- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістанда бизнес және туризм өкілдерінің қатысуымен TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өтіп жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әртүрлі секторлардың спикерлерімен және тәжірибелі тұлғаларымен байланыс орнатуға, құнды білім алуға мүмкіндік беретін панельдік отырыстарға ұласуда. Форумды облыс әкімі Дархан Сатыбалды ашып берді.
Форум алдында Түркістан өңірін танытатын көркемсурет галереясы мен презентациялар, халықаралық бизнес пен инвестициялық жобалар жәрмеңкесі ел назарына ұсынылды. Іс-шарада ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, экспорт, логистика және IT-білім сияқты негізгі салалар бойынша талқылануда.
Халықаралық форум аясында Түркістан облысында ауқымды жиынға қатысып жатқан Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді компанияларымен бірнеше бағытта 20-ға жуық меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда Сауран ауданында тоңазытқыш қондырғылар өндірісін кеңейту, Созақ ауданында фосфатты тау жыныстары кендерін өңдеу зауытының құрылысы, «Шардара» экспорттық агроөнеркәсіптік кластерін құру, Мақтаарал ауданында тоқыма кластерін құру және Келес ауданында индустриалды парк құрылысы бойынша, Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын икемді генерациялау режимі бар аралас циклді газ станциясының негізінде электр станциясын салу бойынша, түсті рудаларды және металлургия өндірісінің өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу бойынша Кентау байыту комбинатын іске қосу, Жетісай ауданында тоқыма фабрикасын құру, Бәйдібек ауданында тауық жұмыртқасын өндіретін құс фабрикасын құру, дымқыл майлықтар мен балалар жөргектерін шығару бағытында қолданыстағы желіні кеңейту бойынша, металл конструкцияларын шығаратын зауыт құрылысы бойынша және тағы басқа бағытта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, келісімдер жасалды.
Маңызды жиында инвесторларға перспективалы инвестициялық жобалармен және оларды өңірде іске асыру үшін жағдайлармен танысуға бірегей мүмкіндік берілуде. Жобаларды бірлесіп дамыту үшін бизнес-қоғамдастық, жергілікті билік және инвесторлар арасында стратегиялық серіктестіктер орнатылып, тәжірибе және білім алмасады.
Айта кетейік, шара мақсаты — экономикалық өсуді ынталандыру, инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, технологиялық жаңару және жергілікті бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өңірге шетелдік инвестицияларды тартуға жәрдемдесу. Сондай-ақ форум қолайлы инвестициялық орта құру, тәжірибе алмасу және өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын ынталандыру үшін бірлескен шешімдер іздеу мақсатында инвесторлар, бизнес-қоғамдастық өкілдері мен мемлекеттік құрылымдар арасында әріптестік қатынастар орнатуға бағытталған.
Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Облысында туризмді, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылады.
Түркістан – ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы. Сондықтан, Түркістанды облыс орталығына айналдыру – сөзсіз Елбасының ең бір ұтқыр шешімі. Биылдан бастап қаланың Ұлы Жібек жолының бойындағы құндылығы арта түседі.
Түркістан облысының туристік әлеуеті жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Облыстың орталығы Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қала басында қала қонақтары мен тұрғындарына қажетті ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквопарк, споттық демалыс нысандар, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынған. Туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын орындар баршылық деген сөз.
Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. Облыстағы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі, Бәйдібек би ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қо-рықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі талай саяхатшыларды тамсандырған мекендер.
Өткен жылы Түркістан облысында 1 миллион 300 мыңнан астам турист келген. Облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасының мәліметінше сол туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия және Италия азаматтары екен. Шетелдіктерден бөлек өзіміздің Қазақстанның барлық ай-мағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер көп. Демек, туризм Оңтүстік үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр. Облыс орталығы Түркістан қаласының бір өзі Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлықпен қарсы алатын анық. Өткен жылы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістанды туристік қалаға, туризм орталығына айналдыру күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі екенін, жылына 1 миллионнан астам турист келетін аймаққа алдағы жылдары 1 миллионға жуық түркиялық туристің келуге дайын екенін айтқан болатын. Соған сай сервистік қызметтердің сапасын да жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс шара жоспарын бе-кітуді тиісті мекемелерге тапсырды. Облыс орталығы атанған уақыттан бұл жұмыстар барынша ұлғая түсті.
Ежелден рухани астана саналған Түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристі қабылдайтын күнге жетеді. Туризм – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі. Қазақстанның әрбір аймағы – туризм кластерінің ошағы. Еуразия кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дархан даласына айналған өлке де ертеден қала соғылды, мәдени ошақтар салынды. Ғажайыбы сырға толы өзен-көлдер мен тау-тастар, ормандар мен шөлейіттер массиві тарихи кезеңдердің куәсі болды. Мыңжылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қалалар талай соғысты бастан өткізді. Қазақ хандығының, Қыпшақ ұлысының, Түрік қағанатының астанасы болған қалалар да жетерлік. Ондай қалалардағы ескерткіштер, мәдени орындар, ескі ғимараттар шежірелі тарих болып қалмақ.
Айта кетейік, ерекше мәртебеге ие болған киелі өлке биылдан бастап түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін алтын көпірге айналады. Орта Азия елдері мен Түркия мемлекеттерінің жалпы съездері, мәдени-рухани бас қосулары, түркі мемлекеттерінің самиттері Түркістан шаһарында жалауын көтереді. Қалада экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағытта жұмыстар жанданады.