Қазақ халқы қай заманда да өнерден кенде болмаған. Әр ауылда қазақтың киіз үйін жасайтын үйшілер, сандық, кебеже жүк аяқ сынды үй жиһаздары мен әртүрлі әшекейлер т.б. қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлер болған. Ата-бабаларымыздың қолынан шыққан қолөнер заттары сонау ерте замандардан дамығандығын археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған заттар арқылы біле аламыз. Қазақ халқы өз тұрмысына керек заттардың бәрін қолөнер арқылы жасады, өзінің тұрмыс-тіршілігін, қоршаған дүниені, әсемдікті қолөнерде көрсете білді. Халқымыздың тұрмысында күні бүгінге дейін сақталып келген тұрмыстық бұйымдар қолөнеріміздің озық үлгілері өте көп, солардың бірі болып саналатын қазақтың тоқыма және киіз басу өнері, ағаштан жасалған бұйымдар туралы жазғанды жөн көрдік. Өйткені аталған өнерді жасайтын оның қыры мен сырын егжей-тегжейіне дейін жете білетін аға ұрпақ ауыспай тұрғанда экспедициялар ұйымдастырып, мәліметтер жазып алу біздің мақсатымыз. Ұлт қолөнерін бүгінгі күнге аман жеткізген оны келер ұрпаққа насихаттауды парыз деп санайтын көненің көзін көрген ақ жаулықты апаларымыз бен аталарымызды ел байлығы десек жарасады. Өкініштісі атадан балаға мирас болған қолөнерді жалғастырушы шеберлердің қатары сирей түсуде. Сондықтан халықтың қолтума өнерін сақтап қалу бүгінгі ұрпақтың да асыл парызы. Ел іші өнер кеніші, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар бөлімінің қызметкерлері биылғы жылы Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенінде болып мақаламыздың арқауы болып отырған ел арасында сиреп бара жатқан қолөнер түрлері туралы этнографиялық деректер жазып алып қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдарын Отырар қорық-музейінің қорына өткізді. Халық шеберлерінің асыл мұраларын сақтап, біздің заманымызға дейін алып келушілер жайында әңгіме етер болсақ, соның бірі Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенінің тұрғыны Моншақ Көмекқызы нағыз шебер деп айтсақ артық болмас еді. Ол өз жұмысын қолөнер жұмысына бағыштап 60 жылдан астам уақыт қолөнермен айналысып келеді. Ел ішінде қадірлі ұста атанып өнерімен елге танылған әйгілі шебер қазіргі таңда жасы сексеннен асса да қол қусырып отырмай өз өнерін жастарға үйретіп жүр. Оның жасаған бұйымдары әлі де сақтаулы. Атап айтатын болсақ, қолөнер шеберінің жасаған киіз үйдің маңдайшасы, оның бетіне түрлі түсті матадан қос мүйіз ою-өрнектері, ал шеттеріне сыңар мүйіз ою-өрнектері түсірілген түрі ерекше көз тартады. Шеттеріне тұмарша, ал ортасына сынық мүйіз, тұмарша, егіз жұп, төрт құлақ, ағаш ою-өрнегі түсірілгені киіз үйдің басқұрын ерекше атауға болады. Ел ішінде сөз өнерінің де қолөнерінің де қадірін білген қасиетті кісілер өткен. Солардың өнерін жалғастырған халық шеберлерінің жасаған қолөнер бұйымдары арқылы ұлттық мәдениетімізді сырт жұртқа таныта аламыз. Қолөнер шеберлерінің бірі Шұбарсу елді мекенінің тұрғыны Гүлсінәй Қожанова түкті кілем, тақыр кілем, алаша тоқу, текемет басып сырмақ сыруды өз анасынан 9 жасынан бастап үйренген. Өзі тоқыған бау басқұрларын Отырар қорық-музейі қорына тапсырды. Жүннен жасалған бұйымдар тоқу үлкен еңбекті қажет етеді. Себебі ол тек ісмер адамның қолынан шығуы керек. Шұбарсу елді мекенінің тұрғыны Гүлсара Қожанова 20 жасынан бастап түкті кілем, тақыр кілем, алаша, тоқып көз майын тауысып шеберлікпен атағы шыққан ана. Киіз үйдің бау-басқұрларын Отырар қорық-мұражай қорына тапсырды. Гүлсара Қожанованың қадірлі өнері бүгінгі жас ұрпаққа үлгілі дәстүр болып жалғасса игі. Бибігүл Райымқұлова анасы Нұрсұлу Пердебайқызынан тәрбие алып, 14 жасынан бастап иірілген жүннен түрлі бұйымдар тоқумен айналысып келеді. Бибігүл Райымқұлова киіз үйдің бау-басқұрынан бастап түкті кілем, алаша тоқып, сырмақ сыруды өз анасынан үйренген. Анасы Нұрсұлу апа тоқыма және кесте тігу өнерінің шебері болған. Оның кестеленіп тігілген жүк жапқышын Отырар қорық-мұражайына сыйға тартты. Шұбарсу елді мекенінің қолөнер шеберлері Өмірбекова Әсемгүл құрақ көрпе мен ұршығын, Өмірбаева Оразкүл алашасын, Алпысбаева Оразкүл өзінің сырған сырмағын, қолөнер шебері Жұмашова Орынкүлдің келіні Жұмашова Сәндіқыз сырмақты, Темірлан ауылының ағаш ұстасы Сенбі Қиясбек ағаштан жасалған бұйымын сыйға тартты. Осындай игі істердің арқасында мұражайымыз жылдан-жылға жәдігерлермен толығуда. Қазақ халқының өткен тарихын тарихи-мәдени құндылықтарымыздың киелі мекені – мұражай арқылы жас ұрпаққа танытудың маңызы зор. Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорындағы этнографиялық бұйымдар музей қызметкерлерінің әр жылдары ұйымдастырған этнографиялық экспедициялары барысында және халық қазынасына қамқор бола білген қолөнерді шын сүйіп қастерлейтін қолөнершілер мен ел азаматтарының мұражайға сыйға тартуымен жиналды. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қызметкерлері ұлттық мәдени маңызы бар заттарды іздестіру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара, Арыс, Ордабасы аудандарында «Өресі биік, өрісі кең өнер», Қызылорда облысы Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында «Өнер көзі халықта», Отырар ауданында «Қолөнер – халық қазынасы, ғасырлар мұрасы» атты тықырыптарда этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастырып, нәтижесінде ел арасынан жүннен жасалған кілем, сырмақ, алаша, қоржын, тұс киіз, текемет т.б. заттарды тауып мұражай қорына өткізді. Қолөнеріміздің озық үлгілерін қаймағын бұзбай қазірге дейін жеткізіп, өнерін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп үйретіп отыраған, он саусағынан өнері тамған сырмақ сыру, кілем, алаша тоқу, текемет басу өнерін жалғастырушы ісмер, шебер, апаларымыз ел арасында қазір де баршылық. Атап айтатын болсақ, Отырар ауданында Әбдіхалықова Несібелі, Бейсенова Тұмаркүл, Әлімқұлова Сәрсенкүл, Қаратаева Қалдықыз, Серікбаева Тұрғанкүл, Рахматуллаева Ақұлтай, Тағаева Жібек, Қаратаева Қалдықыз, Бөрібекова Таңсұлу, Көпесова Шолпан, Жүсіпбек Шолпан, Алимқұл Сәрсенкүл, Арыстанбаева Күлтай Шардара ауданында Дабысова Ибаш, Исаева Үрпия, Иізова Батима, Айшуаққызы Үрпиша, Бөрібекова Сәрсенкүл, Жолдыбайқызы Аманкүл, Қызылорда облысында Шолпан Садуақасқызы, Қалендер Зылиха, Қалиева Қалима, Нәбиева Набат, Қалиева Бибайша, Мақантаева Ырысалды. Шұбарсу елді мекенінің қолөнер шебері Тұрғанкүл Ізтайқызы, Арыс ауданы Дермене елді мекенінің қолөнер шебері Құрманқожаева Жадыра, Созақ ауданында Зәйтүнова Тәжбан, Жақсылыққызы Мейрамкүл, Дастанқызы Мәрияш, Батыршаева Маржанкүл, Бимендиева Қалдыкүл, Нұржанбаева Аманкүл. Экспедиция барысында қолөнершілердің өздері тоқыған қазақ халқының ұлттық үлгісіндегі сырмақ, түкті кілем, кілем қоржын, ақ басқұр, аяқ қап, текемет, терме алаша, қақпа алаша т.б. туындыларына қарап шеберлердің қиялына таң қалдық, бояулары бір-біріне үйлесімді, оюлары жатық болып келген, көз тартар сәнділігімен, үздік орындау шеберлігімен ерекше көзге түседі. Қазақтың кең байтақ, ұлан ғайыр шексіз жатқан жерінің көне дәуірден бастап қазіргі ұрпағымыз өсіп-өнген дәуірімізге дейінгі кезеңдерде небір тарихи дәуірлерді бастан кешкені белгілі. Азаттықтың арайлы таңымен бірге бар мен жоғымызды түгендеп келер ұрпаққа аманаттау керектігі мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасында айтылды. Осыған байланысты Отырар өңірінің мәдени мұрасын зерттеуде Отырар қорық-музейінің қызметкерлері өз үлестерін қосып келеді. Қолөнер бұйымдары ел тұрмысына сән беріп, адамдарға рухани ләззат әкелген, халық өмірмен бірге жетіліп келе жатқан өнер. Ертедегі ата-бабаларымыздың қолөнер үлгісін, шеберлігін сақтап қалып, кейінгі ұрпаққа жеткізу, үйрету бүгінгі таңда игілікті іс болып табылады.
ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ӨНЕР – ҰРПАҚҚА МҰРА
424 көрілім