«Қарты бар елдің – қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Қариялардың бос уақытын жүйелі ұйымдастыру, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Қарттардың қоғамдағы елеулі орнын ескере отырып, ардагерлермен мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қаламызда біршама жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 15 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Зейнет жасындағы тұрғындарға қолайлы жағдай жасауда «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-нің қызметі мол. Орталық зейнеткерлерге, ардагерлер мен мүгедектерге және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарға әлеуметтік-медициналық, психологиялық көмек көрсетіп, бос уақытын пайдалы өткізуге үлес қосып жатыр. Аталған мекеме басшысы Гүлжамал Даханованың айтуынша, мұнда күнделікті 60-70 зейнеткерге қызмет көрсетіледі. Жыл соңына дейін 2000 адамға қызмет көрсету жоспарланған. «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» қызметі мен санатына қарай үш негізгі орталыққа бөлінеді. Оларға «Белсенді ұзақ өмір», «TEN QOGAM» және «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу» орталықтары жатады.
Шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков орталық жұмысымен танысу барысында қарияларға жүрекжарды лебізін білдіріп:
– Бүгінгі бейбіт күніміз — Сіздердің кешегі еңбектеріңіздің жемісі. Баршаңыз кейінгі ұрпаққа жайлы орта үшін тер төктіңіздер, енді біз Сіздерге қызмет етеміз. Мен мүмкіндігінше жиі келіп, өздеріңіздің жағдайларыңызды біліп тұрамын, — деген болатын.
Айта кетейік, егде жастағы азаматтарға Белсенді ұзақ өмір орталығы 7 бағыт бойынша қызмет түрлерін көрсетеді. Атап айтқанда, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-ағартушылық, әлеуметтік экономикалық, сондай-ақ, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-демалыс бағытында жұмыстар арқылы жыл басынан бері 1966 қызмет көрсетіліп, зейнеткерлердің қатысуымен 10 іс-шара өткізілген.
Орталыққа келген бойда зейнеткерлер алдымен дәрігерлік тексеруден өтеді. Денсаулық жағдайы жіті тексерілгеннен соң күн сайын таңертең орталық жұмысы дене жаттығуымен басталады. Содан соң қызығушылықтарға қарай үйірмелерге бөлінген қарттар сергіту сәтін өткізеді. Мұнымен қоса, жазылған уақытына қарай әркім өзіне ұнаған қызмет түрін ала береді. Оған йога, хореография, АРТ терапиясы, массаж немесе бильярд болуы мүмкін. Бұдан бөлек ата-әжелер арасында спорттық іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Шахмат, дойбы, теннис, тастаяқтан ардагерлер осы іс-шара аясында өзара жарысқа түседі. Қызметкерлердің айтуынша, мұнда туған күн мен мерейтойлар да атаусыз қалмайды екен. Бір-бірімен жарасқан, жадыраған қарттардың әрбір қуанышы орталықтың ортақ жетістігі саналады.
Ашылғанына аз ғана уақыт болса да ауқымды істер атқарған мекеме үшін бұл айтарлықтай жетістік десек артық емес. Қарттарға қолайлы жағдай жасауды қамтамасыз ететін мекемеде бұдан бөлек демалыс аймақтарына жолдамалар да беріледі екен. Мысалы, тіркелген кезеңдеріне қарай зейнеткерлерге «Мейір» және «Ардагер» КММ-не демалуға 210 жолдама берілген.
– «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының мақсаты егде жастағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау болып табылады. Сондай-ақ, өз-өзіне қызмет ету және белсенді қимыл-қозғалыс қабілетін сақтаған қарт адамдарға бос уақытты пайдалы өткізудің кешенін ұсыну да біздің орталық қызметіне кіреді. Қарияларымыздың белсенді өмір сүру салтын сақтау және дамыту жолында аянбай еңбек етуге тырысып келеміз, – дейді Гүлжамал Даханова.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда Түркістан қаласында 15 мыңға жуық зейнеткерлер тұрады. Ал осы орталықта күнделікті 60-70 зейнеткерге тиісті қызмет көрсетіледі. Орталықтың межесі бойынша бір айда тұрақты түрде 120-150 зейнеткермен бағыттар бойынша жұмыс жүргізіледі. Жоспарлы түрде жүйелі жұмыстар жүргізуді мақсат еткен орталықтың алдағы уақытта көкжиегі кеңейіп, келушілері көбейетіні сөзсіз.
– Жыл басынан жоспар бойынша 2000 адамға қызмет көрсету жоспарланып, қазіргі таңда 1466 адамға қызмет көрсетілуде. Жоғарыда көрсетілген 7 бағыттағы жұмыстар да өз жалғасын тауып жатыр. Көрсетілетін қызметтің 7 бағыты бойынша осы кезге дейін 3066 қызмет көрсетіледі, – дейді орталық басшысы.
Расымен де, көрген адамға керемет әсер сыйлайтын орталықта қариялар мен зейнеткерлерге үлкен мүмкіндіктер қарастырылған. Әсіресе, дәрігердің бақылауы мен кеңесі бойынша психологиялық көмек, тұзды бөлме, сенсорлық бөлме, массаж, сауықтыру-гимнастика, ЛФК кабинеті, еңбек терапия, фитотерапия, ағартушылық кабинет, акт залы бар. Рухани-шығармашылық және салауатты өмір салты бағытында кітапхана алаңы, бильярд және теннис ойын алаңы, сонымен қатар, би, ән үйірмелері егде жастағы азаматтардың санасы мен денесін сергітетіні анық. Айта кетейік, мұндағы ерекше құрылғылар арқылы емдеу шараларының да маңызы айтарлықтай екенін аңғару қиын емес. Орталық мамандарының айтуынша, бір қолданысы 10 классикалық массажға тең жаңа инновациялық биоэнергетикалық ерекше массаж аппараты арқылы бірден 7 түрлі ем ұсынылады.
– Мен зейнеткер ретінде 2022 жылдан бері орталықтың қызмет алушысымын. Зейнетке шыққан соң, денсаулық сыр бере бастайды. Осы орталықтың бізге берері мол. Көтеріңкі көңіл-күй, жаныңа дауа және жақсы дос, жолдасты да осы жерден табуға болады.Бізге таңғы жаттығудан бастап жаттығу залына, массаж, тұз бөлмесі, токпен емдеу сияқты қызметтер көрсетіледі. Бізге осындай жақсы жағдай жасап берген қала әкімдігіне, осы орталықтың басшысы Гүлжамал Дахановаға алғысым шексіз! – дейді Керемет Абилова. Қашан барсаңыз да қуанышты, көңілді күймен қарсы алатын осынау орталық қарттардың екінші үйіне айналып кеткендей. Зейнеткерлер мен ардагерлердің белсенді өміріне жасалған бір мүмкіндік ретінде мекеменің әлі де берері мол екені анық.
Сондай-ақ, орталық құрамындағы «TEN QOGAM» бөлімшесі мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделуіне бағытталған лайықты еңбекке, жұмыспен қамтуға кешенді қызмет көрсетеді. Биылғы жергілікті бюджеттен «TEN QOGAM» орталығын қаржыландыру қарастырылып, бүгінгі таңда аталған бөлімше өз жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 11 018 мыңнан астам тағдыр сынағына тап болған азаматтар бар. Жыл басынан бері денсаулығында кінәраты бар 720 адамға қызмет көрсету жоспарланып, қыркүйек айын қосқанда 508 адамға қызмет көрсетілген. Атап айтқанда, жеті бағыт бойынша 1670 қызмет тіркелген. Сауапты да жауапты істерге жұмылған қызметкерлердің еңбегі елеулі екенін де айтқан жөн болар. Соның нәтижесінде жыл басынан бері 22 денсаулығында кінәраты бар азамат жұмысқа орналасып, оларға алты ай бойы бөлімше тарапынан сүйемелдеу қызметі көрсетіліп келеді. Олардың өмірден өз орнын тауып, қалыптасуына үлкен үлес қосу бүгінде мемлекеттің маңызды міндетіне айналуда. Орталық қызметіне жүгінуші азаматтардың қызметкерлерге айтар алғыстары бар екенін байқадық. Олардың айтуынша, асқан төзімділік пен үлкен жанашырлықты талап ететін жұмыс қазіргі таңда кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бірақ осы салада өздеріне қалтқысыз қызмет көрсетіп, қолдау білдіретін жандарға қарыздар екенін жасырмады.
Бұдан бөлек, орталықтағы мүмкіндігі шектеулі және зейнет жасындағы азаматтарға әлеуметтік сүйемелдеу қызметтерін көрсететін бөлімше 2021 жылы 13 желтоқсанда құрылған болатын. «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі» бөлімшесінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 29 желтоқсандағы №114-IV «Атаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңы және 2016 жылғы 21 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын бекіту туралы» №1079 Заңына сәйкес жұмыс жүргізеді. Айта кетейік, биылғы жылы жергілікті бюджеттен «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі» қаржы бөлініп, бөлімше жұмысын біршама ілгерілеген. Мекеме басшысы жыл басынан жоспар бойынша 250 адамға қызмет көрсету жоспарланып, маусым айында 143 адам орталыққа тіркелгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, бөлімшеде 8 бағыт бойынша 285 қызмет атқарылған. Мұнымен қоса зорлық–зомбылықтың алдын алу мақсатында жалпы орта мектептерінде профилактикалық кездесулер өтеді. Атап айтқанда, «Буллингтің алдын алу», «Жасөспірімдердің психологиясы», «Көңіл күйзелістерінің алдын алу» тақырыптарында, ата-аналар мен мұғалімдерге «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Отбасы құндылықтары» сияқты тақырыптарда кездесулер, тренингтер ұйымдастырылып келеді. Жалпы алғанда «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» 2023 жылдың 9 айы бойынша атқарған жұмыстары жоспарлы жүргізіліп келеді деуге болады. Көңіл көншіп, күз сүйсінетін орталық әлі де біраз жетістіктермен қуантатынына кәміл сенеміз.
«Атаңа не істесең, алдыңа сол келер» деген халық даналығын ескерсек, қарттарға лайықты қызмет көрсету – құрметтің бір белгісі. Бабалар сөзін бойтұмардай қастерлеген елдің әрдайым үлкенді үлгі тұтудан, кішіге ізет қылудан танбайтыны анық. Әсіресе, қарттардың тәжірибесі мен жемісті еңбектері, ақыл-кеңестеріңізден әрдайым жастарға өнеге болып келеді. Осы орайда, ел қазынасына айналған қарттар үшін елеулі істер тындырып, көмекке зәру жандардың жанашырына айналған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» орталығының еңбегі ескерусіз қалмайтыны анық. Жоғарыда айтқандай, сауапты да жауапты қызметке жұмылған жандарға қажымас қайрат тілегіміз келеді.
Дәурен ТІЛЕУХАН.
