- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
БАРШАҢЫЗҒА РАҚМЕТ! «РИЗАМЫН АҒАЙЫН, АУЫЛЫМА»
Сауран ауданының мәдениет үйінде Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының Құрметті азаматы, журналист, ғалым, композитор Бекжігіт Сердәлінің «Ризамын ағайын, ауылыма» атты шығармашылық кеші өтті. Кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым ашып, жүргізіп отырды.
Жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева, «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің басқарушы директоры, журналист Тельман Бейсен және өмірдегі, өнердегі жора жолдастары қатысты. Кеште Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев құттықтау сөз сөйлеп, кеш иесі Бекжігіт Сердәліге сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.
– «Бекжігіт Кенжебекұлы! Сізді Сауран ауданының тумасы, жерлесіміз ретінде ерекше құрметтейміз. Сауран ауданның Құрметті азаматы ретінде ауданға сіңірген ерен еңбегіңізді жоғары бағалаймыз, шығармашылық жолында жасаған еңбектеріңіз орасан зор. Журналистика саласында талмай еңбек етіп, ел игілігі үшін көптеген жылдар бойы қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеп, бүгінде филология ғылымының кандидаты, доцент, профессор, ақын, композитор атандыңыз. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарда бар күш-жігерін сарқа пайдаланып келе жатқан еңбекқор, жанашыр азамат екеніңізді көрсетіп, халық құрметіне ие болып келесіз. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық пен береке тілеймін, – деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.
Түркістандағы Конгресс Холда облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Жастар сыйлығының иегері, Түркістан мен Кентау қаласының және Сауран ауданының құрметті азаматы, композитор Бекжігіт Сердәлінің шығармашылық өнер жолына 40 жыл толуына орай Бекжігіт Сердәлінің «Ауыл жатыр той жасап» атты шығармашылық концерті өтті. Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысып, кеш иесін құттықтады.
– Тарихи шаһардың жаңа ғасырдағы жылнамасын жазуға атсалысып, осы өлкенің рухани-мәдени әлеуетін арттыру жолында жан аямай еңбектеніп жүрген өнер майталмандары аз емес. Сол тұлғалардың қатарында Бекжігіт ағаның орны ерекше. Тарихи өлке Сауран ауданындағы Үлгілі ауылында дүниеге келіп, өмірі де, өнері де өзгеге үлгі боларлықтай ғұмыр кешіп келе жатқан ағамыздың шығармашылық кеші құтты болсын. Жарты ғасырға жуық ғұмырын өнерге арнап, сол уақыттан бері бірнеше буынның жатқа айтар әндерін жарыққа шығарды. Қасиетті қаланың әнұраны ретінде әспеттелетін «Түркістаным – Тұраным» әні туған топырағына деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісіндей. Шығармашылық жолынан бөлек, ақпарат саласында да өзіндік қолтаңбасы бар ағамыз әлі күнге дейін шәкірт тәрбиелеп, талай буынның бағыт сілтер бағдарына айналып келеді. Сіздің қазақ өнеріне, Түркістан руханиятына береріңіз мол. Елдің игілігі жолындағы барлық бастамаңыз жемісті болсын, – деген облыс әкімінің орынбасары кеш иесіне құрмет көрсетіп, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының атынан құттықтау хат табыстады. Қала әкімінің орынбасары, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры, қалалық мәслихат төрағасы да сөз алып, Бекжігіт Сердәліге сый-сияпат жасады. Мерекелік кеш барысында Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Ардақ Балажанова, Шакизада, Гүлнұр Оразымбетова, Абылайхан Оспанов, «Созақ триосы», «Turan Boys» тобы, «Дихан мен Ақбикеш» дуэті өнер көрсетіп, түркістандық көрерменге шабыт сыйлады. Сонымен қатар композитордың бірге оқыған достары, өнердегі және өмірдегі әріптестері, туыстары мен шәкіртері де кешке қатысып, ізгі лебізін қошеметпен білдірді. Айта кетейік, Бекжігіт Сердәлінің қазақ жастары қосыла шырқап, махаббаттарын баян етіп, отау құрған ғашық жандардың өлмес әніне айналған «Жас жұбайлар», сондай-ақ «Неге, неге», «Ризамын», «Ауыл жатыр той жасап», «Бір өзің деп», «Ару қыздар», «Келіп кет қалқам», «Сені іздегем», «Текемет», «Кінәлама», «Асыл жарға», «Қош аман бол» сияқты әндері мен «Түркістан кеші» инструментальды композициясы шоқтығы биік туындылар қатарында. Шығармашылық кеште Бекжігіт Кенжебекұлының жора жолдастары өнер иесімен бірге ән шырқап, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйласа, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.Бекжігіт өзінің фейсбук парақшасындағы осы концерттік бағдарламаны, тойды өткізген барша қазақстандықтарға жүрекжарды ризашылығын білдіріп, ағынан жарылды. «Алдымен концертіме келіп, әндерімді тыңдауға құмар болған, тіпті, 1000 орындық залда орын жетпесе де, түрегеп тұрып тамашалаған тыңдармандарыма ерекше алғыс білдіріп қояйын! Әсіресе, туған өлкем – Сауран ауданынан, Бабайқорғанымнан, Үлгілімнен арнайы автобус жалдап, «Туған ауылдан — туған ұлға сәлем!» деген ұранмен әндете келген ақ әжелеріме, ауыл ақсақалдарына, ауылдастарыма алғысым шексіз (оны кейін біліп жатырмын)! Астанадан, Павлодардан, Алматыдан, Атыраудан, Тараздан, Ұлытаудан, Қызылордадан, Шудан, Шымкенттен, Сайрамнан, Ордабасыдан, Бәйдібектен, Созақтан, Төлебиден, Отырардан, Қазығұрттан, Кентаудан арнайы келіп, концертте болған қаншама әнсүйер қауымға да алғыстан басқа айтарым жоқ!
Осы концерттің өтуіне тікелей қолдау білдіріп, мұрындық болған Түркістан облысының әкімдігіне, ұйымдастырған Түркістан облысы Мәдениет Және Туризм Басқармасына, әсіресе облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевқа, басқарма басшысы Азимхан Койлыбаевқа, музыкалық продюсерім әрі концерт режиссерім Meirzhan Aliakbarovқа, Түркістан, Кентау қалаларының, Сауран ауданының әкімдіктеріне, осыдан 40 жыл бұрын «Жас жұбайлар» әнін алғаш елге таратқан Дәрібаевтар отбасылық ансамблінің жетекшісі Ибрагим Дарибаевқа, өнердегі айнымас досым, композитор Қалдыбек Құрманәліге, сол концерттің өтуіне қызмет еткен қаладағы театр, би ұжымдарына, концертті түгел таспалап алған «Түркістан» арнасына — Жанахмет Ағыбаевқа, сахна сыртында қызмет еткен Конгресс Холл Түркістан қызметкерлеріне, концерт басталғанға дейін күнде хабар алып отырған жанашыр достарыма Алланың нұры жаусын!».
Бұл концерттен не түйдім?
«Танымалдылықты онша жақтырмасам да, әлеуметтік желідегі, көше лэд-бильбордтарындағы, телеарналардағы афиша-жарнамаларым мендей бір ұялшақ қазақ баласының Астанада не Алматыда емес, осы қалада тұратынын айғақтады. Дастархан басында өздері шырқап жүрген таныс әндерінің авторы қол жетпейтін аспандағы «жұлдыз» емес, өздерінің арасында жүрген қарапайым ғана қара домалақ қара бала екенін білді. «Мына әннің авторы осы екен-ау!» деп, енді жүрген жерлерінде айта жүретін болды. Бір сағат он бес минуттық мәдени шара арқылы елді жалықтырмай қалай концерт беруге болатынын көкейлеріне түйді. Концерттен соң өнер жұлдыздарының соңынан қуаламай, фотолатпай, селфилетпей, жәй ғана жақсы әсермен үйге қайтуға болатынын сезді. Жаңа әндерім есеп бергендей болып елдің бір талқысына түсті. Концертке кешігіп келгендер орын таппай босағада тұрып не баспалдақта отырып қалып, іс-шараға уақтылы бару жауапкершілігінің қаншалықты қымбат екенін сезінді. Бұдан кейін концерт берермін, бермеспін, ең бастысы, залдағы елдің ықылас-пейілі арқылы мені, менің әндерімді халықтың сүйетінін сездім! Одан асқан бақыт жоқ!
Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актеры әрі режиссері Самал Әбуов Оралдан хабарласа тұрып, «Концертіңіздің кейбір үзінділерін әлеуметтік желіден көріп, жер шалғай болып, бара алмағаныма өкініп қалып ем. Бірақ мен сахнадан ән боп тербетілген үлкен жүректі көрдім!»,- деп еді, мен де сол күні лық толы залдан қазақ әніне деген сүйіспеншілігі жоғалмаған өз тыңдармандарымның үлкен жүректерін көрдім…