ТҮРКІСТАНДА «ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МАЙДАН» КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

484 көрілім

Түркістандағы «Фараб» ғылым әмбебап кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-өнертанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібекұлы жайында сыр шертілетін «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының таныстырылымы өтті.

Тұсаукесер рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысып, кітап авторлары – Санжар Керімбай мен Айбек Нәбиге алғысын білдірді. Тағылымды іс-шара барысында Түркістан облысының ардагерлері Жарылқасын Әзіретбергенов, Жарқынбек Құлбайымбетов және Рахым Тәңірбергенов, сондай-ақ Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев ізгі лебізін білдіріп, құрмет көрсетті.

– Түркістанда әдеби, мәдени, рухани кештер өз жалғасын тауып келе жатыр. Бүгінгі кештің жөні бөлек. Себебі ұлт руханиятына қызмет жасаған қайраткерлердің бірі де бірегейі, өзіміздің жерлесіміз, осы Түркістанның қасиетті топырағынан жаралған тұлға – Өзбекәлі Жәнібековтың кітабының тұсаукесерінде бас қосып отырмыз. Кеңестік дәуірде мемлекеттік қызметте жүрген кез келген азаматқа ұлттық ұстаныммен қызмет ету қиын болғанын білесіздер. Сол кезеңдерде Өзбекәлі ағамыз қай салада, қай ортада қызмет етсе де ең бірінші ұлттық ұстанымынан айнымағанын білеміз. Әсіресе, этнография, салт-дәстүр саласында, бала тәрбиесінде ағамыздың жасаған еңбектері орасан. Соның ішінде Әз-Наурыздың және Тайқазанның қазақ еліне қайта оралуында өзіндік еңбегі бар. Осы кітапты арнайы дайындап, ішіне небір мәнді, мазмұнды сәттерді енгізе отырып шығарған, еңбектенген азаматтарға түркістандықтардың атынан, облыс әкімдігінің атынан шынайы алғысымызды айтамыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Кітап авторы Санжар Керімбай кездесуде кітаптың қалай жазылғанын, іздену барысында тап болған қызықты жағдайлар мен анықталған тың деректерге тоқталды. Іс-шара барысында Өзбекәлі Жәнібековтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың әні «Арқалықтың ақ таңы» және басқа да әндерінен попурри, сонымен қатар патриоттық әндер орындалды.

«Отбасы хрестоматиясы» қорынан жарық көрген бұл кітаптың алғашқы тұсаукесері 25 қараша күні Алматы қаласында өткен болатын. Енді түркістандық оқырмандарға да жол тартып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы Түркістан облысы Отырар ауданы Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты. Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосқан Мемлекет қайраткері.

20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген “Арқас” қоғамы құрылған.

Жәнібеков “Шертер”, Адырна”, “Алтынай”, т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. “Наурыз” мейрамының, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.

“Қазақтың ұлттық қол өнері” “Жаңғырық”, “Уақыт керуені”, “Жолайрықта”, “Қазақ киімі”, “Ежелгі Отырар”, “Тағдыр тағылымы”  еңбектерінің авторы.

Бірнеше рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдермен марапатталған. 

Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер 1998 жылы дүниеден өткен. 

Айта кетейік, 2021 жылы Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 90 жыл толды. Оның аңызға айналған есімі аталғанда, нұрлы бет-бейнесін көз алдымызда елестеткенімізде, «кие» деген сөз ойымызға орала береді. Дәл осы бір-ақ ауыз сөз оның бүкіл болмыс-біті­мін, тұлғалық қасиетін ашып тұр­ғандай көрінеді. Өзбекәлі Жәні­бе­ков – өзінен кейінгі ұрпақ “Шерағаң” деп атап кеткен ұлт мақ­танышы Шерхан Мұртаза айт­қандай, киелі адам. Өйткені қазіргі қолда бар көп құнды тарихи жәдігерлердің, қасиетті ме­кендердің бүгінге бұзылмай жет­уі туралы әңгіме қозғағанда, сөзсіз Өзбекәлі Жәнібековтің аты ата­лады. Соның бірі де бірегейі – Тайқазан.

40 жылға кері шегінсек, өткен ғасырдың 1978 жылы, яғни Өз-ағаң Қазақ КСР Мәдениет ми­нист­рлігіне қызметке тұрған тұста Әзірет Сұлтан мешітіне ар­н­айы ат басын бұрып, қарау­сыз қалған киелі орынның жағ­да­йымен қанықты. Сол кезде кесенедегі ең құнды жәдігер – Тай­қазан орнында болмады. Қа­з­­ақ­стан Кеңес өкіметінің құра­мын­да еді. Ол кездегі саясат бәрі­мізге белгілі. Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петер­бург қаласында өткен көр­меге қойылу үшін алынып, уақ­­­ты­лы кері қайтарылмаған бо­ла­тын. Үш айлық көрмеге алып кеткен киелі жәдігерді 54 жыл­дан кейін тарихи Отанына қайтаруға сол уақыттағы Қазақ КСР Мә­дениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің атқарған жанқиярлық жұмысы, ерлікке пара-пар сіңірген еңбегі бірден-бір себепкер болған еді. Кесененің “жыртығын” жамап, қалпына келтіру жұмыстарымен өзі де білек сыбана айналысқан. Қиюын келтіріп, тігісін жат­қыз­ған сол шаруаның бәрі осы сөзімізде Тайқазанның елге оралу оқиғасының көлеңкесінде қалып қойғандай. Шынтуайтына келгенде, Әзірет Сұлтан меші­ті­нің әрбір деталіне, бүге-ші­ге­сіне дейін Өз-ағаң көзінің қа­рашығындай қарап қал­пына келтірді. Бұл – нағыз қайраткерге ғана тән қасиет.

Ел аузында “Арыстан бабтан тіле, Ясауиге түне” дейтін өсиет тұнған қанатты сөз бар. Қа­зақ жұрты зиярат ететін дәл осы Арыстан баб кесенесінің қираған бөліктерін бүтіндеген де – Өзбекәлі Жәнібеков. Ақиқа­тын­да осы сөйлемнің өзі оңай айтыла салатын сөз секілді. Әйт­песе бұл жұмыс зор қажыр-қай­ратпен, асқан табандылықпен келді. Себебі кесенені қалпына келтіруге сол кезде билік жүр­гіз­ген Мәскеу қарсы болды. Сон­дай қарсылыққа қарамастан үлкен тәуекелді талап ететін істі үйіріп әкету – табандылықтың ғана емес, тапқырлықтың, терең философиялық саясаткерліктің, ұлт­жандылықтың белгісі. Арыс­тан бабтың Жұман мешіті сол тұста қирап жатқан болатын. Оны қайта тұрғызуға Мәскеу рұқ­сат бермеген-ді. Бірақ ер қай­рат­кер ебін тапты. Орта ғасырлық Отырарды суландыру жүйесі деп аталатын экспозицияны сыл­тауға айналдырып дегеніне жет­кіз­ді, ойындағыны іске асырды. Арыстан баб кесенесінің мешіт бөлігі кезіндегі саясаттың сал­қынымен сүріліп, намаз оқы­тыл­май қалған. Қазақты рухания­ты­нан айырған кезең ғой. Сондай саясатқа қарамастан Өз-ағаң бір­неше жыл ішінде кесе­нені қал­пы­на келтірді. Артын­ша қасиетті орын мемлекет қара­ма­ғы­на өтті.

Өз-ағаң қазақтың руханиятын қайтару арқылы ұлттың рухын оятатынын терең түсінді. Сол себепті қазақ руханиятының мұраларын жіті зерттеді. Оның ел білетін қайраткерлігі – бір төбе, қайталанбас ғылыми жолы – бір төбе. Ғылымдағы дәлелді ізденіс ойлары күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған мәселелердің нүктесін қоятындай. “Төркіні рушылдыққа, тайпаға, жүзге, жерлестікке, жікшілдікке бөлінуге апарып соғатынына қарамастан, сол бес-алты сөзден “диалект” жасап жүрген зерттеушілер де бар. Әрдайым бір-бірімен молынан араласып, Алтайға жау тисе-ақ Атырауға, кәрі Каспийге дейін үдере көшетін…, керек десеңіз, бұрын жекелеген хандықтарда оқшаулана өмір сүріп көрмеген қазақта диалект қайдан болсын?”, дейді Өз-ағаң. Өзінің қарақан басын емес, көптің қа­мын ойлап, қазаққа ортақ, түсі­нікті тіл қалыптастыруды көз­деген ұлт мұраларының мұ­ра­гері, жоқтаушысы болған текті тұлғаның тұжырымы бізді бүгінде ойландыруы керек-ақ. Өзбекәлі Жәнібеков – ұлы даланың әр қиыр шетін аралап, талай тарихи орынға табаны тиіп, көптің көзі түсе бермейтін, жұ­рт бағасына жете қоймаған тың дүниелерді халықтың өзіне қайтарған, ұлттың болмысын өзіне қайта таныстырған этнограф, тарихшы. “Тағдыр та­ғы­лы­мы” деп аталатын қос кіта­бының екіншісінде көкірек көзіңді ашатын, таным түсінігіңді кеңейтетін, тіпті санаңды сілкіп салатын сөз көп. Кейбір сөздердің біз біл­мейтін сырын ашқандай. “Қай­­таланбас бейнелер ретінде жұрт­­тың абайында мәңгі қалып қойды”, деп жазады. Байқадыңыз ба, “Абай” сөзін “сақ болу”, “жүру”, “аңдап сөйлеу” секілді мағынада емес, “санасы”, “жады”, “есі” ретінде қолданып отыр. Бұл – Құнанбайдай күрделі тұлғаны қазаққа сыйлап, одан туған адам­заттың Абайын тәрбиелеген Зере ана­мыздың әлеміне терең­деп қа­на қоймай, бір кездері қа­зақ­­тың қолданысында болып, ке­йін ұмы­тылып кеткен сөздерді қайта жаң­ғырту. Өз-ағаң қос мағынасында да жү­рген жерінің бәрін көгертіп, гүл­дендіріп жіберді. Келес ауда­нын­дағы оқу ошағында пионер жетекшісі болып бастаған ең алғашқы еңбек жолынан бері әр ісіне жан бітірді, бастаған ісін аяғына жеткізгенше тоқтамады. Пионер жетекшілігінен кейін тарих пәнінен сабақ берді, содан соң мектепте комсомол ұйымының хатшысы болды. Осы қызметінде ұйымдастырушылығымен, әсі­лі көшбасшылық қасиетімен мұға­лімдер мен оқушыларды жұ­мылдырып ағаш отырғызды, тұрған жерін көгалдандырды, жа­сыл желекке толтырды. Әр­дайым сауапты іс жасап ауыл­дас­тарының, айналасының, өзі айтқандай, абайында қалды. Ал енді ауыспалы мағынасында айт­қа­нымызға тоқталсақ, бір кездері Өзбекәлі Жәнібеков жаңадан құ­рылған Торғай облысында об­лыстық партия комитетінің үшінші хатшылығы қызметіне та­ғайындалды. Сонда аудан дең­гейіндегі Торғайды қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де облыс дең­ге­йі­не жеткізе білді. Өңірдің еңсесін тіктеді, Торғайға теледидар мен радио желісі тартылды. Облыстық драма театрын ашып, өңірді өрке­ниетке жетеледі. Торғайда өлкетану музейін ұйымдастырып, онда ұлттың күре тамырына қан жүргізетін айтысты қайта жаң­ғыр­туы – нағыз ерлік еді. Қай қыз­метке, қай өңірге барса да артынан аңыз ерген арда азаматқа айналды.

Бұқараға мәлім болғандай, Өзбекәлі Жәнібеков 1987-1988 жылдар аралығында Мәдениет мини­стрі қызметін атқарды. Оның бастамасымен мәдениеттің көптеген ұйымдары құрылды. Оның ішінде “Сазген сазы” сынды фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер, театрлар, музейлер, “Казреставрация” мемле­кет­тік мекемесі мен оның облыс­тағы бөлімшелері, “Казпроект­рес­­таврация” және “Казму­зей­реставрация” бірлестіктері және “Бірегей ысқымен ойналатын музыкалық аспаптардың мем­лекеттік коллекциясы” құ­рыл­ды. Қазақстанның тарихи-мәдени мұраға жататын ескерт­кіштердің ашылуына, зерттеу жұмыстарының жүргізілуіне, қайта қалпына келтіруіне және сақталуына тікелей ықпал етті. Кейінгі кезеңде бұл тарихи нысандар ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген болатын. Мәдениет саласының жан­күйе­рі ретінде ол мәдениет пен өнердің дамуына қатты алаң­дай­тын-ды. Қайта құру ке­зе­ңінде республиканың саяси тір­шілігіне белсене араласып, ұлттық құн­ды­лық­тардың жаң­ғы­руына қызмет етті. Этно­гра­фия саласында ғы­лыми зерттеу жұмыстарын жүр­гі­зіп, таптырмайтын еңбектер қалдырды. Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мір­жақып Дулатов, Мағжан Жұ­ма­баев сынды ұлыларымызды қайта тірілтті және олардың шығармаларын жа­рыққа шығуына белсене атсалысты.

1988 жылы Ұлыстың ұлы күні – Наурыздың діни мейрам емес екенін сол кездегі Ор­та­лық комитеттің басшыларына жеткізіп, мейрамның қайта тойлануына жол ашты. Сол кезде белсене араласқан Мұхтар Шаханов сынды ұлт зиялылары ұлттық мей­рамның республика көлемінде аталып өтуіне зор ықпал етті. Жоғарыда айтылып, айтылмай кеткен әрбір қасиет оған ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыды. Нағыз ашаршылықтың тамақтан қысқан кезінде өмірге келген ол әкеден ерте қалды, әнге, сөзге, іске, өнерге жүйрік шешесінің жігерлендіруімен жетілді, жөн сілтеуімен білім қуды, көп ізденді, ілім жинады. Сөйте жүрсе де үй шаруасында анасына қолғабыс қылды. Күннің аптап ыстығы мен қыстың қытымыр аязында мал бағып жан бақты, су тасып күнелтті, тезек қалап жылытты. Он жасқа да жетпей тағдырдың толқынында, өмірдің ызғарында тіреу, пана болған анасынан айырылды. Осының барлығы оны үлкен өмірге дайындап, ширатты. Бала күнінен бойға біткен зеректігі, елгезектігі мен төзімділігі, еңбекқорлығы мен өзгеге әрдайым көрсетіп жүретін қамқорлығы оған өмір бойы азық болды. Әрине, Бауыржан атамыз айтқандай, «Елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып, қызмет еткен» ердің ғана көтеретін жүгі. Артына өш­пей­тұғын із қалдырған Өзбекәлі Жәнібеков дәл осындай бол­­мы­сымен, жарқын бейнесімен жадымызда жаңғырып тұрады. Тағдыры – тағылым, өмірі – өнеге.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы