Сайлауға қатысу – әр азаматтың маңызды құқығы

729 көрілім

Жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде барлық елдерде 2005 жылы Будапештте (Венгрия) өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде белгіленген және Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдаған Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі.

Сайлауды ұйымдастыру және өткізу саласындағы мамандар Дүниежүзілік сайлау күнін белгілей отырып, азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жақсарту проблемасына жұрттың назарын аудару мақсатын көздеді. Осы күнді өткізудің басты міндеттері – қоғам санасында демократияландыру процесінің қайтымсыздығын бекіту, сайлау процесіндегі жетістіктер туралы жұртшылықты хабардар ету және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға бейімділікті қалыптастыру.

2023 жылы 7-8 желтоқсанда Астанада Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына орай республиканың бірқатар мемлекеттік органдарының басшылары, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің, Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының, Жас сайлаушылар клубының, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, саяси партиялардың, ғылым, білім, қоғамдық ұйымдардың, масс-медианың өкілдерімен қатар 16 шет мемлекеттің орталық сайлау органдарының және 6 беделді халықаралық ұйымдардың – Дүниежүзілік сайлау органдарының қауымдастығы, ЕҚЫҰ, ТМД Атқару комитеті, Парламентаралық Одақ, Түркі мемлекеттерінің ұйымының, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің өкілдері, яғни  жалпы саны 200-ден астам адам қатысқан  «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Аталған форумға жасаған құтықтау хатында  ҚР Президенті тәуелсіздік жылдарында еліміздің сайлау органдары дәйекті даму жолынан өтіп, мемлекеттік биліктің аса маңызды институттарын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосқанын атай келіп: «Бұл органдар сайлау құқығына қатысты әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарды әрдайым сақтай білді. Сондай-ақ халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты нығайтып, қоғаммен ашық диалог орнатты», деп көрсетті.

Конференция қортындысымен шетелдің озық тәжірибесін ескере отырып, аумақтық комиссиялардың кәсіби деңгейін көтеру, жұмысын жақсарту және оның әрбір мүшесінің мәртебесін айқындау үшін нақты шаралар қабылданды.

Биыл 2024 жылы мереке 1 ақпанға сәйкес келіп отыр. Бұл күннің мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты еліміздің сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыру, сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұстанымын қалыптастыру.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бастамасымен 2024 жылдың  29-шы қаңтар күні Түркістан  облысының аумақтық сайлау комиссияларында Дүниежүзілік сайлау күніне орай «Ашық есік күні» ұйымдастырылып өткізілсе, Түркістан қаласындағы жоғары көпсалалы қол-өнер колледжінде «Әрбір дауыс маңызды», Түркістан қаласының Жастар ресурстық орталығында «Сайлау және жастар»,  қаламыздың №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясында «Мен болашақ кандидатпын», С.Рахимов атындағы жалпы орта мектебінде «Сайлау-бәрімізге ортақ жұмыс» және  №9 Некрасов атындағы мектеп гимназиясында «Сен сайлануға құқылысың» тақырыптарында пікірсайыстар, тәрбие және  сұрақ-жауап сағаттары өткізілді.

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты ретінде ерікті сайлауды, ал егемендікке ие әрі мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық екенін белгілеп берді. Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.

Демократиялық сайлау – бұл бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау, оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Бәсекелі сайлау сайлауға түрлі партиялардың және кандидаттардың қатысуына кепілдік береді. Олардың барлығы сөз, жиналыс, қозғалыс бостандығын, олардың саяси көзқарастарының естілуі үшін және олар сайлаушыларға балама кандидаттарды ұсына алуы үшін қажеттінің барлығын пайдалана алады. Қазақстан Республикасының заңнамасы сайлаудың мерзімділігін, билік органдарында елдің әр түрлі әлеуметтік топтарының өкілдігін қамтамасыз етеді.

Түркістан қалалық аумақтық сайлау комиссиясы еліміздің барлық азаматтарын осы мерекемен құттықтай отырып, біздің қоғамның сайлау – мықты азаматтық қоғамы бар демократиялық құқықтық мемлекеттің ажырамас атрибуты екенін түсіне отырып, әрқашан демократияландыру және демократиялық құндылықтар жолымен дамуын тілейді.

Бердикулов Қайрат Маханбетұлы,

Түркістан қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы