ТҮРКІСТАН: КЕНТАУЛЫҚ НАУБАЙХАНАШЫ ӨЗ КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТІП ОТЫР

272 көрілім

Түркістан облысында мемлекет қолдауының арқасында табыс тапқандар артып келеді. Соның бірі – Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылының тұрғыны Жайсанкүл Буйрашева. Бүгінде кәсібін кеңейтіп, табыстың көзін көбейту жолында тер төгуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3 млн. теңге несие алып, нан пісіруге қажетті құрылғыларды сатып алған.

Бұған дейін аз-маз пісіріп келсе, енді пештің бірнеше түрін пайдаланып, өнім көлемін арттырды. Одан бөлек тапсырысқа орай тәтті тоқаштар жасайды.

Жайсанкүл Сарсенбайқызы кондитерлік нан өнімдерін шығаруда 10 жылдан астам еңбегі бар. Отбасылық кәсіпке айналған. Өзінен бөлек келіні мен жолдасы көмектеседі. Қазіргі таңда күніне 100-120 нан пісіруде. Шығарылып жатқан нан көлемі Хантағы ауылынан артылмайды. Болашақта қаладағы барлық дүкенді қамтитындай ұлғайту жоспары бар.

– Адам еңбек етуден шаршамау қажет. Тынымсыз еңбек бар жерде, береке болады. Осы саланы қаншама уақыт алып келсем де, шаршағанды білген емеспін. Мемлекет қолдауының арқасында кәсібімнің көлемі ұлғайып, жұмыс күші де көбейді, – деді кәсіпкер.

Осы орайда Түркістан облысында еңбекке құштарлықты арттыру мақсатында наубайхана үшін қажетті бизнес жоспарды бөліспекпіз.

Тамақ өнімдері ішіндегі көшбасшылардың бірі болып нан пісіру саласы саналады. Оның өнімі ең керекті және оған деген сұраныс әрдайым жоғары болып табылады. Басты нан шығарушылар – үлкен нан зауыттары мен комбинаттар. Кішігірім нан пісіретін наубайханалар стандартты ақ нан мен қара нан өндірісі бойынша үлкен зауыттармен бәсекелесе алмайды, бірақ олардың сирек кездесетін нан түрлерін (мысалы, диеталық, ұлттық, эксклюзивті және т.б. нандар) пісіру бойынша нарықтан орын алып, жақсы табыс табуы әбден мүмкін, себебі олар кішкентай болғандықтан өте мобильді.

Ғимарат. Нан өнімдерін пісіру бойынша бизнес ашу үшін бастапқы капитал ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 31 қаңтардағы № 94 бұйрығымен бекітілген №4.01.064.03 «Нан, ұннан жасалатын тағамдар, макарон және кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру бойынша санитарлы-гигиениялық және эпидемияға қарсы талаптар» атты санитарлық ережелер мен нормаларға сай, кем дегенде 50 м²-лік ғимарат керек.

Шағын наубайхана ашу бойынша кішігірім бизнесті бастау үшін сауда нүктесінің орналасу орнын дұрыс таңдау өте маңызды. Бастысы, оның жанынан адамдар көп жүретін болуы керек. Яғни сауда нүктесінің аялдамалар, вокзал, әуежай, өндіріс заттарын сататын дүкендер, базарлар т.б. жерлердің маңында болғаны дұрыс. Сату орны стационарлы немесе жылжымалы (тонар) болуы да мүмкін.

Сату нүктесінің орналасатын жері белгілі болғаннан кейін, онда сауда жасауды жүзеге асыру үшін СЭС қорытындысын алу керек. Жұмыс жасайтын сатушылардың әрқайсысында санитарлық кітапшаның болуы міндетті.

Құрал-жабдықтар. Бизнесті ұйымдастырудағы келесі кезең – құрал-жабдықтар алу. Кішігірім наубайхана үшін мыналар қажет: конвекционды пеш (бағасы 100 000 теңгеден жоғары), шкаф (70 000 теңгеден жоғары), дайын өнімдерді қоятын жылы сөрелер (40 000 теңгеден жоғары), тот баспайтын болат противиньдер (1500 теңгеден жоғары), мұздатқыш ларь (шамамен 75 000 теңге). Құрал-жабдықтарды кәсіби технологтар орнатады.

Технология. Дайын өнімдер шығару үшін жартылай фабрикаттар керек болады. Айта кететін жайт, қазіргі кезде дайын өнімдердің мұздатылған түрлері бар, яғни оларды пайдалану үшін жылытатын микротолқынды пеш қажет. Бірақ олар дәмі мен сапасы жағынан жаңа піскен тағамдардан аса алмайды.

Өнім дайындау технологиясын игеру қиын емес. Ол бар-жоғы екі бөлімнен тұрады:

1) мұздатқыштан жартылай фабрикаттарды шығарып, жалғамалы шкаф ішіне 40-60 минутқа қою.

2) осы өнімді 15-20 минутқа пешке салу.

Бір кішігірім наубайхананың өнім шығару көлемі тәулігіне, шамамен, 0,5 – 1 тонна. Алайда күніне 10-12 тонна өнім шығаратын наубайханалар да бар.

Қызметкерлер. Бір наубайхананың жұмысы үшін 2-4 адам қажет. Ережеге сәйкес, наубайханадағы жұмыс кезекпен ұйымдастырылады, сондықтан да, әдетте қызметкерлер саны кезектің пропорционалды санына қарай көбейіп отырады. Нан пісірушілерден басқа, бизнесті жүргізу үшін кем дегенде бухгалтер мен жүргізуші керек.

Өнімді өткізу. Бизнесті дамыту үшін маңызды фактор тұтыну нарығын тиянақты талдау болып табылады. Бәрінен бұрын, өндіретін өнім түрлерін дұрыс таңдап, баға белгілеу саясатын сауатты жүргізу керек. Өнім бағасы сатып алушылардың басым бөлігіне қолжетімді болуы қажет. Бұған қоса, тұтынушылардың санын көбейту үшін және бизнесті кеңейту үшін пісірілген өнімді үйге немесе жұмыс орнына жеткізіп беру іспетті қосымша қызмет көрсетулерді ұсынуға болады. Әрі қарай бизнесті бір ғана сату нүктесінен тұтас бөлшек сауда жүйесіне айналдыру мәселесін қарастыруға болады.

Болжамды есептеулер.

Шығыстар:
– 50 м²ғимаратты жалға алу – ай сайын 115 000 теңге .
– құрал-жабдықтарды сатып алу – 320 000 теңге.
– шикізат – 100 000 теңге.
Барлығы: 535 000 теңге.

Табыс:

Қарапайым нанның өзіндік құны 36 теңгені құрайды, ал сатылу бағасы (сату аймағына байланысты) 60 теңге. Орташа есеппен күніне кем дегенде 400 нан сатуға болады (сату аймағына байланысты), ал бұл күніне 24 000 тенгені құрайды.

Наубайханалар мен кондитерлік кәсіпорындарды дұрыс ұйымдастырса, шығындары жылдам өтелетін нарық субъектісіне айналады

Біз нанды аз жейтін болдық. Зерттеушілердің мәліметтері бойынша, соңғы жылдары бір адамға шаққандағы тұтыну тәулігіне 500-ден 100 грамға төмендеген. Бірақ, бұл фактіні нан пісіру бизнесін жасағысы келетіндер қаперге алмауы тиіс. Тек, бұл ғана емес. Ас атасын сатып алу азайған жоқ, сол себепті наубайханалар мен кондитерлік цехтар сол бұрынғысынша рентабельді, нарықтың жылдам өтелетін субъектісі болып қалуда. Әрине, егер оны дұрыс ұйымдастырса.

Облыстың Іскер әйелдер кеңесінде өткен семинарда осы жайлы сөз қозғалды. Шығыс тәттілері фабрикасы құрылтайшыларының бірі Жанаргүл Құлмағамбетова  бизнес-тренер  болды. Бұл кәсіпорын  15 жыл бұрын шағын цехтан бастау алған болатын, ал қазір бұл екі технологиялық желісі бар толыққанды фабрика және өз өнімін экспортқа да шығарады.

Тыңдаушылар аудиториясын декреттік демалыста отырып, өз идеяларын іске асырғысы келетін жас аналар, кішігірім құймақ жасайтын орындары, наубайханалары, аспаздықтары бар әйелдер, жай ғана «бәліш пісіргенді ұнататын» әрі мұнымен ақша табуға болатынын білетін үй шаруасындағы қыз-келіншектер, сондай-ақ, кәсіптік білім еш уақытта артық болмайды деп санайтын табысты кәсіпкерлер (оның ішінде бірнеше ер адам да бар) құрады.  

Қолда бар мәліметтер әр түрлі: нан кейде аз, кейде көп сатылады. Себебі нан өнімдері сан алуан және оның ассортименті үнемі көбейіп отырады. Өндірушілер кез келген талғамға сай өнім шығарады – түрлі ұннан әзірленетін нан, сан алуан қоспалар, дәрумендер қосылған, ашытқысы бар, ашытқысыз, айранмен, сарысумен, сусамырмен ауыратындар үшін, арықтағысы келетіндер, спортшылар үшін және т.б. заманауи наубайханалар мен кондитерліктер ассортимент арқылы пайда табады – сарапшылар осылай дейді. Тек әлеуметтік бөлке нан пісіріп қана қою пайдасыз, бірақ өнімнің бұл санатынан бас тартуға да болмайды. Дегенмен, мемлекет бұдан былай әлеуметтік нан шығаруға дотация бермейтін сыңайлы.

«Кәсіпкерлер палатасының бұған қатысты пікірі басқаша. Біз Үкіметке дотацияларды сақтау қажеттігіне негіздеп хат жаздық, бірақ мәселе әлі шешілген жоқ», – дейді Жанаргүл Құлмағамбетова.

Алайда, өндірушілер тұрғындардың әртүрлі топтарының қажеттіліктерін ескеруі тиіс.

Наубайхана, кондитерлік цех, аспаздық колледж студенттеріне арналған практиканың базасына айнала алады. Бұл пайдасы бар іс. Ынталы оқушылар – қосымша, тегін жұмыс күші екендігі де маңызды. Оған қоса – креативті, жаңа теориялық білімдерге ие топ. Практика кезінде кәсіпорын қожайыны мүлтіксіз таңдау жасап, болашақ маманды штатқа қабылдай алады. Бәлкім, алдағы уақытта практиканттардың тәлімгерлері жалақысына қосымша алуы да мүмкін – бұл мәселе қазір Ұлттық палатада және Үкіметте талқыланып жатыр.

Интернет үй шаруасындағы әйелдердің өмірін тұтастай өзгертті. Әлеуметтік  желілер даңғойлықтың жәрмеңкесіне айналып қана қоймай, жарнама мен  сауда алаңына айналды. Сарапшылар «достарыммен жеген  …-нің бәліштері қандай керемет» деген тәрізді сөздер қала орталығындағы орасан зор баннерге қарағанда, анағұрлым көп клиент тартады дейді. «Дәмді» бизнестің  бөлшек саудаға арналған ғимараты болмауы мүмкін, демек, кәсіпкер тұрғын жайды жалға алу, сатушыға жалақы төлеу және т.б. үшін шығынданбайды.  Бәліштер, суши, жапон, тай, орыс асханасының ыстық тағамдарын тапсырыспен дайындау және мекенжайына жеткізу тіпті ыңғайлы. Бизнестің мұндай түрі Қарағандыда да кеңінен тарап келеді.

Жанаргүл Құлмағамбетова стартапшылардың заңды тұлғалар саласындағы тұтынушыларға ерекше назар аударуына кеңес берді, бұл нарықтың орасан зор сегменті. Балабақшалар, мектептер, ауруханалар және т.б. кейтерингке, яғни тағамды жеткізуге баяғыда-ақ көшкен. Жеткізуші компаниялармен нан  және азық-түлік өнімдерін өндіру туралы келісімшарттар жасауға болады.

Егер өндірістік тұрғын жай туралы айтатын болсақ, онда электр қуатының болуын, алынатын құрал-жабдықтың көлемін, желдету және тағы басқаларын назарда ұстау керек. Әйтпесе, күтпеген проблемалар пайда болуы мүмкін. Айталық, Осакаров ауданының кәсіпкері өндірістік ғимарат салған, бірақ өндірісті іске қоса алмаған, себебі орнатылған жабдықтың қуаттылығы 380 ватт екенін ескермеген. Жағдайды шешу үшін бір жыл уақыт және Кәсіпкерлер палатасының көмегі қажет болды.

Сондай-ақ, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорнының иесі оның өндірісі қандай есіктен басталатынын білуі тиіс. Санэпидқызмет жұмыскері кейде кіреберістен де сынама алғысы келуі мүмкін (бұл дұрыс емес), өйткені тазалық аумағы цехқа апаратын есіктің ар жағынан басталады.

Санитарлық-гигиеналық қызмет жұмыскерлерінен қорқудың қажеті жоқ дейді бизнес-тренер. Олар міндетті түрде сізді тексеретін болады, сол себепті бизнесті дамыту үшін әуел бастан бірлесіп әрекет еткен жақсы.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы