Түркістандық балалар ағылшын тілін тегін үйренеді. АҚШ Елшілігінің «English Access» бағдарламасы мұқтаж отбасылардан шыққан балаларды ағылшын тіліне, сондай-ақ жеке өсу, цифрлық сауаттылық, еріктілік дағдыларына үйретуге бағытталған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Натан Розенблум бастаған делегациямен кездесуі барысында айтылды.
Кездесуде тараптар экономикалық өркендеу, жасыл энергетика мүмкіндіктері, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті, білім беру, ауыл шаруашылығы бағытын дамыту мен қолдауға байланысты мәселелерді талқылады. Тараптар білім беру саласы бойынша ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндіктері туралы да мәселе қозғады.
– Түркістан өңірі – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі және орасан зор инвестициялық және туристік әлеуетке ие. Біздің өңірде өңдеу өнеркәсібі саласын дамытуға мүмкіндік бар. Түркістан облысы –климаттық жағдайына байланысты республикадағы мақта егетін жалғыз аймақ. Бүгінгі таңда өңірде жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, туризм мен білім саласына қатысты жаңа жобалаларды бастаймыз. Техникалық бағытта ІТ саласында бет бұруға күш салынған. Сондықтан жетекші шетелдік жоғары оқу орнының кампустарын ашу жоспарлануда,–деген Дархан Сатыбалды АҚШ-пен бірлескен кәсіпорындар құруға және шетелден инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайын екенін жеткізді.
– Дипломатиялық миссия аясында Қазақстанның барлық өңірлерін аралауға тырысамын. Өңірдегі жағдаймен танысу үшін Түркістан облысына араға 29 жыл салып, алғаш келуім екен. Әрине орасан зор өзгерістерге куә болдым. Біздің сапарымыздың алғашқы бағыты білім саласына байланысты. «English Access» бағдарламасы мұқтаж отбасылардан шыққан балалардың ағылшын тілін үйренуіне үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, ауыл шауашылығы саласы да мыңызды. Фермерлерді саланы дамытудың қыр-сырын үйретуге арналған жобалар бар. Тағы бір бағыт – адам саудасымен күрес, – деп атап өтті Дэниел Розенблюм.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың өзара тиімді барлық бағыты бойынша байланыстарды белсенді түрде жалғастыруға дайын екендіктерін айтты.
2018 жылдан бастап Түркістан облысына 5,8 млрд. АҚШ. доллары көлемінде өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм, және логистика сияқты салаларға инвестиция бағытталды. 2027 жылға дейін өңір экономикасына шамамен 6,7 млрд. АҚШ доллары көлемінде жеке инвестициялар есебінен 200-ге жуық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру күтілуде. Облыста бірлескен жобаларды іске асыруға қазақстандық және америкалық компаниялар тартылуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан үшін экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес секторды дамыту негізгі бағыттардың қатарына еніп отыр. Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, көмірсутегінің қаржысына ғана сүйенумен алысқа бара алмасымыз мәлім. Бұл ретте туризмнің алар орны ерекше. Туризм – демалу мақсатында, іскерлік және өзге мақсаттарда қатарынан бір жылдан аспайтын кезең ішінде саяхаттайтын және әдеттегі ортасынан тыс жерде орналасқан орындарда болуды жүзеге асыратын адамдар қызметі. Туризм халық шаруашылығында дербес сала екені айқын және бұл экономикалық құбылыс болып есептелінеді. Туризм – экономиканың қарқынды дамыған және көп табыс беретін салаларының бірі. Ол жиі аймақтық даму «катализаторы» рөлін атқарады. Туризмнің дамуы, бірінші кезекте, саяхаттауға ыңғайлы жерлердің пайда болуына қатысты. Себебі әлемдегі дәстүрлі саяхат орындары бүгінде өзінің маңыздылығын жоя бастаған. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда туризмге мол мүмкіндік бар және соның нәтижесінде әлемдік туризм нарығының биігіне көтерілуі мүмкін. Сол мүмкіндіктің бірі Түркістан аймағындағы тарихи байлықтар мен мәдени және рухани құндылықтарды сақтаудың қазіргі жағдайы – кесенелер мен ежелгі мешіттерді және қалашықтарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе отырып, солардың негізінде тарихи, мәдени музей-қорықтарды қалыптастырумен сипатталады.
Туризмнің орталығына айналған Түркістанда туристік сервис те жедел дамып келеді. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өңірімізге жасаған сапарында Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді ұсынды. Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті.
– Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті, – деді Президент. Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.
– Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кейінгі жылдары болған оң өзгерістерді атап өтті. Президенттің дерегіне сәйкес, Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған. Тұрғындарды ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келген. Кейінгі үш жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған. Мемлекет басшысы елімізде «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтып, оның халық саны көп оңтүстіктің тұрғындарын жұмыс күші аз өңірлерге қоныстандыруға арналған жоба екенін түсіндірді.
Туризм саласы соңғы уақытта Түркістан өңірінде қарқынды дамып, тұрғындардың туристерге сапалы қызмет көрсетіп, олжаға кенелуіне мол мүмкіндік бар екенін дәлелдеуде. Себебі Түркістан өңірінде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету жергілікті биліктің күн тәртібіндегі басты талаптарының бірі болып отыр яғни, туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту назарда тұр.
Аймақта «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасының инфрақұрылымын салу жұмысы жүргізілуде. Бұл жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП-50-іне енгізілген.
Туризм саласын дамытуға бағытталған жұмыстар нәтижесінде өңірдің туристік әлеуеті күшейді. Нысандар пайдалануға беріліп, инфрақұрылымы жақсарды.
