Түркістан спорт орталығына айналып келеді. Бес жылда бой көтерген заманауи спорт нысандары мен ғимараттары қасиетті шаһардың спорттағы әлеуетін көтеріп тастады. Соның айғағындай Түркістан қаласына ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыру сеніп тапсырылды және бұл дода басталып кетті. 5 қарашада басталған сайыстар бүгін мәреге жетеді.
6 қараша күні ІІ Түркі универсиадасының ашылу салтанаты «Керуен сарай» кешеніндегі «Show arena» ғимаратында ұйымдастырылды.
Салтанатты жиында Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркі елдерінің басын қосқан спорт додасының маңызды екенін атап өтті.
Сонымен бірге, Дархан Сатыбалды жарысты тарихи шаһарда өткізуге қолдау көрсеткені үшін Түркі мемлекеттері ұйымы мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығына алғысын білдірді.
Жарыстың ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Алдымен «Спорт, спорт» хореографиялық театрландырылған композициясы көрермен назарына ұсынылса, «Ынтымақ мекені» хореографиялық театрландырылған қойылымы арқылы түркі елдерінің бірлігі насихатталды. Сонымен бірге Түркістан облысының талантты өнерпаздары «Қазақ елі осындай», «Түркістан», «Ақ қурай», «Тұран даласы» әндерімен жұртшылықтың рухын оятты.
Түркістан қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының студент спортшылары арасындағы ІІ Түркі универсиадасына Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Мажарстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 500-ге жуық спортшы қатысуда. Олар шахмат, үстел теннисі, волейбол, дзюдо, футзал, грек-рим күресі, еркін күрес спорт түрлері бойынша жүлделерді сарапқа салады. Сайыстар «OLIMPIC CENTER» спорт кешені мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өтуде.
II Түркі Универсиадасының алғашқы жеңімпаздары белгілі болды. Волейболдан қыздар арасында Қазақстан құрамасы Қырғызстанды 3:0 есебімен жеңіп, чемпион болды. Футзалда қырғыз студенттері үздік атанды. Қазақстанға күміс бұйырды. Универсиаданың алғашқы жеңімпаздарын ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан марапаттады.
ІІ Түркі Универсиадасында еркін күрестен қазақстандық спортшылар 4 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Әмірхан Дәулет (ҚазСТА) 57 келі салмақта, Мұхтар Санжар (М.Х.Дулати атындағы ТарМУ) 65 келіге дейінгі салмақта, Ереш Дәулет (Х.А.Ясауи атындағы ХҚТУ) 79 келіге дейінгі салмақта, Айтбеков Ақежан (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) 97 келіге дейінгі салмақта чемпион болды. Күміс медальді Абай атындағы ҚазҰПУ-дан Досжанов Санжар 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіп алды. Х.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенті Шалдар Қуандық пен БҚИТУ-дан Ерболатұлы Ерсұлтан тиісінше 70 және 92 келіге дейінгі салмақтарда қола медаль жеңіп алды.
9 қарашадағы көрсеткіш бойынша жалпыкомандалық есепте 18 жүлдемен Қазақстан құрамасы бірінші орында келе жатыр. Қазақ студенттерінің қоржынында 7 алтын, 5 күміс және 6 қола медаль бар.
«Түркістан-ақпарат».
