ТҮРКІСТАН: ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН ҚАЗАҚЫ ДӘСТҮРЛЕРДІҢ МАҢЫЗЫ

204 көрілім

Қазақ-қазақ болғалы еті мен сүйегіне сіңген ұлттық өнерімен, өзіндік салт-дәстүрімен, әдеп-ғұрпымен ерекшеленді. Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, тал бесіктен-жер бесікке дейін әдеп-ғұрып, салт-дәстүрін, өнерін сақтаған.  «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар»,-дегендей қазіргі таңда ұмытыла бастаған салт-дәстүр қайта жаңғырып, рухани азығымыз тола бастады. Ата-бабаларымыздан мұра боп қалған салт-дәстүрлер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сол себепті оларды біліп жүру, өмірде іске асыру да артық етпес. Салтымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық өнерімізді  болашақ ұрпағымыздың санасына сіңіре білуіміз керек.

     Өмірде екі байлық бар: білім және өнер. «Домбыра – қазақтың қасиетті дүниесі. Оны тарта алмасаң да, қадірлей біл. Себебі, баланың бойына халықтың рухани байлығын сіңіру домбырадан басталады. Білім  беру саласында да ұлттық құндылықтарды насихаттау, дәріптеу мақсатында «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында көптеген іс-шаралар мен бағдарламалар жүзеге асуда. Атап айтар болсам, биылғы оқу жылында білім ордасында домбыра үйірмесі ашылмақшы және қоңырау уақытында рухты көтеретін, жігер беретін, қанаттандыратын қазақтың ұлттық күйлері қосылатыны көңілге  қуаныш ұялатады. Осы бастаманы одан әрі жалғастырып, тек білім ордасында ғана емес, қоғамдық орындарда, мемлекеттік мекемелерде саябақтарда қосып қойса күй өнерін ұлықтаған болар едік.

       Ұлттық ойындардың да алар орны бөлек. Атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып келе жатқан  таусылмас қазына. Баланы ойын арқылы, ойлау қабілетін дамытамыз. Балаға ұлттық ойындарды ойнатып қана қоймай спортқа, ұлттық ойын түрлеріне деген қызығушылығын  арттырып, оның маңыздылығын, қажеттілігін адам денсаулығына пайдалы екенін  ерте жастан жіті түсіндіру керек. Ойын түрлерінің төресі-тоғызқұмалақ десем артық айтпаған болар едім. Себебі: баланы шапшаңдыққа, есептеуге үйретіп қана қоймай жанын тыныштандырады.

Соңғы жылдары ата-аналар балаларының төбесіндегі шашын жіберіп, айдар тағу үрдісі белең алып келе жатқанын байқаймыз. Бұл ежелден келе жатқан ғұрып қаһарлы күш қуаттың белгісі тәрізді болған. Ал қазірде айдарды ата-аналар балаларына көбіне көз тимесін деген ырыммен қояды. Бұл көзі өткір жандардың назары баланың айдарына аусын деген сенімнен туындаса керек.

Сонымен қатар, қазақта ұл баланы зарығып жүріп көрген ата-ана ұлына кішкене күнінде төбе шашын ұзартып өсіріп, моншақ араластырып өріп қойған. Ал, кейбір деректерде құлдың, күңнің баласына айдар қойылмаған делінеді. Ол көбіне дәулетті, бай-манаптардың ұрпағының әлеуметтік статусы ретінде белгіленген.

Бала ес біле бастаған шағында, айдарынан намыстанған кезде оның айдарын алып тастау рәсімі жасалған: ауыл ақсақалдары жиналып, балаға тілектерін айтып, бата берген, май сойылып, ет асылған. Осылайша ата-ана ұлдарының ер жеткендігін паш етіп, елдің батасын алған. Қазіргі уақытта айдар көбіне мектеп жасына дейінгі балаларға, сүндетке отырғызғанға дейін ғана қойылады.

Айдар қою – моңғол, қытай, маньчжур, қалмақ, украин, түрік т. б. халықтарға тән және ежелде жыныстық айырмашылықтың бір белгісі ретінде де саналған. Балалардың төбе шашын ұзартып өсіріп, моншақ араластыра өріп қояды. Ежелгі бейнелер мен суреттерге зер салсақ бұл үрдісті ата-бабаларымыз жиі қолданғанын байқаймыз.

Жалпы, тарихи деректерге назар салар болсақ, айдар дегеннің мынадай да түрлері бар екенін көреміз: яғни, айдар – жылқының құйрық жалына алтындаған зер қосып, жеңіл өрілген бау. Осыған орай тілімізде «ат қойып, айдар тағу» деген бейнелі тірек сақталған.

Көне түрік заманнан қалған қызықты деректерде жас бала алғаш рет жүректілік көрсетіп, шамасына сай ерлік танытқан уақытта өзіне ат қойып, айдар тағылатын болған. Мысалы, Ғабиден Мұстафиннің шығармасында «Жібекке «Әнші қыз» деген атақ беріліп, айдар болып тағылды» деген тіркес бар. Осы ырымға сәйкес, бала атақты, батыр болсын деген ниетпен Айдар деп те ат қойылған.

Ер жігіттің ерлік жасаған әрекетін айқындап, ерекшелеп көрсету үшін айдарды жас батырдың кежегесіне таққан. Ал кегеже дегеніміз – түркілердің желкесіне түсіп тұратын жуан бір өрім шашы. Тілімізде сақталған «кежегесі кері кету», «кежегесін кері тарту» деген сынайдағы сөз тіркестері осыған меңзейді. Кежегемен мағыналас сөздер өзге де көршілес ұлттар тілінде ұшырасады. Мәселен, алтай тілінде «кәде», қырғыз тілінде «кежи», орыс тілінде «коса» деген сөздер бар. Жалпы айдар тағу ғұрпы ер балаларға жасалады. Сәбилерге кекіл, тұлым да қойылады.

Кекіл қою

Кекіл – қызға да, ұлға да тән шаш үлгісі. Кекіл қою дегеніміз – маңдай тұсында шаш қою рәсімі. Жас балалардың қарын шашын тегіс ұстарамен алып тастайды да, маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, оның жиегін тегістеп қиып қояды. Кекіл балаларға жарасымды ажар береді, сүйкіміне сүйкім қосады деп есептелген және кекілде ата-ананың үкілеген үміті, балаға деген мейірімі мен сүйіспеншілігі жасырынған деген ұғым болған. Сонымен қатар, баланың кекіліне періште ұялайды, оны қорғап жүреді деп сенген. Ғұрыптық мәнге ие бұл рәсім ежелгі дәуірде көптеген халықтарда болған.

Қарағым, айналайын, кекілдім-ай,

Көгілдір аққудың секілдім-ай. (Халық өлеңі).

Тұлым қою

Қыз бала бір жасқа толғаннан кейін қарын шашын алып, екі шекесіне екі шөкім шаш қалдыратын болған. Оны «тұлым шаш», «тұлымшақ» деп атаған. Тұлымды да қыз балаға көз тимесін, сұлу, сымбатты болып өссін деген ниетпен қойған. Осы жастан бастап қыз баланың шашын алмай, қарын шаштан қалған тұлымын кейін жетіліп өскен шашына қосып өріп өсірген.

Қыздар шашын көбіне қос бұрым етіп өріп, бас киімсіз-ақ жүре беретін болғанымен, бойжеткендер тұлымды кәмшат бөрікке, үкілі тақияға, моншақты сорабаға жарастыра киген. Әйел күйеуге шығарда қыздарының тұлымы жиналып, бұрымына қосылып өрілген. Келін болған соң самай шашын басқаға, әсіресе ер адамдарға көрсетпеу үшін кимешек киіп, орамал тартқан.

Сонымен қатар, әйел адамның тұлымы жақыны қайтыс болғанда жайылған. Өлген адамның әйелі, қыздары, туған анасы, қарындастары, келіндері шаштарын жайып жіберіп, бүйірлерін таянып, қара жамылып, жылаумен болады. Ежелде өлген адамның, әйелінің, туған қыздарының шаштарын ауыл әйелдері тарқатып, жаяды да жетісі өткен соң қайтадан өріп беретін болған. Ал келіндері болса, олар шаштарын жетісіне дейін өздері тарқатып, керек болғанда өздері өріп алатын. Қазақтар арасында ерлер ХІХ ғасырда өзінің ата-бабаларына қарағанда шаштарын тықырлатып қырып тастайтын болған.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері халқымыздың ұмыт бола бастаған қолөнері қайта жаңғырып, жаңаруда. «Шебердің қолында кәсіп болған бұл ағаш»,- деп Қашаған жырау жырлағандай қазіргі таңда саятшылық құрып, ағаштан түйін түйіп, темірден өрім өрген зергер-шеберлеріміз де аз емес. Осындай зергерлердің қолынан шыққан шашбау-шолпыларын қаракөз қыздарымыз сыңғырлатып тағып, ұлттық нақышта тігілген кәжекей-камзолдарын кисе және ағаш тостағаннан ақ ұсынып алдыңнан шыққанда сұлулыққа неге тамсанбасқа?! Асыл әжелер ақ кимешегін киіп  әуелетіп халық әндер шырқай отырып киіз басып, ши тоқыса, ақ сақалды қарт қазыналармыз батасын беріп ұрпағының амандығын тілеген.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы