Ұлттық қордан балаларға алғашқы төлем түсті. Енді әр балаға 100,52 доллар төленеді. БЖЗҚ ақпаратына сәйкес, 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық бала қатысушы ретінде тіркеліп, олардың нысаналы жинақтау шоттарына тиісті төлемдер түсті. Бағдарламаға 6 919 131 бала қатысып жатыр. Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады. Сондай-ақ, қор балалардың жас ерекшелігіне қарай жасалған статистикасын жариялады. Аталған төлем алушылардың қатарында 2006 жылы туылған балалар бар, биыл олар 18 жасқа толады.
Бағдарлама бойынша тиісті төлемін 3 558 100 ұл мен 3 361 031 қыз бала алған. Алайда биыл балалардың нысаналы жинақтау шоттарына 100 доллардан аса қаражат түскенімен, бұл көрсеткіш жыл сайын өзгеріп тұратынын тағы ескерген жөн. БЖЗҚ баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі мен инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. 2024 жылдан бастап Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына аударылып, доллармен сақталады. Бала 18 жасқа толғаннан кейін жинақтарды екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға пайдалана алады
-Мен баламды тіркеп үлгермей қалдым. Енді не істеймін?
БЖЗҚ бағдарламаға қатысушы балалардың толық тізімін жыл сайын «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынған ресми мәліметтер негізінде қалыптастырады. Егер бала осы дерекқорға қосылса, ол автоматты түрде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушысы болып саналады әрі оған бағдарламаға қатысқан барлық жылдарда ақша аударылады. Алайда, бала белгілі бір себептермен «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорында болмаса, бағдарламаға қатысушылардың тізіміне енгізілмесе, онда келесі жылы баланы тіркеп, қатыстыра алады. Осылайша, өткізіп алған кезеңдер үшін баланың нысаналы жинақтау шотына толық көлемде тиісті төлемдері түседі. Бұл ретте БЖЗҚ өкілдері балалардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне мына деректерді тексеруге кеңес береді:
-балада жеке басын куәландыратын құжаттың болуы (туу туралы куәлік, 16 жастан бастап – Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі);
-жеке басын куәландыратын құжатта деректемелердің болуы әрі олардың дұрыс көрсетілуі: Т. А. Ә., туған күні, ЖСН, азаматтығы;
-egov.kz порталындағы «Жеке кабинет» бөлімінде балалар туралы мәліметтердің болуы, тіркелуі және дұрыстығы (осы ресурста баланың ата-анасына бекітілген баланың нысаналы талаптары бойынша егжей-тегжейлі үзінді көшірме ұсынылады).
Егер баланың:
-жеке басын куәландыратын құжаты, ЖСН жоқ болса, тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінген жөн;
-азаматтығы жоқ болса, анықталмаса немесе ол дұрыс көрсетілмесе, онда тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгіну керек.
2023 жылы сіз балаңызды тіркей алмай қалсаңыз, биыл «жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына қажетті түзетулер енгізіп, қайта жүктей аласыз. Тиісінше, Ұлттық қор өткізіп алған кезеңді ескере отырып, ақшаны аударады. Яғни бұл балаңыз биыл бағдарлама қатысушысы бола алмағанымен, келесі жылы қайта тіркеуге мүмкіндік бар дегенді білдіреді. Оған қоса бағдарламаға қатыса алмаған жылдары үшін барлық өткізіп алған тиісті төлемі баланың нысаналы жинақтау шотына түседі.
Айта кетейік, 2024 жылдан бастап Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына аударылып, доллармен сақталады. Бала 18 жасқа толғаннан кейін жинақтарды екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) білім алуға пайдалана алады.
Қанша қаражат түскенін kids.enpf.kz-ке кіріп тексеруге болады.
