2024-жылдың жетінші қаңтарында киелі Түркістан жерінде бастау алып, он күнге созылған жасөспірім балалар арасындағы шахматтан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Шахматтың классика, рапид, блиц түрлерінен өткен шаршы тақтадағы тартысты сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 405 дарынды жас қатысып, бақтарын сынады.
Шахматтың ең күрделі түрі саналатын классикалық шахматтан әрқайсысы үш сағатқа созылған 9 тур өткізіліп, нәтижесінде ең жоғары ұпай жинаған түркістандық жас шахматшы Асия Асылхан чемпион атанды. Бұл жеңіс – тек жеңімпаздың, ата-анасы Талғат және Мираның, бүкіл Құдияровтар әулетінің, талай жүйрікті баптаған бапкері Асхат Майкотовтың ғана емес, небір дарын-дардың кеніші – Түркістанның, соның ішінде, Қазақстан шахматының жеңісі.
Әлем чемпионатында қазақстандықтар намысын қорғайтын тұлымшақты қызымыз Асияға жеңіс тілейміз. Сондай-ақ, түркістандық шахматшылар қор-жыны тағы бір қола медальмен толықты. Түркістандық үздік шахматшы, Азия чемпионатының шахматтың рапид түрінен күміс жүлдегер Әселай Сейдулла бұл чемпионатта қола медальді еншіледі. Ой үздігінің қатарынан оза шауып, бәйге алуы жолында сарыағаштық бапкер Болат Даутов мол еңбек сіңірді.
Түркістандық шахматшылардың жеңісі мұнымен де шектелмеді. Киелі қаламыздың шахматының дамуына зор үлес қосып жүрген ұстаз, бапкер Қуанышбек Жұмадуллаевтың немересі, Ақмола облысының намысын қорғаған Алия Қуанышбек ұшқан ұядан алған тәлім-тәрбиенің зая кетпейтінін дәлелдеп, классикадан 5,5 ұпай жинап, тоғызыншы орынды, рапидтен 5 ұпай жинап, он тоғызыншы орынды иемденді.
Жалпы, сайыс қорытындысында 54 ойыншы үздік шықты. Олар Қазақстан шахмат федерациясы атынан Бразилияның Флорианополис қаласында қазан айында өтетін әлем біріншілігінде ел намысын қорғайды. Командалық есеп бойынша Астана – бірінші, Атырау – екінші, Қызылорда облыстары үшінші орындарды өзара бөлісті.
Түркістан шахматының тарихында тұңғыш рет өткен республикалық чемпионаттың жабылу салтанатына Түркістан облысы әкімдігінің аппарат басшысы, ҚШФ-ның Түркістан филиалының президенті Еркеғали Амантайұлы Алимкулов, ҚШФ-атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова, облыстық спорт басқармасы директорының міндетін атқарушы Айдос Қалтаев, осы іс-шараның тиянақты, ойдағыдай өтуі жолында көп еңбек сіңірген қызметкер Дастан Қапаев, т.б. ресми орын өкілдері қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, үздіктерді марапаттады.
Чемпионаттың бас төрешісі Тимур Қасымов барлық қатысушыларға ізгі ниетін білдіріп, әлемдік чемпионатқа жолдама алған жеңімпаздарға сәттілік тіледі. Жабылу салтанатында түркістандықтардың төл туындысы, дәстүрлі «Шахматшылар маршы» орындалды. Түркістан төрінде өткен ауқымды іс-шараға қатысушылар түлеп-түрленген Түркістанның көрнекті жерлерін аралап, қонақжайлығымызға риза көңілмен аттанды.
Кездескенше, «үздік ой иелері» – жас достар!
«Түркістан-ақпарат».