ТҮРКІСТАНДА «RAIYMBEK» І РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

329 көрілім

Түркістан қаласында Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейтметовтың 85 жылдығына орай Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «RAIYMBEK» I Республикалық театр фестивалі басталды. Алдымен фестивальдің құрметті қонақтары мен қатысушы театрлар қызыл кілемнен жүріп өтті. Содан соң тау тұлға жайлы бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.

Салтанатты ашылуына арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қиын-қыстау кезеңде киелі мекеннен театр негізін қалаған Райымбек Сейтметовтың ерен еңбегін, мұндай өнер мерекесінің туған жерінде ұйымдастырулы заңдылық екенін атап өтті.

– Тарихтан сыр шертер Түркістанымыз облыс орталығына айналып, бүгінде тек еліміздің ғана емес, әлемнің назарын аударуда. Биыл облыстың құрылғанына 5 жыл толып отыр. Мұнда республикалық және халықаралық шаралардың өтуі дәстүрге айналып келеді. Қазіргі таңда Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы бастама көтеіріліп, арнайы заң жобасы әзірленіп, қоғам талқысынан өтуде. 2024 жылдан бастап Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанбақ. Осындай елдің мәдениетін дамытуға бағытталған шаралардың көптеп өтуі – осы бастамалардың жүзеге асуына оң ықпалын тигізеді деп сенемін. Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы еліміздегі театр ұжымдарының басын қосатын театр фестивалін қолдады. Өңірде көптеген мәдениет ошақтары салынып, халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Оның ішіндегі кәсіби 3 театрымыздың еңбегін мақтанышпен айта аламыз. Театр ұжымдары республикалық, халықаралық байқауларда үздіктер қатарынан көрінуде. Сіздерге осы рухани демалыс сәті үшін, облыс басшылығы мен қала тұрғындары атынан алдын-ала шынайы ризашылығымды білдіремін, – деген облыс әкімінің орынбасары Райымбек Сейтметовтің және Қадыр Мырза Әлінің жарына құрмет көрсетті.

Әрі қарай фестиваль шымылдығын Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры «Отелло» трагедиялық шығармасымен түрілді. Төрт күн бойы бекітілген кестеге сәйкес Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиясының музыкалық драма театры, Жамбыл облыстық орыс драма театры, Алматы қаласы, Мәдениет басқармасының «Алматы әуендері», «Жаңа ғасыр» театры, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры, Абай облысының Семей «Дариға-ай» жастар театры және Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театры бақ сынайды.

Қазақ кәсіби театрларының өнерін насихаттау, театр өнерінің қазіргі келбетін таныту, театрлардың өзара іс-тәжірибе алмасу, шеберлік-класстар өткізу және шығармашылық тығыз қарым-қатынаста болуына ықпал ету, талантты әрі дарынды театр әртістері мен режисерлерді анықтау, сонымен қатар оларды ынталандыру, театрлардың танымалдығын арттыру мақсатындағы фестивальге өнер саласына еңбегі сіңген театр сыншылары мен кәсіби мамандар төрелік етеді.

Айта кетейік, бұған дейін байқау туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Әлиакбаров мәлімдеді. Түркістан қаласында Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейтметовтың 85 жылдық мерейтойына орай «RAIYMBEK FEST» I Республикалық театр фестиваліне Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды драма театрының директоры Ержан Исатаев фестиваль талаптары мен шарттарына сәйкес сайысқа тек кәсіби театрлар қатысатындығын айтты. Әр театр соңғы үш жылда сахналанған, көркемдік деңгейі жоғары тек бір шығарманы ұсынбақ.

– Сайыста Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры, Жамбыл облыстық орыс драма театры, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» және «Жаңа ғасыр» театрлары, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры, Абай облысының Семей «Дариға-ай» жастар театры және Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрлары бақ сынайды. Одан бөлек, қазылар алқасы құрамында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры Бақыт Нұрпейіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азат Сейтметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бахыт Сраилов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Өнертану» факультетінің деканы, профессор Меруерт Жақсылықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Балтабай Сейітмамытов сынды өнер майталмандары төрелік етеді. Жеңімпаздарға арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары берілетін болады, – деді Ержан Ибадуллаұлы.

Сонымен қатар белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Райымбек Сейтметовтың ұлы Азат Сейтметов фестивальдің – қазақ кәсіби театрларының өнерін насихаттау және театрлардың өзара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылып отырғандығын жеткізді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы