Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев кеше халық алдында сөз сөйлеп, Арыс қаласы 28-маусым күні таңғы 8:00 де ашылатындығын айтқан болатын. Соған сәйкес облысымызда арыстықтарды туған жеріне қайтару жұмыстары таңсәріден басталып та кетті. 4 күн бойы Түркістан, Шымкент және облысымыздың өзге де аудандарындағы эвакуациялық орталықтарда уақытша тұрақтаған тұрғындар автобустарға мініп, өз үйлеріне лек-легімен оралды.
Облыс орталығында орналасқан алты эвакуациялық пункттің үшеуінде жарылыстан жапа шеккендер жайғасқан болатын. Таңғы сағат 6:00-ден бастап қалалық әкімдіктің басшылары мен жауапты мамандары С.Ерубаев атындағы мектеп-интернаты мен ХҚТУ жатақханасы және көмекші-мектеп интернатында орналасқан Арыс қаласы мен ауданының азаматтарын арнайы дайындалған көліктерге жайғастырып, туған жеріне аттандырды. Зардап шеккен жандар түркістандықтардың қонақжайлылығы мен қиын сәтте қол ұшын берген азаматтарға дән риза екендіктерін жеткізді.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Арыстағы атмосфералық ауаның таза, су мен топырақтың ластанбағанын, радиация жоқтығын айтып, тұрғындарға қауіп жоқтығын алға тартып отыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек арыстықтарға көмек беру үшін еліміздің барлық өңірінен 160 арнайы бригада келеді. Олар Арыс қаласындағы бөлінген секторлар бойынша құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүзеге асырмақ. Айта кетейік, тұрғындардың үйіне оралу барысында бекітілген қызметкерлер фото-видеофиксация жасап, шығындарды есептеуге көмектесуде. Сондай-ақ,полиция қызметкерлері, дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетуде. 17 секторға бөлінген Арыста тұрғындарды кіргізу үшін 1 ауданнан – 40 адам бекітіліп, облысымыздың аудан, қала әкімдіктерінен 640 қызметкер көмек беруде.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».



