдайында өте қиын екені айтпаса да түсінікті. Осындай алғырлығы үшін Темірхан ағамыздың ата-аналарына алғыс хат жіберілген. СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы мен «От благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Ветерану войны в Афганистане» медальдарымен марапатталған. Жұбайы Бағила екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеген. Қайсар азамат қазір таңда жеке кәсіппен айналысып келеді.
ОТАН ҮШІН ОТ КЕШКЕН

Салиев Бахадур Ибадуллаұлы 1968 жылы 20 қаңтарда Түркістан қаласында дүниеге келген. С.Сейфуллин атындағы орта мектепті бітірген.
– 1986 жылдың мамыр айында Түркістан әскери комиссариаты әскерге шақырып, Харковь облысының Чугуев қаласында арнайы дайындықтан өттім. Осы жылдың қараша айында Ауғанстанның Құндыз қаласында орналасқан 22676 санды әскери бөлімшесіне ауыстырылдым. Авиация бөлімінде авиомеханик қызметін атқардым. Газни, Кабул, Файзабат қалаларында болған әскери соғыстарға қатысып, 1988 жылы шілде айында үйге қайттым. СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы мен «От благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Ветерану войны в Афганистане» сияқты медальдармен марапатталдым – дейді ағамыз. Қазіргі таңда жұбайы Каримамен 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеген Бахадур Ибадуллаұлы қалалық ішкі істер басқармасының жеке ротасында патрульдік полиция қызметін атқарып келеді.
МИНОМЕТПЕН ДҰШПАННЫҢ ЕКІ НҮКТЕСІН ЖОЙҒАН

Қожумов Бекболсын Тастемірұлы 1963 жылы 4 қыркүйекте Түркістан қаласында дүниеге келген. Ғ.Мұратбаев мектебінде 8-ші сыныпты бітіріп, №13 кәсіптік техникалық училищеде оқыған, мамандығы – механизатор. Әкесі Тастемір Аққұлұлы мен анасы Жанаттың отбасында бес ұл, екі қыз болған. Бекболсын – үшіншісі. 1982 жылы әскерге алынған. 1982-1985 жылдар аралығында Ауғанстанның Пули-Хумри қаласында жаяу әскер құрамында алғашында минометчик, бөлім командирі болған. Талай рет операцияға шығып, әскери тапсырмаларды абыроймен орындаған.
– Қоршауда қалып қойған күндерім де болған. Десанттар көмекке келіп, солардың арқасында аман қалғанбыз, – дейді Бекболсын аға. – 1983 жылдың шілде айында мен күзетте тұрғанымда, таңғы сағат бес шамасында дұшпандар горнизонға шабуыл жасады. Аспанға оқ атып, дабыл көтердім. Рота жүгіріп шығып, әрқайсысы өз техникасын мініп шабуылға шықты. Дұшпандар горнизонды коршап, жан-жақтан оқ жаудырды. Дұшпанның күші басым. Анталап барады. Қоршауда қалатын түріміз бар. Көмек шақырып, полкке хабарладық. Ұрыс ұзаққа созылды. Абырой болғанда көмек дер кезінде келіп, дұшпандардың дегені болмады. Соғыс кезінде бірнеше солдат қаза тапты. Жаралыларын госпитальға алып кетті. Қосымша келген көмектің арқасында дұшпандарды қоршап алып, қолға түсірдік. Операция кезінде мен минометпен атқылап, дұшпанның екі нүктесін жойдым. Осы ұрыста жалпы саны 600-дей дұшпанға қарсы тұрып, қосымша күш келгенше тайталасыппыз. Ұрыстан соң полк командирі келіп, біздің взводты құттықтады, алғыс айтты. Кейіннен естідік, «айран ішкен» біз болыппыз да, «шелек жалаған» полктегі басқа біреулерді орденмен медальға ұсыныпты. Мұндай әділетсіздіктердің талай сорақысын көрдік қой. Сол күндерім ұмытылмастай есте қалды – деп еске алды ағамыз. Бүгінде жұбайы Райсамен бір ұл, бір қызы бар әке теміржолшы боп қызмет атқаруда.
ҚАҺАРЛЫ КҮНДЕРДІ ЕҢСЕРГЕН

Абдукадиров Төлеген Шереханұлы 1969 жылы 9 қыркүйекте Түркістан қаласында жұмысшылар отбасында дүниеге келген. 1976-1984 жылдары Жамбыл Жабаев атындағы сегіз жылдық мектепте, 1984-1986 жылдары Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Ғалаба ауданындағы орта мектепте оқыған. 1987 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылады. Түркменстан Республикасы Теджень қаласында әскери дайындықтан өтіп, жаяу әскер әскери машинасының механик-жүргізуші мамандығын алады.
– 1988 жылдың 5 мамыр күні Ауғанстан Республикасының астанасы Кабул қаласына келіп қондық, – деп есіне алады Төлеген аға. – Кабул қаласының маңында 180-ші атқыштар полкінің зенит дивизионында механик-жүргізуші болып қызмет еттім. Көп ұзамай маусым айының соңында сол кездегі «полтиник» лақап атымен белгілі болған 45 әуе десанты полкі заставасының 505 блокпостына аға-механик қызметіне ауыстырылдым. 1989 жылдың 21 қаңтары күні полк блокпостты тастап, Теплыйстан, Кабул, Джабап, әйгілі Саланг асуы, Пули-Хумри, Хайратон арқылы біздің колонна Термез қаласына беттедік. Жолда елге қайтып бара жатқан колоннаны жанталасқан дұшпандар атқылаумен болды. Соңымыздан еріп, тынымсыз мазалаумен болды – дейді Т.Шереханұлы. Өмір мен өлім арпалысқан қаһарлы күндердің қаншалықты қиын да үрейлі екенін сөзбен жеткізу мүмкін емесі анық. Осындай ерліктері үшін Абдукадиров Төлеген «70 лет ВС СССР», «От благодарного Афганского народа», «Воину-интернационалисту», «15 лет вывода советских воиск из ДРА», «Ветерану войны в Афганистане 1979-1989 гг.» секілді мерекелік медальдармен марапатталған. Қазіргі таңда жұбайы Гульчехрамен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке.
ҚЫРЫҚТАН АСТАМ ЖОРЫҚҚА ҚАТЫСҚАН

Сафарбаев Урозбой Қуанышұлы 1963 жылдың 23 наурызында Өзбекстан Республикасы Наманган облысының Үшқорған қаласында дүниеге келген. Әкесі Қуаныш пен анасы Анар жанұяда 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеген. Сол ұлдардың бірі Оразбай 1981 жылы мектепті «Алтын мадальмен» бітіріп, 1982- 1984 жылдары Отан алдындағы борышын өтеген. Әскерден келген соң 1984-1989 жылдары Наманган облысындағы Политехника институтының «ПГС» факультетін бітірген, құрылыс мекемесінде прораб қызметін атқарған. 2005 жылы бабаларының кіндік қаны тамған ата жұрты Түркістан қаласына қоныс аударады. Бүгінде Оразбай Қуанышұлы жұбайы Сәбирамен 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Сафарбаев Урозбой Қуанышұлы 1982-1984 жылдар аралығында Ауғанстанның Құндыз провинциясында ерекше барлау батальонында барлаушы, танк атушысы «Наводчик» қызметін атқарған.
– Ауған жеріндегі соғыстың мәнін кезінде жастық шақтың буымен түсінгеніміз жоқ қой. Алайда, Кеңес үкіметінің солақай саясаты еліміздегі мұндай пікірлермен санаспақ түгілі, ондай ойы бар адамды теріс пиғылдағы жанға балайтын. Ал, оның мәнін көпшілік тереңірек түсінетін болар. Мен Ауғанстанның Кабул, Кандагар, Поли-Хумри, Мазари-Шариф, Талукан, Файзабад секілді бірнеше провинцияларда өткен соғыс қимылдарына қатыстым. Айта беретін аты шулы Саланг асуында барлау операцияларын жасаған әскер құрамында да болдым. Міне, осы жорықтардың ішіндегі естен кетпес оқиғалардың бірінде, таулы аймақтағы ауылдан Ауған барлаушысы келіп, бізден көмек сұрады. Әлгі ауылға аттандық. Діттеген жерімізге жетпей жатып ауғандықтардың қоршауында қалдық. Бағымызға қарай, бұл жердегі қақтығыс өз пайдамызға шешілді. Біздің көмегімізге зәру ауылға жақындай түскенімізде ауыл тұрғындарын, оның ішінде әйелдер мен балалардың денелерін тілгілеп, талдардың бұтақтарына іліп кеткенін көрдік. Адам қанынан аяқ басатын жер қалмаған. Осы оқиғаны өз көзімен көрген барлау бастығы дұшпандарды жалдамалы жендеттермен қоса жоюды бұйырды. Осылайша, жаудың ізіне түсіп, тау шатқалдарына келіп бөгелдік. Бізді шатқал биігіне орналасқан дұшпандар қарсы алды. Биікке орналасқандықтан біздің танкілердің пушкасы жоғары көтерілмей, әбігерге түстік. Алайда, соғыс шарты жайбарақаттықты, қол қусырып күтіп отырғанды көтермейді. Жаудың көзін тек автоматпен құрту мүмкін емес, танктің көмегі қажет болды. Көп ойланбастан танкті жауға қарай бағыттап, алдына үлкен тау тастарын жиып, соның үстіне шығаруды ұсындым. Барлау ісінің бастығы бұл ұсынысты мақұлдап, бұйрық берді. Осы амалмен дұшпандардың көзін жойып, жеңіске жеттік. Осы күнгі іс-әрекеттерім үшін «За боевые заслуги» медалімен марапатталдым. Көп ұзамай Файзабад провинциясындағы кезекті барлауда оқ тиіп, ауыр жарақат алдым. Ташкент әскери госпиталь қызметкерлері өлім мен өмір арасында жатқан мені аман алып қалды. Госпитальдан шыққан соң Ауған жерінде әскери қызметімді жалғастырдым, – дейді ағамыз. Жалпы Ауғанстанда қырықтан астам жорықтарға қатысып, «70 лет ВС СССР», «От благодарного Афганского народа», «Воину интернационалисту» секілді басқа да мерекелікмедальдармен марапатталдым – деп еске алды ағамыз. Ел ертеңі, бейбіт заман үшін басын бәйгеге тіккен ағамызға ұзақ ғұмыр тілейміз.
Дайындаған: Дәурен Тілеухан