Түркістан облысы «Ауыл аманаты» жобасына белсенді қатысуда. Атап айтсақ, ордабасылық тұрғын Әлпейіс Арысбек «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық несие алып, жиһаз цехын ашқан. Кәсіпкер 6 800 000 теңге несие алып, керекті құрал-жабдықтарын сатып алған.
Оның айтуынша, қазіргі таңда классикалық заманауи жиһаздарға сұраныс жоғары. Алдағы уақытта өнімдерін шетелге экспорттауды жоспарлап отыр.
Айта кетсек, 2023 жылы ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 4 ауылдық округте 6 бағытта жобалар жүзеге асқан. Жалпы саны 359 құжат өткізіліп, 261 жоба мақұлданған. Ал 2024 жылы аталған бағдарламаны 4 ауылдық округте АӨК құру арқылы жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, 478 адам жобаға қатысады деп күтілуде.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен өңірлердегі ауыл халқының ахуалын жақсартып, кірісін арттыруға қолдау көрсету мақсатында «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасы қолға алынғаны белгілі. Жоба аясындағы тапсырмаларды орындау Түркістан облысында да қарқын алды. Соның ішінде жеңілдетілген несиелер беру үшін басым бағыттар таңдалып отыр.
Ауыл халқының қорасындағы қойы, бау-бақшасындағы жемісі арқылы пайда көріп, үкіметтен қолдау беру туралы ілкі жоба Жамбыл облысынан басталған еді. Кейін бұл жоба Үкімет тарапынан қолдау тауып, «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарының бір бағытына айналды. «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, бұл бастама ауылдағы халықтың тұрмысын жақсартуға, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, табысын арттыруға бағытталған жоба. «Ауыл аманаты» үшін алдағы 7 жыл ішінде бюджеттен 1 трлн теңге қарастырылған.
Ерлан Қошанов аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларды және сол проблемаларды шешуге «Ауыл аманаты» жобасы қалай ықпал ететіні туралы баяндады.
Өңіріміз «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ең алдымен облыстың ішкі нарығына келетін импорт тауарларды азайтпақ. Бұл дегеніміз, «Ауыл аманаты» арқылы ауыл халқына берілетін несие мен өзге де мүмкіндіктердің арқасында облыс бұрын өзге аймақтардан, тіпті шетелден тасымалдап отырған ауыл шаруашылығы өнімдерін енді өз тұрғындарының есебінен өз облысында өндіруді қолға алмақ. Мәселен, ішкі өндіріс көрсеткіші көп емес. Аталған мәселе «Ауыл аманаты» ауқымды жобасы арқылы шешіледі деген жоспар бар. Өңірде импортты төмендету, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар түбегейлі шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, ішкі нарықты құс етімен қамту кезең-кезеңімен 100%-ға дейін жетеді деген болжам бар.
Премьер-министр Әлихан Смайловтың кеңесшісі Бибігүл Асылова бұл жоба ең әуелі қандай санаттағы адамдарға пайдасын әкеле алады дегенге қатысты пікірін білдірген еді.
Бибігүл Асылованың айтуынша, «Ауыл аманатына» қатысамын деген халық үшін ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі бар, өз өнімін өндіріп, шағын кәсіптерін дөңгелетіп отырған шаруалардың тәжірибесін айту, көрсету өте маңызды болмақ. Бибігүл Асылова бұл ретте Ақмола облысы Қарабұлақ ауылында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, табыс тауып отырған Гүлмайра Баймақованың жұмысын мысалға алды.
«Жер-Ана Астана» қоғамдық ұйымының төрағасы, «Ар-ай» ауыл шаруашылы кооперативінің басшысы Гүлмира Баймақова тәжірибесін айтып, пікір алмасу үшін Ақтөбеге барған. Ол Ақмола облысында бау-бақша дақылдарын егіп, өңірлерді ішкі өніммен қамтып отыр. Бір қызығы, Гүлмира ханыммен жазда сөйлескенімізде ол «Қазақстанның солтүстігінде қарбыз өсіру бұрыннан келе жатқан арманым» деген еді. Қазір, міне қарыз да өсіріп отыр. Оның үстіне, ол Степногор қаласы мен Қарабұлақ ауылында бірегей жоба бастады. Жобасының аты «Балкондағы сиыр». Ал, мәні ерекше: Степногор қаласының тұрғындары мен Қарабұлақ ауылының тұрғындары өзара ынтымақтаса отырып сүт өндірісін дамытқан: яғни, қала халқы тікелей Қарабұлақ тұрғындарына тапсырыс береді, өз кезегінде, ауылда, қорасында бірнеше сиыры бар адам сүті мен майын тікелей тұтынушыға табыстайды, сол арқылы әрине, пайда көреді», – дейді ауыл шаруашылығы өнімдеріне бойынша әртүрлі бағытта табыс табуға болатынын айтқан Бибігүл Асылова.
Міне, мамандардың болжамынша осы және өзге де тетіктерді пайдалана отырып ауылдағы халық «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кішіден бастап, үлкен шаруашылыққа дейін дами алады. Ал, Түркістан облысына оралсақ, аймақ «Ауыл аманаты» арқылы облыстағы жұмыссыздар санын, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайтуды көздеп отыр. Егер жоба сәтті жүзеге асса, Түркістан облысы бойынша отбасылардың орташа табысы артуы керек.
