Бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Басты мақсаты – еліміздің өңірлерінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру.
Бағдарлама аясында микрокредиттер жылдық 2,5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама шеңберінде 75,5 млрд теңгеге 12,2 мың шағын несие берілді, 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Өңірде өткен жылдың қорытындысы бойынша 19,8 млрд теңгеге 3 256 жоба қаржыландырылды, 3 413 жұмыс орны құрылды.
Халықтың 80 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысына қосымша 14 млрд.тг бөлу мәселесі қарастырылған. Пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған адам үйін кепілге қойып, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ала алады. Орташа несие көлемі – 5 млн.теңге.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болатынын айтып өтті. Жаңа жоба біздің өңір үшін өте маңызды. Ол аумақтарда халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі біршама артқан. Сондай-ақ тұрғындардың орташа табысының өскенін байқауға болады. Ең бастысы, кез-келген ауыл тұрғынына қолжетімді етіп, жобаларды шағын инвестициялармен жүзеге асыруға мүмкіндік беруге қол жеткіземіз. Осындай жобалар арқылы біз ауыл халқының табысын арттырамыз, – деген болатын облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.
Еске салсақ, «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.
Жан-жақты зерделенген жобада жеңілдіктер де жоқ емес. Мәселен, ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі – 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі. Несиенің ең жоғары соммасы қолданыстағы заңнама бойынша анықталады.
