ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ АУДАНДАҒЫ ЖОЛДАРДЫҢ САПАСЫН БАҚЫЛАУДА ҰСТАЙТЫН БОЛДЫ

1  402 көрілім


Бүгін «Сапалы жол – Түркістан Адалдық алаңы» Жобалық кеңсесімен кезекті мониторингтік бақылау жұмыстары Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылының мемлекеттік бюждет қаржысы есебінен салынған ішкі жолдарының көшелеріне жүргізілді.
Автокөлік жолдарының сапасын сараптау мақсатында жүргізілген қоғамдық бақылау жұмыстарына Жобалық кеңсе менеджері Е.Тұңғышбаев, аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Құралбаев, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» мамандары, аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ә.Қожахан, аудандық арнайы мониторинг топ мүшелері Д.Бегалиев және А.Момынқұлов, аудандық мәслихат аппаратының маманы М.Керімқұлов, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Б.Артықбаев, Тұрбат ауылдық округінің әкімі С.Атымтаев, аудан әкімі аппаратының заң бөлімшесінің басшысы Д.Кулимов, аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы С.Қалботаев және мердігер компания басшылары техникалық қадағалаушы мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.


Қоғам өкілдерімен жүргізілген зерделеу жұмыстары аясында жалпы ұзындығы 2340 метр болатын жолдардан сынама алынып, сапасы тексерілді.
Мониторинг барысында жылжымалы жол зертханасы арқылы жаңадан салынған 2 көшеден, атап айтсақ, Тұрбат ауылы Жұлдыз және Гүлістан көшелерінен сынама алынды.
Тексеру нәтижесімен Жұлдыз көшесінен алынған асфальтбетон жамылғысының қалыңдығы біркелкі емес, яғни салынған жолдардың жиегі тегіс емес екені анықталды.
Ал, Гүлістан көшесінің жол төселімінің тегістігі сметалық құжатқа сай емес және асфальтбетон жамылғысын салуда технологиялық талаптар сақталмағаны белгілі болды.


Мониторинг жұмыстарының қорытындысымен мердігер компания басшылығына анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Ауданда салынатын жолдардың сапасын аудан әкімі Т.Телғараев өз бақылауында ұстайтын болды.
Жобалық кеңсенің негізгі мақсаты – автомобиль жолдарының сапасын арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, Алдағы уақытта Түркістан облысына қарасты барлық аудан/қалалардың жолдары бақылауға алынып, мониторингтік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы