Бүгін «Түркістан таланттары» жобасы өңірлік кеші Ордабасы ауданында жалғасты. Кеш кейіпкері ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облысы филиалының төрағасы Айдар Сейдазым осы ауданның Ақжол ауылында туған. Кездесуге журналист, композитор Бекжігіт Сердәлі, журналист Тельман Бейсен, сонымен қатар ақындар – Сайлаухан Жоланов, «Алтын қалам» иегері Дәурен Айманбет, Нұрғали Сердалиев, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Бауыржан Ерман қатысып, кеш кейіпкеріне ізгі тілегін арнап, қаламынан туған шығармаларын арнады.
Шайырды өлең сүйер көпшілік қошеметпен қарсы алды. Кеш барысында Айдар Сейдазым таңдаулы шығармаларын оқыды. Сондай-ақ ақынның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. Оқырман қауым кеш иесіне көкейіндегі сұраққа жауап алды. Ақынның өлеңдерін оқырман жатқа оқып, әдебиетке қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Шара соңында Түркістан облыстық «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова, Ордабасы аудандық орталық кітапханасының директоры Феруза Небосынқызы сөз алып, ақынға құрмет көрсетті. Сонымен қатар аудан әкімі Азат Оралбаевтың атынан алғыс хат табысталды.
Естеріңізге сала кетейік, Айдар Сейдәзім – 1980 жылы 26 желтоқсанда, Қараспан ауыл округіне қарасты Ақжол ауылында дүниеге келген. Ақын, журналист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі. Республикалық, жыр мүшәйраларының лауреаты. Өлеңдері облыстық, республикалық газет, журналдарда жарияланып тұрады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің филология факультетінде білім алған. Мамандығы — филолог. Еңбек жолын «Ақиқат-Истина» газетінде бастап, «Замана» газетінде, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында редактор, аға редактор, апталық шолушы қызметтерін атқарған. 2010 жылы «Оңтүстік Қазақстан» облыстық саяси-қоғамдық газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары қызметтерін, 2013 жылы «31» телеарнаның Астана бюросының редакторы, «Жаңашыл Астана» республикалық журналының бас редакторы, «Атакент» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі лауазымында еңбек еткен. Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы.
Айта кетейік, облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен белгілі қаламгер Қасымхан Бегмановтың шығармашылық кешінен бастау алған жоба жыл соңына дейін аудан, қалаларда жалғасады.