ТҮРКІСТАН: ЕҢБЕКТІҢ ШЫҢЫНА ШЫҚҚАН ШЕБЕР ЖАНДАР

265 көрілім

Үйде көненің көзіндей сақталып, тастауға қимай жүрген сүйегі мықты заттарыңыз болса әлде де қоқысқа лақтыруға асықпаңыз. Оның түбірін естелік ретінде қалдырып, реставрациялауға яки екінші жаңа өмір сыйлауға болады екен. Реставрация, өздеріңізге мәлім, ескірген, тозған дүниені қайта қалпына келтіру, жөндеу, жаңарту. Ал осындай ескі заттан жаңа бұйым шығарып, тапсырыс берушіні таң қалдыратын һәм қуантатын қолы ісмер адамдар бар екен. Ендеше, таныстыра кетейік, он саусағынан өнер тамған шебер, Сауран ауылдық округі Ынталы елдімекені Майдамтал ауылының тұрғыны Нармаханов Бауыржан Қалмаханұлы.

Жоғарыда айтқандай, ескі заттарды жөндеп, әрін келтіретін, жаңалап беретін Бауыржанның бұл кәсібі ауыл-аймаққа кеңінен танымал. Өзінің негізгі мамандығы теміржол диспетчері. Жұмыс бабымен Алматы қаласына барып, жиһаз жасайтын компанияда 12 жыл талмай жұмыс істеп, жиһаз өңдеу ісінің қыр-сырын әбден меңгереді. Кейін ауылға оралып, өз үйінен жиһаз дайындауды қолға алады. Әуелі ескірген диван-креслоларды, шкафтарды бұзып, сыртын жаңалап қаптаудан бастайды.  

«Бітер істің басына – жақсы келер қасына» демекші, бұл игі істе Бауыржанға қолқанат болып отырған жандар – анасы мен жұбайы.

«Анам Орал қаласында тігіншілік оқу орнын бітірген. Сондықтан тігіншілік істен хабары мол. Мен диванды қаптайтын маталарды өзім өлшеп, пішіп, қиып беремін, анам әрі қарай тігуді жалғастырады. Осылайша үйден ашылған цехімізде үшеуіміз диван-креслоларды жаңалап, ескі сандықтарды қазіргі стильге айналдырып жатқан жайымыз бар. Жұбайымның мамандығы химия пәнінің мұғалімі, қазір балаларға қарап отыр. Аллаға шүкір, төрт баламыз бар», – дейді кәсіп иесі өз отбасымен таныстыра келе.

Алматыда жұмыс істеген жылдары жиһаз жасаудың кәсібін толық меңгеріп, бүгінде өз пайдасына асырып отырған кәсіпкердің бұйымдарына ауылдан тапсырыстар жақсы түсетін көрінеді. Келе-келе Майдамтал ауылынан бөлек, көршілес ауылдардан сұраныстар арта бастайды. Қолынан іс келетінін түсініп, әрі қарай кәсібін дамытуды ұйғарған Бауыржан Қалмаханұлы мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасы арқылы бағын сынауды жөн көреді. Мұнда өз жобасын қорғап, 1380 000 теңге грантқа қол жеткізеді.

«Осы кәсіп, бәлкім мені табысқа жетелейтін істің бірі болар деп ойлаймын. Қолдан шыққан жаңа дүниелерді жасап болғаннан кейін өзіміз де қуанып кететініміз рас. Тапсырыс берушілер де риза. Алғыстарын айтып алып кетеді. Сонымен қатар сандықтарды да реставрациялаймын. Тапсырыс берген тұтынушылар кейде «мынау шынымен менің сандығым ба?» деп таңданып жатады (күліп). Адамдар қалап жатса, сандықты жаңадан жасар едім. Бұл бұйым қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі емес пе? Қыз жасауы үшін сандыққа тапсырыс беріп жатса, заманауи кейіпке ендіріп дайындау қолымнан келеді.

Негізі қолыңнан іс келсе, сол бойынша ізденіп, сүйікті ісіңді табыс көзіне айналдыруға болады. Міне, енді, Алла қаласа мемлекеттен алынған қаражатқа цехке қажетті құралдар алып, кәсібімді кеңейтсем деймін. Бұрағыш дрельдерге тапсырыс бердім, одан бөлек электр арасы, бұрғы, бекітетін түрлі бұрандалар, шеге, степлер т.б. заттар қажет», – дейді өз ісіне шынайы берілген кәсіп иесі.

Расында, «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деп бекер айтылмаған екен-ау. Өз ауылынан баршаға тиімді іспен айналысып отырған берекелі шаңырақты көріп шаттанасың. Тиімді деуіміздің себебі, ауыл адамдарына Бауыржан көрсетіп отырған қызметтің бағасы да қонымды, сапасы да өзгеден кем емес. Ал ауылда ата-әжелерімізден қалған қаншама сүйегі мықты шифонер дей ме, сандық дей ме, тумба дей ме – көненің көзі болған соң сары майдай сақталатыны анық. Келіні тастайын десе, апасы қимай, «шіркін-ай, атамның ұстағаны, енемнің көзі» деп көңілі қимай тұратындары жасырын емес. Осындайда Бауыржан шеберге барып, кеңесіп, өз ойыңыздағыдай жаңалатып алсаңыз – бәрі де риза болатыны сөзсіз. 

Байқасаңыздар, кәсіпкерлерді қолдап, шағын және орта бизнесті дамытқалы бері қолынан іс келетін біраз жандар қозғалып, әрекеттене бастады. Бұл өте қуантарлық жәйт, қазіргі нарықтық заман талабы да солай болып тұр. Яғни, «қолың қимылдаса, аузың қимылдайды». Қолға алған қайсыбір әрекетте болмасын шыдамдылық, талапшылдық пен жауапкершілік қажет. Осынау қасиеттерді жанына серік етіп, тәуекелге қадам басқан ержүрек қыз-келіншектер арамызда баршылық.

Осы ретте Түркістан облысы Түлкібас ауданы Шақпақ баба ауылында тұратын Саракүл Төлепбергенова апайымыздың бастаған ісі көпке үлгі. Саракүл апай «АсылНұрҒұлан» тігін шеберханасын ашып, құрақ көрпелер, махабат көрпелері, матрастар, бесік жабдықтары сияқты түрлі қазақы нақыштағы ұлттық жабдықтарды тігіп, өндірістің осы түрінің еңсесінің тіктей бастауына үлес қосуда.

«2023 жылдың шілде айында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша құжат тапсырып,  2 млн 700 мың теңгеге қол жеткіздік. Ол қаржыға 8 тігін машинасын, 1 оберлок, 3 үтік алдық. Бұл істе маған қолғабыс етіп отырған келінім Ақбота. Үйден екі бөлмелі цех ашып, кәсібімізді бастап отырған жайымыз бар. Алдағы уақытта цехті үлкейтуді армандаймыз. қолымыздан шыққан дүние халыққа ұнап жатыр», – дейді тігін цехін ашқан ісмер апа.

Мұнан алдын әкімдіктің қолдауымен ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесін алып, тапсырыстарын табысты орындап жүрген апасы мен келіні үй алдындағы цехқа ауысады. Цехта 5 маман жұмыс жасайды. Барлығы да он саусағынан бал тамған ауылдың келіншектері. Үлкен көрпе мен көрпешелерді тігу мен қабу сияқты жұмыстарда бірінің ойын бірі қолдап, жаңа идеяларын ортаға салып, әдемі бұйымдар шығарып отырған аяулы жандар. Енесінің ісін құптап, кәсібінің ары қарай гүлденуіне атсалысып жүрген келіні Ақбота Сақтағанова да осы саланы жетік меңгерген маман. Ол сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсіпке қатысты құжаттарды реттеп, шаруаны тап-тұнақтай тындырып отырған ауыл-аймақтың бетке тұтар келіні.

– Шеберлер негізгі дүниені белгілі бір жоспармен, арнайы үлгіге сүйене отырып тігеді. Дегенмен, тапсырыс берушілер арасында өз қалағанын білдіріп жататындар да аз емес. Немерелерім де құрақтың қиындыларын қиюға, кестелеуге көмектесіп тұрады. Отбасымызбен жабылып кетіп жасайтын кездер болады. Құрақ құрап, көрпе қабу оңай шаруа емес. Маталарды таңдап, түстерін үйлестіру қажет. Осының бәрін тұтынушының көңілінен шығатындай, көзге жарқ етіп көрінетіндей болу үшін жан-тәнімізбен беріліп еңбек етіп келеміз. Бүгінге дейін ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесінде ақы төлемей жұмыс істеп келдік. Мұның өзі үлкен көмек болды бізге. Жағдайымызды түсінген әкімшілік қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Қарап отырғандарыңыздай, мемлекеттік жоба аясында ақша алып, шаруамызды бір ізге салып, түрлі жоспар құрып отырмыз. Тапсырысты молынан орындау үшін отыратын орнымыздың да кең болуы тиіс.

Шүкір дейік, тапсырыстар көпшіліктің көңілінен шығып, өнімдеріміз Шымкент, Алматы, Астана, Тараз, Атырау, Бурный қалаларына, сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Бішкек елдеріне жіберілді. Алдағы уақытта қыз жасауынан бөлек, балалар киімдерін де тігіп  шығарсақ деген ойымыз бар. Біздің өнімдер  нарыққа сай бағамен ұсынылады. Махабат көрпелері 25 мыңнан, жамылға көрпелер 8 мыңнан, матрастар көлеміне қарай 7,5-8 мыңнан, құрақ көрпелер 18-22 мыңнан сатылымға шығады. Жабдықтар  күңгірт велюр, сатин, королевский велюр сынды материалдардан тігіледі. Осындай жұмысымыздың ілгерілеуіне, орнымыздың кеңеюіне ықпал еткен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасындағы білікті мамандарға алғысымыз шексіз»,- дейді ізгі қуанышын білдірген кәсіпкер апа Саракүл Төлепбергенова.

Міне, ешкімге алақан жаймай, қаражат жоқ, қымбатшылық қысты демей, өз әрекетінен берекет тауып отырған түлкібастық отбасыға қалай сүйсінбейсің?! Мемлекет көрсетіп келе жатқан қолдаулардың, қаржылай көмектің арқасында тек соңғы бір жылдың ішінде өнім көлемін әжептәуір өсіруге қол жеткізіп, өз ортасына сыйлы болып отырған берекелі шаңыраққа мол жетістік, толағай табыс тілейміз.

Н.Иманқұлова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы