ТҮРКІСТАН: «VOICE OF TURAN-2023» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ ӘНДЕРІ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

593 көрілім

Бүгін Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Voice of Turan – 2023» халықаралық қазақ әндері фестивалі басталды. Фестивальдің салтанатты ашылуына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінгі халықаралық деңгейдегі өнер додасының өңір руханиятын дамытуға ықпалы зор деп есептеймін. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Сол қысқа уақытта тарихи шаһар дамудың жаңа белесіне көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанға ерекше мәртебе беру тапсырмасын берді. Осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Біз осыған лайық жұмыс істеп, мәдениет саласын да көтеруіміз керек. Өткен аптада Түркі елдері ұйымының шешімімен Түркістан қаласы Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы болып танылды. Бұл – біз үшін Түркістанның тарихын, руханиятын одан әрі танытуға, туристер арқылы әлемге насихаттауға тамаша мүмкіндік. Туризммен бірге мәдениет саласы дамуы тиіс. Осы бағытта жұмыс жүруде. «Конгресс-холл» ұжымына 100 штат бөлініп, еліміздің түкпір-түкпірінен мықты өнерпаздар қабылданды. Олар Түркістан мәдениетін, өнерін көтеруге еңбек етеді. «Voice of Turan – 2023» халықаралық қазақ әндері фестивалін дәстүрлі түрде өткізуге күш саламыз.Жыл сайын аясы кеңейе береді деген сенімдемін. Қазақ әні әлемдік сахналарда шырқала берсін! – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістанда биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған ән байқауына Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Әзербайжан, Польша, Беларусь, Молдова, Грузия, Бурятия, Куба, Болгария, Португалия, Испания елдерінен 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар, халықаралық ән байқауларында жетістікке жеткен үміткерлер қатысып жатыр. Байқау шартына сәйкес бірінші күні қазақ өнерінің шеберлерімен бірге дуэт орындады. Еуропа мен Азия әншілері халқымыздың әндерін тамылжыта шырқады.

Ал екінші күні өз таңдауындағы қазақ әнін шырқап, бақтарын сынамақ.

Жобаның бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров. Жүйріктерді Төлеген Мұхамеджанов, Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Нұржамал Үсенбаева, Алтынай Жорабаева, Мадина Сәдуақасова, Ардақ Балажанова, Қалқаман Сарин, Нұрғиса Дәуешов, Мархаба Сәби сынды шығармашылық интеллигенция өкілдері, танымал орындаушылар, композиторлар мен продюсерлер бар кәсіби қазылар алқасы анықтайды. Кеш қонақтары – Қазыбек Құрайыш, Гүлнұр Оразымбетова, «МелоМЕН» тобы, Айзада Әлімбек, «TURAN BOYS» тобы, Аяжан Нұрмаханбетова. Жеңімпаздарға Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары беріледі.

Айта кетейік, Түркістан облысының 5 жылдығына және Республика күніне арналған фестиваль мақсаты – төл музыканы, қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Ән арқылы әлемге халқымыздың музыка мәдениетінің сан алуандылығын паш ету. Ұлы Дала елінде туындаған шығармаларда айқын сақталған музыкалық ерекшеліктерді көрсету. Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды насихаттау.

Конгресс хол кешенінде өткен концертке келген түркістандықтардың қарасы мол. Жастардан бастап қарияға дейін бәрі осында. Олар Түркістанда осындай жобаның қолға алынғанына дән риза.
Бұл байқау 2020 жылы басталған. Пандемияға байланысты жоба онлайн түрде өткен болатын. 2020 жылы Молдовалық  Галина Шкода бас жүлдені жеңіп алса, 2021 жылы Бурятиялық Цыден Еши Бимбаев Гран-при иегері атанған. Халықаралық ән сайының нәтижесінде 4 елдің үздік әншілерінен құрылған «Turan Boys» квартеті бүгіндеқазақ әндерін насихаттауда зор үлес қосып жүр.
Халықаралық байқауда, танымал орындаушылар, композиторлар, продюсерлерден құралған кәсіби қазылар алқасы төрелік етеді. Жеңімпаздар түрлі дәрежедегі дипломдармен  және қаржылай сыйлықтармен марапатталатын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы