«ТҰРАН ДАУЫСЫ» – ТҮРКІСТАН БРЕНДІ

480 көрілім

Түркістан қаласы «Ұлы дала елі» орталығында Халықаралық «Voice of Turan – 2023» қазақ әндері фестивалінің жеребе тастау рәсімі өтті. Әншілер кезекпен өз нөмірін таңдап алды. Салтанатты рәсімге Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, аталмыш жоба продюссері Мейіржан Алиакбаров арнайы қатысып, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі. Түркістанда биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық ән додасында Еуропа және Азия елдерінен үздік үміткерлер бақ сынамақ.

19-20 қазан күндері Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өтетін сайыстың бірінші күнінде қазақ өнерінің шеберлерімен бірге дуэт орындайды. Ал екінші күні өз таңдауындағы қазақ әнін шырқайды. Құрамында фестиваль идеяларын танымал етуге ықпал ететін шығармашылық интеллигенция өкілдері, танымал орындаушылар, композиторлар мен продюсерлер бар кәсіби қазылар алқасы шын жүйрікті анықтайды.

Айта кетейік, Түркістан облысының 5 жылдығына арналған фестиваль мақсаты – қазақ музыкасын, қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Музыкалық шығармалар арқылы әлемге қазақ халқының музыка мәдениетінің сан алуандылығын паш ету. Ұлы Дала елінде туындаған шығармаларда айқын сақталған музыкалық ерекшеліктерді көрсету. Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды насихаттау.

Бекжігіт Сердәлі:

Спектакль режиссурасы… Бұл бір бөлек әлем. Ал, сахна қойылымының режиссурасы, әсіресе концерт режиссурасы… маңдай терді қажет ететін ауыр еңбек. Себебі, әр әншінің өз «капризы» бар, оған әнді көрерменге ұсынар 2-3 минуттық сахна қойылымын қосыңыз, әншінің сүйкімді қылығы мен ән айту шеберлігіне көрерменді байлап қояр сахналық еркелігін қосыңыз… көрерге оңай… Ал сол бір ғажап сәтке қол жеткізу үшін концерт продюсерінің қаншама күн тер төгер жанқиярлық еңбегін біріміз біліп, біріміз біле бермейміз. Александр Понамаренко, Мұрат Иргалиев… бұлар музыкалық продюсерлер. Осы бір алыптарға шәкірт бола жүріп, бар ауыр жүкті мойнына артып алған Мейіржан Әлиакбаровқа өз басым таң қаламын! Күн демалмайды, түн ұйықтамайды. Әр әншімен сөйлеседі, репертуар таңдайды, тілді үйретеді, қазақ музыкасына ғашық етеді, талап-тілегін орындайды… Нәтижесі – шетел жұлдыздары Түркістан сахнасында қазақ тілінде ән шырқап тұрады.

– Қазақ әріптерін дұрыс айту мен үшін өте ауыр болды, – дейді испан әншісі Лоуйс Мелге. – Сөйтсе де Мейіржанның қатаң талабымен қалай қазақша ән шырқап кеткенімді өзім де түсінбей қалдым.

Әншейінде «провинция» деп қиырдағы қалаға жоламайтын жұлдыздар апта құрғатпай Түркістанға келетін болды. Бұл музыкалық продюсер Мейіржанға деген құрмет, оның режиссерлік қабілетіне деген сенім.

– Кешегі концерт бірін-бірі танымайтын, бір-бірімен дуэт ән айтып көрмеген әншілердің ән-тартысындай әсер етіп еді, бүгін тіпті таң қалғанымды жасыра алмаймын, – дейді «Тұран дауысы» қазылар алқасының төрағасы Төлеген Мұхамеджанов. – Тілі бөлек, үні бөлек әншілер қазақ музыкасын төл шығармасындай жүрегі езіле шырқап кетті. Бұл қазақ әуендерінің шетелге де жағымды екенінің бір көрінісі.

Ашығын айтайық, көне шаһарды мекендеген қазақ аудиториясының «Тұран дауысына» дейін мұндай бай әрі думанды музыкалық таңдау мүмкіндігі болмады. Ұлттық ән өнері шетел әншілеріне әдемі әсер ете бастағанымен, мегаполистерде өтіп жататын түрлі ән фестивальдері консервативті бағытта дамитын. Қазақ сахнасында «Азия дауысы» сияқты ән фестивальдері болғанымен, «Тұран дауысы» сияқты ұлттың брендін қалыптастыратын таза қазақ тілді мега-жобалар болған емес. Қазақ әнсүйер қауымы негізінен Ресейдің «Славян базарын», Еуропаның «Евровидениесін» тамашалайтын. «Тұран дауысы» қазақ музыкасын әлемге танытар ерекше бір жобаға айналды.

— Жоба авторы Мейіржан Әлиакбаровқа шетел фестивальдеріне барып, тәжірибе жинақтауды ұсынғанымызда, ол өзгеден ештеңе алғысы келмейтінін, өз жолымен жүруді қалайтынын айтты, — дейді мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Серікұлы. — Соның нәтижесі, міне – шетел әншілері қазақ әндерін шырқайтын жаңа форматты фестиваль дүниеге келді.

– Біріншіден, менің принципімде – қазақ әуенінен асқан әуен болмайды деген ұғым бар, — дейді Мейіржанның өзі, — біз өзіміздің бірегей сахналық драматургиямызды, технологиямызды және фестиваль атмосферасын жасауымыз керек. Ешкімді көшіргіміз келмейді. Мысалы, өрнекті сахна декорациясы, этно-жеребе, әр ел өкілінің өздерінің ұлттық киімімен қазақ әнін шырқауы – бұл өте қызық емес пе? Біз жаңа бағытты ғана ойлап таптық. Осылайша, шетел жұлдыздары қазақ көрерменінің алдында қазақ әндерін шырқады. Көрермен көңілі шалқыды.

Фестиваль сыйлықтары мен кәдесыйлары кіл Түркістан брендтері болды. Бұлар оларға фестивальдің ресми бойтұмарлары ретінде ұсынылды. Сондай-ақ концерт жүргізушілері әншілерге өз тілдерінде бір шумақ болса да жанды дауыста ән салуды міндеттеді. Бұл да музыкада шекара болмайтынын айғақтады.

Байқауды ұйымдастыру үшін қаншалықты күш қажет болғанын көз алдыңызға елестетіп көріңіз! Бұл суретшілер мен декорация мамандарының, визажистер мен музыкалық операторлардың және т.б. мамандардың ынтымақты жұмысының жемісі. «Конгресс-холлды» концерттік шараға бейімдеу үшін күні-түні ұйықтамаған сахна мамандарына разымыз.

– Мейіржан әр детальді оңынан ойластырған, – дейді әнші Мадина Садуақасова. – Тіпті марапаттаудың өзін әскери тәртіппен ұйымдастырғанына өз басым таң қалдым…

Шалғайдағы шағын қалаға Сәкен Майғазиев, Мөлдір Әуелбекова, Алтынай Жорабаева, Маржан Арапбаева, Нұржамал Үсенбаева, Мархаба Сәби, Мәдина Садуақасова. Ардақ Балажанова сияқты әлемдік және қазақстандық сахна жұлдыздарының келіп, қарапайым адамдар алдында өнер көрсетуі өте сирек құбылыс. Шетелден келген әншілер Қазақстан деген ел бар екенін және ол жерде Түркістандай сұлу қаланың бар екенін көріп, ғажап сезіммен таңдай қаға аттанды. Бұл туризмнің дамуына үлкен серпін беретін жоба болды.

“Фестивальдің таяу жылдарда посткеңестік кеңістікте, Шығыс Еуропада, Оңтүстік-Шығыс Азияда өте танымал жоба болатынына сенімдіміз”. Бұл белгілі композитор Төлеген Мұхамеджановтың пікірі.

«Тұран дауысы» фестивалі өзінің тарихи миссиясын орындады. Ол Түркістанды әлемге паш етті, қала тұрғындарына мейрам сыйлады, жүректегі құлыптарды ашты.

Ендеше, «Тұран дауысы» – Түркістан бренді деуімізге толық негіз бар!

Естеріңізде болса, ҚР Республика күніне орай, қазан айының 19-20 күндері Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде, Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Халықаралық «Voice of Turan – 2023» қазақ әндері фестивалі өтеді деп хаюарланған болатын.

Түркістан облысының 5 жылдығына арналған фестиваль мақсаты – шетелдік танымал әншілер арқылы қазақ музыкасын, қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын насихаттау.

– Түркістанда биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған ән байқауына Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Әзербайжан, Польша, Беларусь, Молдова, Грузия, Бурятия, Болгария, Португалия, Испания, Куба, Аргентина елдерінен келген өнерпаздар қатысады. Атап айтқанда, 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, ауқымды концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар, халықаралық ән байқауларында жетістікке жеткен үміткерлер бақ сынайды. Бұл байқаудың елімізде аналогы жоқ деуге болады. Мұнда өзге елдерден келген әншілер қазақ тілінде ән шырқап, сынға түседі. Осы арқылы ана тіліміздің мәртебесін арттыруды көздейміз, – дейді Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев.

Сондай-ақ, жобаның бас продюсері Мейіржан Алиакбаров байқауға қатысушы шетелдік өнерпаздардың саны жыл сайын артып келе жатқанын жеткізді. Байқауға қатысушылар бірінші күні елімізге танымал эстрада жұлдыздарымен бірге ән шырқаса, екінші күні қазақ тіліндегі классикаға айналған әндерді жеке орындады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы