- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында қазақтың көзінен тым ерте жарқырап, ағып түскен қос жұлдыз – Саттар Ерубаев пен Ғани Мұратбаев еді. Бұл жолы еліміздегі жастар жылына орай Қазақстан мен Орта Азия жастар ұйымдарының жалынды ұйымдастырушысы, көсемі болған Ғани Мұратбаев жайлы еске алғанымызды жөн көрдім.
Ғани Мұратбаев 1902 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Ол осындағы орыс-қазақ мектебінде және бастауыш училищеде білім алған.
Оқып жүріп, саяси кітаптар таратушы революционерлермен, теміржолшылармен жақын араласады. Он бес жасар Ғани Октябрь жеңісін Қазалыда қарсы алады. Өз туған ауылында Қызыл Гвардия отрядтарын құруға атсалысты. 1918 жылы азамат соғысы басталғанда, Қызыл Армия қатарына жастарды шақырып, жалынды жігермен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Ғанидың өмірі тым қысқа болса да, тарих аспанынан құйрықты жұлдыздай ағып өтсе де соңына таңқаларлықтай өнегелі ісін қалдырды.
Педагогикалық училищенің оқытушысы, Жетісудағы комсомол ұйымдарының негізін қалаушы, Түркістан комсомол Орталық Комитетінің жауапты хатшысы, Түркістан Коммунистік Партиясының бюро мүшесі, Коммунистік Жастар интернационалы Атқару Комитетінің Шығыс бөлімінің меңгерушісі, РСФСР әскери-теңіз флотының құрметті матросы да болды.
Ғани Мұратбаевтың есімі бұрын да, қазір де тарих сахнасында жарқырап тұр. Бүкіл Қазақстан бойынша біздің Түркістан қаласында да мектептер, көшелер, қоғамдық жастар ұйымдары Ғанидың есімімен аталады.
1925 жылы Мәскеуде жастардың көшбасшысы бола білген жанмен қоштасу сәтінде, ақтық сапарға аттандыруға арналған қаралы митингіде көрнекті мемлекет қайраткері, қамқоршысы болған Нәзір Төреқұлов былай деген екен: «…Оны жүректегі Зердесі оттай жандырды. Ол өмірге жайнаған көз, жанған жүрек, сыбанған білекпен келген… Ғани Ұлы даланың жаужүрек ұланы, тартыстың отымен жанып кетті…»
Нұрмахан Назаров,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы».