Түркістан тұрғындарына сапалы өмір қалыптастыру бүгінгі күннің бас жоспарына айналды. Сондай-ақ, облыс орталығы атанып, түркі әлемі үшін үлкен мәртебеге ие болған шаһарда аталған істің ұқыпты орындалуы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Қазіргі таңда қаладағы мөлтек аудандарда заманауи талаптарға сәйкес жасыл желектер қайта төселіп, суғару жүйелері мен балалар алаңдары және ойын алаңдары жаңартылуда. Атап айтсақ, жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде шағын аудандардың шырайы кіріп келеді. Тұрғындардың пікіріне сүйенсек, жайлы өмір үшін жасалған жағдайлар – жаңарған Түркістанның жарқын келбетін қалыптастыруға оң ықпалын тигізіп келеді.
Осыған орай шаһар басшысы Нұрбол Әбдісаттарұлы кезекті жиналыстарында әртүрлі өтініштерін жеткізген жергілікті тұрғындардың жай-күйін білу мақсатында І мөлтек аудан тұрғындары мен кездесті. Тұрғындардың талап-тілектері негізінен абаттандыруға, жолдардың сапасына, көшелерді жарықтандыруға қатысты болды. Атап айтсақ, шаһар басшысы 1-2 мөлтек аудан тұрғын үйлердің жылу есептегіштері бойынша мәселені шешу нәтижесін ұсынылып, тұрғын үйлердің жылу есептегіштері «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі», сондай-ақ, «БТО-Туркестан» ЖШС-і және «Жылу» МКК арқылы қосу жұмыстары басталған болатын. Бұдан бөлек тұрғын үйлердің ескі құбырларын ауыстыру бойынша ұсыныстар көптеп айтылды. Бұл бойынша Нұрбол Тұрашбеков жауапты сала мамандарына тапсырмалар жүктеген болатын. Нәтижесінде тұрғын үйлердің ескі құбырларын ауыстыру үшін ақаулық акт әзірленіп, алдағы айдың басында сметалық құжат дайын болатыны хабарланды. Әрине, киелі қала жұмыстарының жанданғанына жергілікті билік пен жұртшылық үшін аса маңызды. Сан салада атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы жүргізілуіне сала мамандары да бел шешіп кіріскен тәрізді. Олай дейтін себебіміз, 1-2 мөлтекауданда осыған дейін бірнеше рет көтерілген аулаларда орналасқан бұзылған самалдықтарды қайта қалпына келтіру жұмыстары толықтай орындалып, тұрғындар қуанышын еселеген еді.
Әкіммен кездесуде айтылған тілектерінің тағы бірі – тұрғын үйлердің аулаларына қажеттілігіне қарай жасанды жол кедергілерін орнатуға арналды. Расымен де көпқабатты үйлердің аулаларында тоқтаусыз ағылған көліктер балалардың өміріне қауіп тудыратыны анық. Киелі шаһарды қауіпсіз қалаға айналдыру мақсатында аталған мәселенің кезек күттірмейтінін есепке ала отыра тиісті тапсырмалар жақын арада орындалатынын ескертті мамандар. Қазіргі таңда арнайы жол белгілері орнатылуда.
– Осы жерде тұратын болғандықтан жұмыстың қалай атқарылып жатқанын күнделікті сіздер көріп жүрсіздер. Кемшіліктері болса қазірден түзеткізейік, – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы. Тұрғындар көтерген мәселелер бойынша мердігер мекеме мен жауапты бөлім басшылары олқылықтардың орнын толтыратынына уәде етті. Сондай-ақ, шаһар басшысы да сектордағы жұмыстарды жеке келіп тексеретінін ескертті.
Айта кетейік, тұрғындар тыныштығын қамтамасыз етуде де бірнеше ұсыныстар айтылды. Қалалық полиция басқармасының бақылауына алынған бұл мәселелердің барлығы тұрақты түрде жүргізілетін болды. Атап айтсақ, Кенесары көшесі бойында және 1-2 мөлтек ауданда орналасқан тамақтану орындарының жұмыс режимін заң талаптарына сәйкес жүргізілу жайы үздіксіз қадағаланады. Сонымен қатар, тұрғындардың өтінішіне сәйкес Кенесары көшесі бойында орналасқан «боксшы ойын автоматын» алып тастау туралы шешім қабылданды. Туристерге де, тұрғындарға да жақсы әсер сыйлау қала орталығындағы көшелердің көркеюі маңызды. Бүгінде Түркістанды көгалдандыру, абаттандырумен қатар жүргізілетін қоқысқа қатысты жұмыстар күн тәртібіндегі мәселеге айналды. «Тазалық табалдырықтан басталады» дегендей, қаланың басты ауданында орналасқан ойын алаңшаларына зақым келтірген және қоқыстарды ретсіз тастаған азаматтарға айыппұл салынатын болады.
Көпшілік жиі шоғырланатын аумақтар үнемі назарда болғандықтан, жайына да аса мән беру маңызды. Киелі қала болашағы тұрғындардың саулығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осы ретте игілікті жолда әлем қалтқысыз қызмет ететін азаматтарға сәттілік тілейміз. Жәдігер қаланың заманға сай жандануы жолында аянып қалмау да өз қолымызда. «Сол себепті тұрғындар өз аумағындағы әрбір дүниеге адалдықпен, жауапкершілікпен қараса» дейді сала мамандары.
Дәурен ТІЛЕУХАН.
