ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ҰЛТТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

855 көрілім

Ұлт үшін күресіп жүріп, ұлттық құндылықтарымызды қазіргі бейбіт заманымызға дейін жоймай, сақтап, ұрпаққа мұра етіп қалдырған ата-бабаларымызға мың сан рет алғыс айтсақ та аз болатыны сөзсіз. Қазір біз еңсесі биік, заңы, тілі, бағыты, мақсаты айқын мемлекетпіз. Еліміздің өзіне тән белгісі, нышаны бар. Дүниежүзі қазақ елін осы нышандарымен, оюымен, домбырасымен таниды. Ұлттық мерекеміз Наурызымыз әлемдік деңгейде тойланатындығының өзі қандай мақтаныш! Қазақ халқы қарапайымдылығымен ерекше. Адалдық, ақкөңілділік, адамгершілік тек қазақтардың бойынан табылатын жақсы қасиеттер. Қазақ ежелден ырымшыл, мәдениетті, салт-дәстүрге берік, бауырына барын беріп, қызын қонағындай сыйлаған, тарихын, елін сатпаған, бүгініне шүкір етіп, ертеңіне үмітпен қараған, қонағын төрге шығарып, құшағын кең ашқан ұлы халық! Осындай ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға, жойылып кетпеуіне біз бәріміз бірге жауаптымыз. Мемлекет болғасын дамуда, өзгеруде, дағдарыстардың да болып тұруы заңдылық. Бәрі өтеді, кетеді. Алайда әр ұлтта өзіне тән жойылмайтын ұғымдар болады.Сондай ұғымдардың қатарында отбасы, тәрбие ұғымдары да бар. Олар – мәңгілік ұғымдар. Ұлтты сақтайтын да, өркендететін де ұлттық тәрбие. Ал ұлттық тәрбиенің ұстаханасы, әлбетте отбасы. Отбасындағы тәрбие ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып қалыптасады, әртүрлі жолдармен ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Ұлттық құндылықтарымыздың сақталуы да, дамуы да ұрпағымызға берілетін тәлім-тәрбиемізге тікелей байланысты. Отбасындағы дәстүрлі тәрбиені қалыптастыратын ата-ана. Ұлттық қазынамызды сақтаудағы отбасының қызметі туралы көп айтуға болады. Айтып та келеміз. Қоғам, мектеп, қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер, орталықтар, т.б. бірігіп атқарылып жатқан шаралар қаншама… Қазақ отбасындағы жақсы жетістіктер, тәжірибелер – ұлтымыздың ортақ олжасы. Халқымыздың ғасырлар бойы сақталып келе жатқан бала тәрбиесінде ешкімге ұқсамаған өзіне ғана тән тәрбиесінің, тәртібінің, мәдениетінің болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Себебі тақырып барлық салаға да қатысты, әрі ауқымды. Біз қай салада жұмыс жасасақ та, отбасы бәріміздің ортақ байлығымыз. Бірақ, отбасылық тәрбиемізде бұрын болған көптеген ұғымдар мен түсініктерді есімізден шығара бастағанымыз рас. Қазақ отбасы әкелік, аналық жауапкершіліктен алшақтап, бар кінәні қоғамға, мектеп ұстаздарына итере салуды әдетке айналдырып барады. Баласы сабақтан кейін құлап қалса да-мектебі кінәлі. Демек, жас ұрпақ ата-ана тәрбиесімен сусындай алмай, рухани ашаршылыққа, рухани күйзеліске ұшырауда. Бүгінде отбасы құндылығы дегенде біз нені ұмыттық? Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, отбасын ұмыттық, отбасының құндылығын ұмыттық, отбасының қасиетін ұмыттық. Отбасындағы ерлі-зайыптылардың бір-бірінің қадір қасиетін ұмыттық, бірге жүрсек сыйластықты ұмыттық, алыс кетсек қимастықты ұмыттық. Көбейтсек бала тәрбиесін ұмыттық. Тәрбие сөзінің астарында бала тәрбиесіне жауапкершіліктің барын ұмыттық. Зәулім зәулім тойханалар салуды сол жерде той жасауды үйрендік. Сол тойханаларда сөз беруді де ұмытпадық. Тойдағы шығын ұмытылмады, шаңырақ деген ұғым ұмытылды. Тойдан шыға бере екі жастың бақытын ұмыттық. Біріміз ене, біріміз шеше болып жас жұбайларды тез ажырастыруды дұрыс санадық. Бұрын екі жас отбасы ұрысса екі жағы қарсы жақты жақтайтын. Ал бұл күнде әркім өз баласын жақтайтынды үйрендік. Отбасын құрған қызымызды көшіріп алып кетуді үйрендік. Кешегі атам қазақтың жолы басқа, біздің жол басқа болды. Қазақ бірнеше ғасырлар бойы қанын таза ұстаған халық. Ал қазіргі жастарымыз үй, дүние-мүлікке қызығып түрлі шетел азаматтарына тұрмысқа шығуда, бірақ көптеген осындай жағдайлардың арты айырылысуға әкеліп соқтыруда. Жаһандану үдерісінің кесірінен біз осындай жағдайды бастан кешірудеміз. Ұлттық құндылықтарымызды менсінбей жүріп, бай қазынамыздан айырылып қалмайбыз ба? Осыдан-ақ, қазіргі кезде отбасылық тәрбиеге ұлттық ерекшеліктердің көмегінің керек-ақ екендігі анық байқалады. Отбасының ең маңызды құндылығы-балалары. Әрбір адам өз ұрпағы арқылы өзін қайталайды. Ол үшін балаңа не бересің,олар нені түйіп, нені түймесін, деген ойлардың жауабын білуіміз қажет. Ұлтымызда қай жүйеде де дала заңы, ережесі болған. Отбасы да ережемен басқарылатын жүйе. Әрбір жанұяның өз ережелері бар. Тіпті кейде ережемен өмір сүретіндігін байқамай қалады, өйткені ереже мен жүйе тығыз байланыста болып отырады. Отбасы мүшелерінің бірі осы ережелерге мойынсұнбаған кезде қандай да бір қақтығыстар қалыптаса бастайды. Осыдан отбасындағы ұлттық құндылықтар жойылады. Олар тұлға аралық қақтығыстар, соның ішінде отбасылық қақтығыстарға алып келеді. Оның өзі белгілі тармақтарға бөлінеді: ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар, жұбайлар және әрбір ерлі-зайыпты ата-аналарымен, ата-әжелері мен немерелер арасындағы қақтығыстар. Осының ішінде жиі болатыны ерлі-зайыптылар қақтығысы. Мұндай әдеттер күнделікті өмірдегі ата-аналар мен балалар арасындағы қақтығыстың түрлерінің таралуына әкеп соғуда. Бірақ, белгілі дәрежеде психологтар және педагогтар бұған аса қатты мән бермейді Алайда, әлеуметтанушылар тарапынан бұл тақырып, кең және белсенді қарастырылып келеді. Олардың айтуынша әрбір ата-ана баласына күніне аз дегенде 35 минут уақытын бөліп, баланың ең жақын досы, сырласына айналуы керек.

Себебі, «Әкенің шапағаты таудан биік, ананың шапағаты теңізден терең» болғаны абзал. Отбасында әкенің орны бөлек. Анаң мен әкеңді сыйласаң, ертеңгі ұрпағың да саған солай қарайды деп, ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында» деп әкеге деген құрметті, қызмет етуді балаға жастайынан дайындап отырса, мұндай отбасында әкеге деген құрмет жоғары болатыны сөзсіз. Отбасының тірегі-әке болса, жүрегі-ана. Ананы сыйлау, қадірлеу баршамыздың қасиетті парызымыз.

Осындай ырымдарды сақтап, қыздарға өз орындарын білуді үйретіп, халық болып қызды құрметтеуді үйреткен. Осының бәрі халқымыздың бала тәрбиесінде ешкімге ұқсамаған өзіне ғана тән тәрбиесінің, тәртібінің, мәдениетінің болғандығын көрсетеді. Ұлттық деп отырғанымыз осылар, біле білсек осыдан да көп. Қазір осылай істейміз бе? Біз айтып отырмасақ, жастар бұны білмеуі де мүмкін. Расында: «Ұлтты қыз сақтайды, қызды жұрт сақтайды». Заман өте бара «Қызы қандай болса, ұлты сондай деп», ұятқа қалып жүрмейік, ағайын?! Көпшілікті неге осылай болды деген сұрақ мазалайтыны да ақиқат. Жауап біреу – қазақы отбасылық тәрбиедегі ұлттық ерекшеліктерден алшақтап бара жатқанымызда. Адам баласы дүниеге бір ұлттың адамы болып келеді сол ұлттың адамы болып, өмірден өтеді. Әр дүниеге келген бала қазақ ұлтының ұрпағы ретінде ұлтымыздың ерекшелігімен өмір сүріп, ұлтымызға қызмет етуге міндетті. Ол үшін әрқайсысымыз ұлттық ерекшеліктерді білетін, құрмет тұтатын отбасынан болуымыз керек. Мен әр ата-ана бала тәрбиесінде тәрбиенің түсіндірілетін, үлгі болатын,шабыттандыратын үш түрін орнымен қолданып, жетілдіріп отырғаны дұрыс деп ойлаймын. Бұдан шығатын қорытынды: «Оқитын оқуы жеңіл болса, бала дамымайды. Алатын тәрбиесі жеңіл болса, ата-ана қуанбайды». Қысқаша айтқанда, өзге емес, өзіме айтамын өз жайымды. Ел арасы: «Қажет еткенге уақыт табылады, қажет етпегенге сылтау табылады»-деп уақыт пен сылтауды, «Қуана білмегенге құт қонбайды, бағалай білмегенге бақ қонбайды» – деп, құт пен бақты, «Жақсыны көру басқа, бірге қуану басқа» – деп көру мен қуануды, қадірлей білуді осындай терең мағыналы мақалдармен жеткізген. Сайып келгенде, қазіргі мектеп, ата-ана, қоғам болып, елдің құндылықтары үшін еңбек етуіміз керек. Құндылықтарымызды бәріміз бірге біліп, ұмытылып бара жатқандарын әртүрлі жолдар арқылы қайта жаңғыртып, өзімізден кейінгі ұрпақтарға табыс ету жолында ісімізді біріктіргеніміз жөн. Сол үшін де, айналамыздағы әлемді өзгертуді өзімізден, өз отбасымыздан бастайық. Кез-келген адам өз ана тілінде тектілік ақпаратты көп оқып, меңгеріп, ұрпағына үлгі болса ғой, шіркін! Сөздің қадірі, өзіміздің қадіріміз дегендей, бұл ақиқат. Адам тәрбиемен есейеді, заман талабымен жетіледі. Ал бұл қағидалар білім ізденісімен ұштасады. Мамандығын шынайы сүйетін ұстаз баланың жағдайын бір қарағаннан айтқызбай сезеді. Анықтауға уақыт жібермей шешу жолын ойлайды. Сол сияқты ата-ана да бауыр еті баласының болашағын үшін өзін күнделікті дамытып отыруы тиіс. Дамытудың қорын, қазынасын басқа жерден емес, халқымыздың құндылықтарынан іздегені жөн. Құндылық біздің өзгеге ұқсамайтын, мəртебемізді көтеретін байлығымыз. Ал, бала тәрбиесінде кездесіп қалатын теріс іс-әрекет ата-ананың, мұғалімнің баланың намысына тию деп ойлаймын. Осының бәрі еліміздің өшпеуге тиіс қазынасы, нағыз ұлттық белгісі – ұрпағымыздың бүгінімен, ертеңімен ұштасып жатыр. Ұлттық құндылықтар жөніндегі сұрақтарға қоғам назарын аудара отырып, осы тақырыптағы шаралардың шеңберін кеңейте түскен абзал. Орын алатын келеңсіз жағдайларға байланысты проблемаларды ашық алаңдарда талқылып, көмектесуіміз керек. Қалай десекте, жаңа қазақстанда мақсаты таза отбасылырының көбейіп келе жатқандығы қуантады. Осыған орай, түрік халқының бір ойшылының айтқаны бар екен: «Ірі халықтардың әлемдік өркениеттің әр саласына қосқан бірінші орынға ие құндылықтары бар. Мысалы: француздар әдебиетімен, араптар мен еврейлер дінімен,…ал көшпенділер адамгершілігімен». Шынымен де, біздің ұлтымыздың өзегінде ең алдымен адам тәрбиесі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, өзге ұлтта жоқ құндылықтары бар. Бұл қазақтың қадір-қасиетінің қаншалықты тереңде, қаншалықты биікте, қаншалықты кеңістікте болғанын көрсетеді. Күні бүгіннің өзінде жасөспірімдердің арасындағы өміріне зиян электрондық темекінің жаппай таралып бара жатқаны, әлімжеттік, топ болып төбелесу, діни ағымдардың мәселесі, қыздарымыздың киімі мен шашы, т.б. ұрпақ тәрбиесінде толғандырар сұрақ көп. Бұл жағдайлар бәрімізге таныс. Бір-бірімізді тыңдап, сөзімізге құлақ асып, бірікпеске болмайды. Осының бәрін қосып, құнды қазынамызды қоржынға салып, миымызды қозғап, есімізде сақтап, қойын дәптерлерімізге түртіп алып, әрі қарай қолымыздан келегенше орындауға, таратуға, дамытуға күш салайық. Бүгінгі әлем жылдам өзгеруде. Сол өзгерістер сананың өзгеруіне әсер етеді. Ал, өзгерген әлемге сапалы адам керек. Алайда, сапалы боламыз деп көрінгенге еліктеп ұлтымызды, тарихымызды, тілімізді, салт-дәстүрімізді жоймай, ата-бабамыздың ұлттық құндылықтардан тұратын мұрасы – ұлттың қазынасын ұрпаққа үйретіп, бабалар ізін, аманатын жалғастыруға міндеттіміз.

Злиха ДҮЙСЕКЕНОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы