“ТҮРКІСТАНЫМ – ТҰРАНЫМ” ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІ МЕН СУРЕТШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

349 көрілім

Түркістан қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастырумен Суретші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы Шәкен Оңласұлы Ниязбековтың 85 жылдығына арналған «Түркістаным – Тұраным» қолөнер шеберлері мен суретшілер байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты ұмыт болып бара жатқан қолөнерді дамыту, бейнелеу өнерін жандандыру, туған елі мен жерін қорғау, Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру. Түркістан қаласының көркеюін ұлықтап, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, оларға қолдау көрсету. Жаңарған Түркістанның көрікті жерлерін бейнелеп, ел ішіндегі дарынды қолөнершілер мен суретшілерді анықтау болды. Осы мақсатта байқауға 9 суретші қатысса, қолөнер шеберлері бойынша 12 үміткер қатысуға өтінім білдірген.

Авторлардың туындыларын сараптаған қазылар алқасының құрамында Бейсенбеков Жалғас Жаппарбекұлы – Түркістан қаласы қоғамдық кеңес мүшесі, Педагогика ғылымдарының кондидаты, доцент, Қазақстан Республикасы дизайнерлер одағының мүшесі, қазылар алқасының төрағасы, Кошенова Кулаим Сапашовна – Көркем еңбек пәнінің мұғалімі, қазылар алқасының мүшесі, Мусабекова Бибихан Мусаевна – Балалар қолөнер мектебінің тігін және дизайн үйірмесінің жетекші мұғалімі, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, қазылар алқасын толықтырды.

Алқа мүшелері келіп түскен дүниелердің ереже мен шартқа сәйкестігін анықтап, үміткерлердің ой ұшқырлығына (фантазия), идеялық мазмұнына, композициялық шешіміне, колориттік көрінісіне және орындау техникасы мен шеберлігіне баса назар аударды. Қорытындысы бойынша төмендегідей жүлдегерлерді анықтады.

Қолөнер шеберлері арасында оқ бойы оза шауып Бас жүлдені Әбдіреим Сұлтанғали еншілесе, І орын Айдарша Мерекеге бұйырды. Қос бірдей ІІ орынды Нурланова Ұлмира мен Аманқұл Нұрдәулет өзара бөлісті. Ал, үш ІІІ орынның көгінен Пахирддинова Мунира, Накбаева Альмира, Сталинбеков Ислам көрінді. Сондай-ақ, “Жаңашылдық”, “Дәстүр”, “Үздік жасампаз”, “Жоғарғы шеберлік”, “Үздік қолөнер шебері” номинациялары тиісті үміткерлерге берілді.  Суретшілер бойынша Бас жүлдені Мамбетаев Ермек еншілесе, І орын Рысымбетов Ержанға бұйырды. Ал екі ІІ орынға Паттеева Алтынай мен Нишанов Диёр лайық деп танылса, қос ІІІ орын Жұмабек Ерхан мен Абдиназар Бибінұрға табысталды. “Дарынды”, “Ұшқыр ойлы”, “Үздік суретші” номинациялары өз иелерін тапты. Барлық жүлдегерлер арнайы Дипломдар және қаржылай сияпатпен марапатталды. Қазылар алқасының еткен еңбегі де еш кетпей, құрмет көрсетілді. Түркістан шаһарында қолөнер шеберлерінің дәрежесін көтеріп, болашақ үшін ұлттық рухани және мәдени құндылықтарымызды дәріптеу мен дамыту, өнер адамының дүниетанымына, эстетикалық сезімдерінің тұрақтылығына үлес қосу, қазақы дәстүрді сақтауы мен суретшілік шеберлігін паш ету, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлердің шығармашылығын қолдау аясында, қала күні қарсаңында өткен байқау осылайша өз мәресіне жетті.

Халқымыздың қолөнері – ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің ажырамас маңызды бөлігі саналады. Қолөнер түрлерінің өн бойында халықтың материалдық және рухани болмысы көрініс тапқан. Бұлай деуімізге басты себеп: халықтық қолөнер еліміздің тұрмыс жағдайынан, материалдық жай-күйінен ғана хабар бермей, эстетикалық талғамынан, тарихы мен таным-түсінігінен де мол мәліметке қанықтырады. Осындай ұлттық мәдениет үлгілерінің дәстүрлерін оқып-үйрену – кейінгі ұрпаққа мұра етіп сақтауға, сонымен қатар, бүгінгі тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік жағдайларға сай қолдана білуге үлкен мүмкіндіктер береді.

Материалдық өңдіріс пен рухани өмірдің бір-бірінен ажырамай, біртұтас берілуі қолөнердің синкретикалық өнер түріне жатуының себебі ретінде айтылады. Қазақ халқының ата-бабасынан мұраға қалған бұл қолөнер түрлеріне халықтың музыкалық аспаптарын жасау, ат әбзелдерін дайындау, киіз үй тігу, киіз басу, киіз үй ішін жабдықтау, қару-жарақ, саймандарды әзірлеу, кілем тоқу, зергерлік, ұсталық және тағы да өзге өнерді жатқызамыз.

Көшпенді халықтың киім тігуі де қолөнердің бір түрі болып саналады. Байырғы түркі-қыпшақ тайпасы киімдерінде ұлттық киім элементтерінің көрініс табуы – олардың шығу, даму тарихының тереңдігінен хабардар етеді. Өйткені халқымыздың ертеде мал, егін шаруашылығымен, аң аулаушылықпен, балық аулаумен айналысқаны белгілі. Осыған сәйкес ежелден дамыған қолданбалы-безендіру өнерінің материалдық негізі үй жан-жануарларының, төрт түлік малдың сүйектері мен терілерден, ағаш пен металдан жасалды.

Үй ішінде әзірленетін қолөнер жұмыстарын шаңырақтағы еңбекке жарамды, қолының ебі мен икемі бар кез келген адам өзі-ақ реттей білді. Қарапайым саналатын өндіріс пен қолөнер бұйымдарын күнделікті тұрмыс-тіршіліктің ыңғайына қарай бейімдеп, белгілі бір қажеттіліктерге пайдаланды.

Көшпелі дала халқының дәстүрлі эстетикалық талғамы мен ұмтылысына сай әшекейлеу барысында қолданбалы-безендіру өнерінің түрлі жолдары мен әдістері пайда болды. Ол өзінің табиғи түрлік байлығымен, әсем де нақышты ою-өрнектерінің молдығымен ерекшеленді.

Халықтың тұрмыстық әрі көркемдік талаптарына толығымен жауап беретін қазақтардың үй ішілік кәсібі мен қолөнері жартылай көшпелі өмір жағдайында қалыптасты.

Егер күнделікті тұрмыстағы қолөнер мен ұсталықтың ара салмағын айтар болсақ, оның алғашқысы негізінен отбасыға қажетті тұрмыстық ұсақ заттар жасауға бағытталды да, екіншісі, ұсталық тек өз тұрмысы, жалпы мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына ғана емес, сонымен бірге әртүрлі тапсырыстар орындауға, базарға шығарып сататын бұйымдар жасауға да арналды.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ағаштан жасалған бұйымдар ежелден бері кеңінен қолданылып келеді. Оған ағаштың оңай табылатыны мен өңдеуге ыңғайлылығы ғана емес, көшпелі өмір салты үшін аса маңызды саналатын жеңілдігі де аз рөл атқарған жоқ.

Киіз үйдің ағаш сүйегін жасайтын шеберді қазақ халқы үйші деп атап, он саусағынан өнер тамған шеберлерге әрдайым құрмет көрсетті. Ұстаның ағаш өңдейтін өз шеберханасы болды және шеберхана ішіне уық пен керегеге жарамды сырғауыл ағаштарды булап, жұмсартатын – мөр, оны қалыпқа түсіретін – тез, тесетін құрылғы – үскі қойылды. Сонымен қатар шаппа шот, қашау, ара, егеу, пышақ секілді аспаптар да ұста жанынан әрқашан табылды. Ағаш шебері үйге жарамды ағаштарды өзі таңдап алып, киіз бөліктерінің барлығын, атап айтқанда кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық есігіне дейін өз қолымен жасап шығарды. Сондай-ақ ағаш ұсталары домбыра, сыбызғы, қобыз, даңғыра сияқты тағы да басқа музыкалық аспаптар, атқа салатын ер және астық бастыру үшін қажетті еңбек құралдары – айыр, аша, тырмақ, күрек тәрізді еңбек құралдарын дайындады. Бұлардың саптары көбінесе қайың, қарағаш, үйеңкі секілді қатты ағаштардан жонылды, ал Қазақстанның оңтүстік аудандарында тұт пен жаңғақ ағаштары пайдаланылды.

Қазақ шеберлері күнделікті тұтынатын күбі, астау, шара, тегене, тегеш, саптыаяқ, тостаған, ожау, шөміш, табақ сияқты ыдыс бұйымдарды тұтас, бүтін ағаштан ойып, сыртына түрлі ою салып, сүйек пен күміс қондырып, безендірді.

Айта кетсек, ағаш өрнектеу өнерінің де дәстүрі ертеден басталады. Тұтыну заттары мен сәндік-әшекей заттардың барлығына ағаш шеберлері арнайы ою түсірумен де шұғылданды. Осылайша киіз үй есіктері мен жақтауларына, музыкалық аспаптар мен ер-тұрман әбзелдеріне әртүрлі өрнектер салынды.

Темірден түйін түйетін ұсталардың арнайы шеберханалары ұстахана, дүкен деп аталып, онда негізгі құрал ретінде темір қыздыратын көрік саналды. Сонымен қатар төс, балға, түрлі, егеу, шапқы, бұрғы, біз секілді құрал-саймандар ұстахана ішінде ілулі тұрды. Бұл ретте қазақ зергерлері зергерлік істің күрделі әдіс-тәсілдерін түгелдей меңгерген еді. Зергерлер жасайтын бұйымдар ішінде әйелдердің әшекей заттары көп орын алды. Бұлай болу себебі оған тек эстетикалық талап-тілекке ғана емес, белгілі бір салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға да байланысты сұраныс көп болды. Әшекей бұйымдарға материал ретінде алтын, бірақ көбіне-көп күміс пайдаланылды. Өйткені қазақтың наным-түсінігінде күміс металдың тазартушы, сақтаушы қасиеті бар деп есептелген.

Зергерлер білезік, сырға, жүзік, алқа, күміспен қапталып, алтынмен апталған кемер белдік, бас киімнің әшекей бұйымдары, шашбау секілді әйелдерге арналған сәндік заттарды қалыпқа салып құйып, қақтап жасады. Жасалу жолдары жағынан білезіктердің ерекшеліктері өте көп. Оларды күміс тақтайшалардан кесіп алып, күміс сымдармен тоқып, үрлеу әдісімен жасады. Жүзікпен күміс бау арқылы жалғастырылған білезіктер де кең таралды. Әйелдердің сүйікті сәндік, әсемдік бұйымдарының бірі сырға болатын, оны қазақ қыздары мен әйелдерінің барлығы да тақты. Мереке күндері әйелдер үлкен әрі барынша сәнді сырға тағуды дәстүрге айналдырды, алайда, оның ауырлығы соншалық, сырғаның бір жағын шашына да байлап қоюға тура келетін еді. Сондай-ақ әртүрлі сақиналар мен жүзіктер де үлкен сұранысқа ие болды. Қаптырма, қапсырма, ілмек, түйме, тана сияқты т.б. киім-кешекке тағылатын сәндік бұйымдар да көп қолданылды. Қазақ ұсталары мен зергерлері ат әбзелдерін өрнектеуді де қапысыз меңгерді.

Зергерлер жалпақ бұйымға да өрнек салды, ерлерге арнап кісе белдік, әйелдерге арнап күміс белдік, кемер белдік соқты.

Күнделікті тұрмысқа қажетті күміс тарақтар мен күміс тіс шұқығыштар, сондай-ақ, алтыннан жасалған бұйымдар көптеп әзірленді. Алайда металдың қымбаттылығына байланысты алтын бұйымдар сирек кездесетін еді. Иесінің аты-жөні ойып жазылған жалпақ бетті сақина бағалы бұйымдардың қатарынан саналды.

Қазақ зергерлері күмісті отқа қақтап алтын жалату тәсілін де үйренді. Металл бұйымдар маржан тас, көгілдір ақық таспен, қызыл әйнек, тау хрусталімен көмкерілді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы