Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жас ақын Арқалық Әмәлиятұлымен «Жайлауымда бір тау бар – Ортажүрек» атты кездесу кеші өтті. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің түлегі, республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының жүлдегері, «Әмірхан Балқыбек атындағы медаль» иегері, өлеңдері «Оңтүстік Қазақстан», «Қазақстан жолы» газеттерінде жарық көрген, «Жастық – жалын жыр», «Түркістан түлектері» жинақтарына енген, «Ұмытшақ көктем» жыр жинағының авторы кеш барысында кітапхана оқырмандарына шығармашылығын жан-жақты танытты.

Кездесудің басты мақсаты – жастардың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жас қаламгерлердің өрнегі мол жырларын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, кітап оқуға құлшынысын арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін ояту.

Кеш барысында ақынның «Ортажүрек», «Алматы жауын» өлеңдеріне жазылған әндерін Өмірбек Нышанбеков орындап, келушілерге керемет көңіл- күй сыйлады. Достары ақынның өлеңдерін оқып, «Ұмытшақ көктем» жыр жинағының шығу тарихынан сыр шертті. Кездесу жалықтыратын емес, шабыттандыратын кеш болды.
«Түркістан-ақпарат».