Түркістан каласы әкімінің колдауымен футболдан жасөспірімдер арасында өткен республикалық турнир өз мәресіне жетті. Еліміздің әр өңірінен келген 2010, 2012, 2013-14, 2015 жылы туылған жас аяқдопшылар 4 топта бақ сынасты. Оның үшеуінде чемпиондық кубок түркістандықтарға бұйырды.
Жеңіс тұғырынан кімдер көтерілді деген сауалға нәтижесі төмендегідей:
2015 жылы туған жасөспірімдер арасында:
1 – орын – «Джейран» (Алматы)
2 – орын – Ақтөбе командасы
3 – орын – «Тұран» (Түркістан)
2013-14 жылы туған жасөспірімдер арасында:
1 – орын – «Тұран» (Түркістан)
2 – орын – Ақтөбе командасы
3 – орын – Астана командасы
2012 жылы туған жасөспірімдер арасында:
1 орын – «БЖСК» (Түркістан)
2 орын – Астана командасы
3 орын – Ұлытау облысы
2010 жылы туған жасөспірімдер арасында:
1 – орын – «БЖМОФМ» (Түркістан)
2 – орын – Ақтөбе командасы
3 – орын – Астана командасы
Қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев спортшыларға шаһар басшысының құттықтауын жеткізіп, жеңімпаздарды марапаттады. Үздік ойыншыларға арнайы номинациялар табысталды. Қалалық мәслихат депутаттары да турнирдың салтанатты шарасына қатысып, жасөспірімдерге қолдау білдірді. Енді «Turkistan CUP» республикалық турнирін облыс орталығында дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу жоспарлануда.
– Қала бойынша іске асып жатқан спорттық додалардың басты мақсаты – тұрғындарды дене шынықтырумен айналысуға үндеу. Азаматтар арасында өзара достық қарым-қатынасты қалыптастырып, жасөспірімдерді бос уақыттарын тиімді пайдалануға жұмылдыру болып табылады. Мұнымен қоса олардың есірткі, басқа да зиянды әуестерден аулақ болып, жақсы әдеттерге үйір болуын жүзеге асыруға ықпал ету – бізге жүктелетін ең үлкен міндет. Айта кетерлігі, сала бойынша барлық іс-шаралар қала әкімдігінің қолдауымен, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өтеді. Алдағы уақытта тәжірибеміз бен барлық мүмкіндіктерімізді пайдаланып, қаланың дамуына үлес қосып келеміз, – дейді М.Асилбаев.
Осы орайда, Түркістан қаласындағы спорт саласының даму көрсеткіштерін тізбелеп көрсек. Халықтың 1000 адамға инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі өткен жылдың 9 айында 65,3 %-ды құраса, биылғы жылдың тиісті кезеңінде 67%-ды құраған. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда өсім 1,7% құрап отыр. Ал дене шынықтырумен айналысатын азаматттардың санын жалпы халықтың 50%-на дейін жеткізу көрсеткіші 42,11% құрап, өткен жылмен салыстырғанда өсім 3,6%-ға артқан. Жергілікті биліктің тарапынан жасалған қолдау нәтижесінде қала әкімдігі жанынан 2 клуб құрылғанын айта кету керек. Олар – Түркістан қаласы балалар мен жасөспірімдер спорт клубы және «Túrkіstan» футбол клубы. Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының жаттықтырушылары мен спорт нұсқаушылары бүгінгі таңда қаладағы 48 ашық алаңды бұқаралық спортпен қамтып жатыр. Бұл халыққа қалтқысыз қызмет атқарып жатқан сала мамандарының елеулі еңбегінің бір көрінісі деп бағаласақ артық емес. Ал «Túrkіstan» футбол клубы Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысуда. 2008 және 2009 жылы туылған жасөспірімдер ҚР чемпионатының қорытындысы бойынша 19 команданың ішінде 4 орынды иеленіп Қазақстан Республикасының Кубогына жолдама алды. Дәл осы кезеңге дейін О.Жарылқапов және «Түркістан Арена» стадиондарында жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты «Túrkіstan» футбол клубы жергілікті кездесулерін Арыс қаласының орталық стадионында, жаттығуларын Кентау қаласының «Еңбек» стадионында өткізіп келген еді. Алдағы уақытта футбол жанкүйерлері қала әкімдігінің жанынан құрылған футбол клубының матчтарын Түркістанда көруге мүмкіндік алады.
Спорт – қай заманда да, қай қоғамда да шекарасы шектеусіз, ел мен елді, ұлт пен ұлтты жақындастыратын бейбітшілік ойыны. Қазір тарихи шаһарда аталған салада саңлақтар қатары артып, әлемдік додаларға көптеп қатысатындай деңгейге жетті. Байрақты бәсекелерде топ жарып, Түркістанның атын әйгілейтін азаматтар көп болуын тілейміз. Денсаулығы мықты адам мемлекет байлығы екенін ескерсек, денсаулықты сақтаудың бірден-бір жолы – спортпен шұғылдану. Сондықтан бүгінгі таңда қаладағы спорт саласына баса назар аударылып, дене шынықтырумен шұғылданатын азаматтарға барлық жағдай жасалуда. Осы жауапты жұмысқа белсене кіріскен азаматтарға да толағай табыс тілейміз!
