- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Төлеби ауданында туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде таулы аймаққа баратын жолдар жөнделіп, табиғатымен ерекше ауданға ішкі туризмді айтпағанда, алыс-жақын шетелдерден қонақтар ағылып келуде.
2023 жылдың 9 айында 31884 демалушы келіп, 691,2 млн. теңгеге қызмет көрсетілді.
Ауданда демалушыларға қызмет көрсететін орындар саны 140 бірлікке жетіп, туризм саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыруы бағытында жобалар жүзеге асуда. Туризм саласын одан әрі дамыту мақсатында жыл басынан құны 3,6 млрд. теңгеге 7 туристік нысандар ашылды. Атап айтсақ, «ALMA-TAU» тау курортында құны 2 млрд. теңгеге бағаланып отырған қонақ үй және спорт кешені ашылып, мұнда 30 адам жұмыспен қамтылған. Ал Нысанбек елді мекенінде құны 240 млн. теңгені құрайтын жеке кәсіпкер Г.Файзиеваның демалыс орны, сонымен қатар Қасқасу ауыл округінде «Кіші Европа» демалыс аймағы мен Ақмешіт шатқалында К.Ысқақовтың демалыс аймағы ашылды.
Тағы бір айта кететін жоба Зертас ауыл округінде жеке кәсіпкер К.Қожамжарова саумалымен сауықтыру орталығын іске қосты. 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ Алатау ауыл округінде жеке кәсіпкер Х.Назарованың демалыс орны ашылған. Бүгінгі таңда Қоғалы ауылдық округінде құны 50 млн. теңгеге саумалымен емдеу орталығы іске қосылды. Кешенде тәулігіне 20 адам ем алуда.
Одан өзге жыл аяғына дейін Қасқасу ауыл округінде жеке кәсіпкер М.Күмісовтың құны 150 млн. теңге болатын демалыс аймағы ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ 2025 жылға дейін осы салада құны 4,5 млрд. теңге болатын 10 жобаны (демалыс аймақтары, қонақ үй мен спорт комплекс, оңалту-сауықтыру орталығы) іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде келуші туристер санын 55 мың адамға жеткізу көзделіп отыр.
Жылдың қай мезгілінде барсаң да, өзінің тамаша табиғатымен тамсандырып тұратын Төлеби ауданына жердің жәннаты деп баға беретіндер аз емес. Былтыр тұмса табиғатымен талайларды таңғалдырған Төлеби ауданына 90 жыл толды. Аудан тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында көптеген жобалар жүзеге асырылып келеді.
Мұнда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Бұл сала айтарлықтай дамып келеді. Ішкі туризмді айтпағанда, алыс-жақын шетелдерден келетін қонақтар да алдымен Түркістан қаласына аялдаса, одан кейін тау бөктеріндегі Төлебиге асығады. Яғни Түркістан рухани тұрғыдан тартса, Төлеби таза ауа, тамаша табиғатымен қызықтырады.
Аудан үшін туризм саласы өте үлкен маңызға ие. Табиғаты ғажайып, ауасы таза өңірдің әлеуеті өте жоғары.
Туризм саласы арқылы ауданның имиджін қалыптастыру мүмкіндігі мол. Туристер, демалушылар ауданда тынығып қана қоймай, мәдениет, әдет-ғұрып пен дәстүрлер жөнінде толық ақпарат алады. Сондай-ақ, бұл сала ауданның бюджетіне қомақты қаржы түсіріп қана қоймай, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай туғызады.
Президент Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, жаңа жобалар іске асып жатыр. Бұл ретте, Төлеби ауданындағы демалыс аймақтарына апарар жолдар жөндеуден өткізілді. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облыстық маңызы бар жолдардың жөндеу жұмыстарын негізгі 3 бағытта іске асыруда. Мәселен, Төлеби ауданындағы жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайтын туристік бағыттағы 3 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар КХ-31 «Қасқасу қысқы демалыс аймағы» автомобиль жолының 10,2 шқ және КХ-170 «Біркөлік санаториясына кірме жол» автомобиль жолының 6,2 шақырымы жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді.
Бекітілген сметалық кұжаттамаға сәйкес, ескірген асфальт жабыны толығымен жаңартылып, аяқ жолдар салынды. Сондай-ақ, таулы аймақтарда көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында темір дөңгелекқағарлар және елді мекендерге диодты жарықтандыру шамдары орнатылды.
Бұдан бөлек, жол таңбалары сызылып, тиісті жол белгілерімен қамтылды. Таулы аймақта жауын-шашын кезінде асфальт жабындысын су шаюдан сақтау мақсатында 14 жерде су өткізгіш құбырлар ауыстырылып, суағарлар орнатылды. Айта кетейік, бұған дейін облыстық маңызы бар КХ-93 «Кеңесарық-Қасқасу – Майбұлақ» (1,6 шқ) автомобиль жолы жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген болатын.
Былтыр аудан аумағында «Қасқасу» туристік – рекреациялық аймақтың құрылысы жалғасын тауып, «Шипабұлақ» демалыс аймағы кеңейтіліп, «Alma-Tau» таулы курортында қосымша қонақүй мен спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Тауларда қоңыр, сұр, жазықта саздақты топырақ таралған. Дала өңірінде астық тұқымдас шөптер, ақселеу, жатаған, бидайық, беде, т.б. тау бөктерінде жеміс ағаштары өседі. Аудан аумағында: қасқыр, аю, барыс, арқар, таутеке, сілеусін, т.б., құстардан – бүркіт, ителгі, кекілік, ұлар мекендейді. Аудан жерімен Ақсу, Сайрамсу, Бадам, өзендері ағып өтеді.
Ақсу өзені өзінің бастауын Тянь-Шань тауынан арнасын алады. Аудан аумағынан өтіп, Сайрам, Ордабасы аудандарының тоғысқан жеріне — Арыс өзеніне барып құяды. Тау суы тұнық, ал дәмі керемет, әрі балдай. Таудың қоңыр салқын ауасы мен табиғатының шексіз сұлулығына қызығушылар үшін Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы таптырмас демалыс орны болы саналады. Парк территориясында Өгем жотасының ең биік жері Сайрам шыңы болса, Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Даубаба және Көкбұлақ өзендері де ағып өтеді.
Табиғат аясында тынығушылар саны жыл санап артып келеді. Ауданның табиғи ерекшелігіне орай туризм кластерін дамытуға өте ыңғайлы. Осы салада аудан аумағында жалпы 139 туристік нысан жұмыс істейді. Олар 1 шаңғы базасы, 2 емдік-сауықтыру орны – «Біркөлік» санаториясы және «Ақкен» саумалмен емдеу орталығы, 72 демалыс аймағы және 64 саяжай.
Былтыр ауданға 34552 демалушы келіп, жалпы 662 млн.416,0 мың тенгеге қызмет көрсетілді. Ауданның демалыс орындары тұрғындарға жыл мезгілдеріне орай тауда тынығу, атта серуендеу, шаңғы тебу, сырғанау секілді қызмет түрлерін ұсынады. Қыс мезгілінде таудың әсемдігін тамашалап, таза ауамен тыныстап, шаңғы тебу үшін «Тау Самалы» демалыс аймағының «Алатау» тау шаңғы базасы, «Алма-тау» тау курорты қызмет көрсетеді. Ал, емделушілерге «Біркөлік» санаториясы, «Дихан Тау» саумалмен сауықтыру орталығы жұмыс жасауда. Балық аулауға арналған «Сақ» демалыс аймағындағы 3 көлде карп пен форель балықтары өсірілуде.
Сонымен қатар тау туризмін дамыту мақсатында «Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің» құрылысы жүріп жатыр. Кешен іске қосылғанда туристер саны едәуір артады деп күтілуде.
Былтыр Диханкөл елді мекенінде жеке кәсіпкер Э.Еспенбетова «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы мен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы қаржыландыру нәтижесінде саумалмен сауықтыру кешенін іске қосты. “Дихан Тау” саумалы сауықтыру орталығының жоба құны 57 миллион теңгені құрады. Кешен бір мезгілде 25 отбасын қабылдай алады.
Қасқасу ауылының Сарыбұлақ шатқалындағы Ақмойнақ тауының бөктерінде «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенінің инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысын жүргізуге 1,7 млрд. теңге қаралды. Кешен іске қосылған уақытта қоңыр күзден көктемнің ортасына дейін шаңғы тебуге мүмкіндік тумақ. Жазда тау баурайындағы демалыс аймақтары туристерге қызмет көрсетеді. Демек, Қасқасуда жылдың барлық мезгілінде демалуға мүмкіндік ашылады.
Атақ-даңқы сонау тарих қойнауынан бастау алатын бұл жерге дүниенің төрт бұрышынан жанына дауа іздеп көпшілік ағылып жатады. Неше түрлі сырқаттың құшағында мұң орнаған жандар, («Тартыс» А.С.Тлегенов) бала көрмеген әйелдер, өмірде жолы болмаған пенделер, сондай-ақ тілек тілеп рухани тазартуды ниет еткен дені сау жүрт та әулиеге зиярат етеді. Алладан медеу тілейді. Мұндағы топырағы қызғылтым төбедегі жақпар тастардың әрқайсысының өз атауы, қасиеті, ішіне бүккен тылсым сыры бар. Оларға ғайыптан қуат сіңген деседі бірі көп дәрежеде, бірі аз дәрежеде адам тағдырына араласа алатын күштерден, әулиелерден қалған қасиетті таңбалар дүниеге өріс таратады. Биологиялық өрістерге ие болу үшін мұнда келген адамдар түрлі-түрлі шарттарды орындауы керек. Басты белгілердің бірі – босаға белгісі. Одан өткен әр адам: «Бисмил-ләһир-рахманир-рахим. Ниет еттім Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиенің ізділігіне (ұлына), сол ізділігіне (қызына) деп оң аяқпен аттап сәлем беруі шарт».
Киелі жерге табан тіредік. Тылсым табиғаттың иіріміне бойлап, жол бастаушы азаматпен бірге бағзы бабаларымыздың көзіндей болған киелі тастардың әрқайсысымен жеке-жеке таныса бастадық. Алдымен Адам ата мен Хауа ананың белгісі айшықталған алып мүсін көзге оттай басылды. Қызметшінің сөзінен ұққанымыз, бұл бейнеде ер адам дауыл мен от-суға төзімді, әйел затының сүйеніші ретінде кескінделіп, ардақты Адам ата аяулы Хауа анамызды қиындықтан қорғап тұр. Ал тастағы тесіктер Хауа ананы от пен судан аман сақтаған Адам атаның қырық тесік шапаны екен. Одан әрі босаға маңындағы емдік қасиеті бар бұлақтың суын сіміре ішіп, жанымызды сергіттік. Бұлақ суында 28 түрлі минерал бар көрінеді. Бұдан соң алып дастархан тасқа тәу етіп, «Несібеміз мол, дастарханымыз кең болсын!» деп іштей тілек тіледік. Зиярат кезінде тас-мүсіндерді тамашалай жүріп, сонау биікте айбарлы сұс беріп тұрған кәдімгі кемеге ұқсас тас бейненің маңына барып, қызметшіден оның мән-мағынасын сұрадық. Аңызға сенсек, сонау ескі заманда жер жүзін топан су басқан кезде Нұх пайғамбар кемесіне тіршілік иелерін салып, Алланың қалауымен, Ғайып ерен, Қырық шілтен әулиенің күш-қуатының демеуімен киелі Қазығұрт тауының басына тоқтаған. Күллі адамзат баласының алтын бесігі болған қасиетті мекенде осылайша тіршілік қайта жанданып, дүбірлі дүниенің көрігі қызған деседі.
«Халқымызда көнеден келе жатқан «Ғайып ерен, Қырық шілтен, Назарыңды салып өт. Тар жол тайғақ кешуде, Жәрдемдесіп алып өт» деген сөз бар. Сондықтан болар, бұл қасиетті жерге көбіне жұртшылық Ғайып ерен, Қырық шілтенге тәу ету арқылы Жаратушы Алладан медет тілеп келеді», – дейді шырақшы.
Ғылыми кітаптарда былай дейді: «Ғайып ерен – мұсылмандар арасында сопылық ілім ықпалымен тараған түсінік бойынша, ерекше қасиеттерге қол жеткізген әулиелер. Қазақ фольклорының кейіпкерлері әдетте Құдаймен қоса “Ғайып ерен, Қырық шілтен”, “Ғаусыл- ғиас”, т.б. әулие-пірлерді рухани көмекке шақырады. Жалпы дүниеде әулиелер иерархиясы бар. Солар арқылы Алла тағала жер бетіне билік жүргізіп, адамзатты жетілдіруге ықпал етіп отырады. Олар рухани билікке көтеріліп, құпия заңдылықты игерген. Ғайып ереннің негізгі сипаты және мақсаты – жанашырлық танығыш, адамдарға әрқашан көмекке келу, рухани жолға түскендерге жол сілтеп, бата беру, жолаушыға, қысылған адамға қол ұшын беру, т.б. Қыдыр (Хизр) да Ғайып еренге, оның ішіндегі қырық шілтенге (абдал) жатады. Қазақта “Қырықтың бірі – Қыдыр” деген сөз бар. Қыдыр – қырық шілтенді басқаратын кейіпкер болуы да мүмкін. Бұқаралық санада бұл түсінік өнделіп, көркемдік қиялға ұласып жататынына қарамастан, ислам ойшылдары Ғайып ерен идеясын жоққа шығармаған».
Аңыз бойынша, бұл киелі жердегі тастарда адамзат бастауының белгілері бар. Алдымен бірінші белгі «босаға» деп аталатын екі тастың арасынан өтеді. Бұл жерде көптеген белгілер бар, жеміс ағашы, ананың құрсағы, дастархан, дастархан басындағы пілдің, арыстанның, адамның т.б белгілер. Белгілердің ең үлкені екі тастан тұратын ата мен ананың белгісі, атаның белгісі шұрық-тесік – ананы барлық сыртқы қауіп-қатерден қорғап тұрады. Ата мен ананың тасын қосып тұрған «жастық» тас бар, «ата мен ананың басы тек жастықта түйіскен, жастықсыз ұрпақ тарамас еді» дейді шырақшы. Атаның белгісінде «атаның қолтығы», «атаның алақаны» белгілері бар. Атаның алақанына ер адамдар саусақтарын салып, сәлемдеседі, атаның қолтығынан өтеді. Ананың белгісінде «ананың шарасы», «ананың қамыры», «ананың сүті», ұл мен қыздың белгілері бар. Ата – от басы, ана – ошақ қасы. Ананың бауыр жағында төрт бөлікке бөлінген қазанға ұқсайтын белгі бар. Бұл – «төрт құбыламыз түгел, төрт түлігіміз сай болсын, қора малды болсын» деп тілек тілейтін жер. Одан сәл әріректе нәресте белгісі бар. Нәрестелі, перзентті болғысы келгендер Алладан ниет етіп сұрайды.
Шырақшының айтуынша, бүгінде киелі мекен аумағы толық қоршалыпты. Онда күніне 200-300 адам келеді екен. Жаздың күндері олардың қатары арта түсетін көрінеді. Қазір мұнда киіз үй бар, асхана жұмыс істеп тұр. Таңнан күн батқанға дейін қызмет көрсетеді. Жергілікті кәсіпкер азаматтардың көмегімен арнайы құрбан шалып, құдайы ас беретін ғимарат салынған. Шетелден де келетіндер көп. Әулие басында тастардың арасынан өсіп шыққан бір түп киелі тұт ағашы бар. Бұл арада зиярат етушілер құран оқып, дұға қайырады. Содан кейін биіктігі он метрдей, ұзындығы жиырма метрдей шамасындағы «Ата» және «Апа» деп аталатын қатар тұрған алып тастардың алдында түнейді. Олардың арасынан өтейін, бар күнәм кешірілсін деп үйден ниет етіп шыққандар өтеді деседі, тастар арасындағы тесіктен кісіге қиянаты бар күнәһар адамды өтерде сыққан секілді сезіліп, әруақтар қысқандай болып, оның жолын буады дейді. Ондай жағдайда ол кісі тобаға келіп, құрбандық шалып, әулие басында құран оқытып кетуі керек екен.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында Төлебиде бірнеше мектеп салынады. Ленгірде – 1500 орындық, Бірінші Мамырда – 1500 орындық, Достықта – 900 орындық, Көксәйекте – 600 орындық, сондай-ақ Қосағашта 600 орындық жаңа мектептердің кұрылысы жоспарланып отыр.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 6 елді мекенде 6 жоба іске асырылды. Екпінді елді мекенін электр қуатымен қамтамасыз етуге 110 млн. теңге қаралған. Бірінші Мамыр елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасын салуға, Момынай елді мекенінде жаңадан мәдениет үйін салуға қаржы қаралды. Ауданның инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 19 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аудан халқының 99,8%-ы ауыз сумен қамтылған. Табиғи газбен 90,4% немесе 109 мың тұрғын қамтылған. Ленгір қаласында 5 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Төлеби ауданында 100-ге жуық тұрғын мемлекеттің қолдауымен өз бизнес-идеяларын жүзеге асырған.
Ауданда былтыр «Ардагерлер үйі» пайдалануға берілген. Демеушілер есебінен құрылысы жүргізілген ардагерлер үйі 5 бөлмеден тұрады. «Ардагерлер үйі» ғимаратында ардагерлердің еркін тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Олардың еркін пікір алмасып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруына арналған мәжіліс залы да салынған.
Былтыр қараша айында Төлеби ауданының 90 жылдығына және Леңгір қаласы күніне орай Төлеби баба стелласы салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Экспозициялық кешенде Төлеби бабаның сурет бейнеленіп, нақыл сөздері жазылған. Леңгірдегі стелланың ұзындығы – 18,5 метр, биіктігі – 4,5 метр.
Леңгір демекші, бұл атаудың сыры қандай деп қызығып сұрайтындар да аз емес. Белгілі жазушы, өлкетанушы Момбек Әбдіәкімұлы ол туралы тұшымды ой қозғайды.
Тарихшы қаламгердің баяндауынша, Ленгір (Ленгер) этимологиясының сыры әлі күнге дейін бір ізге түскен жоқ. Бұл атау ғылыми ортада талқыланған да емес. Біреулер атаудың түп-төркінін ел аузында айтылып жүрген аңыздарға сүйеніп түсіндіргісі келеді. Ендеше, аңыз бен тарихи деректердің аражігін ашып, атау сырына тереңірек үңіліп көрелік.
Алдымен аңыз нұсқасына тоқталайық. Ілгеріде Ленгір (Момынайсу) өзенінің жағасы қалың қамыс пен жыңғыл, тікенікті ағаш басқан ну болыпты. Нудан ары-бері өткен ірілі-ұсақты малдың жүні әлгі ағаштарға ілініп қала бергендіктен бұл сай «Іліңгір сай» аталып, кейіннен «сайы» түсіп қалып, «Іліңгірге» айналса керек. Уақыт өте келе «Іліңгір» қазақтың жалпақ тіліне орайластырылып «Ленгір», орысша нұсқада «Ленгер» аталыпты.
Енді бір зерттеушілер «Ленгер» атауын парсының «лянгар» сөзінен іздемек болады. Жалпы, біздің Ленгірді қоса есептегенде Орта Азияда жеті елді мекен «Лянгар» аталады екен. Тағы бір дерек бұл санды он төртке жеткізеді. Зерттеушілер парсының «лянгар» сөзін – «якорь» (зәкір), «құтқарушы зәкір», «айлақ», «дәліз», «соңғы үміт», «дәруіштер тұрағы», «құтылудың соңғы мүмкіндігі» деген бірнеше мағынада аударады.
1880 жылдардан кейін тау алабына қарай орыстың бірнеше кен барлау экспедициясы шығады. 1887 жылы осындай экспедицияның бірі Ташкенттегі генерал-губернатор кеңсесіне қазақтардың Момынай жағасындағы төбе шұңқырынан көмірді тезек тергендей жинап алып жүргенін, тез арада «қара алтын» өндірісін ашып, оны үкімет қарауына алу керектігін хабарлайды. Бірақ, орыс үкіметі бұл мәселеге он жыл бойы мән бермейді. Тек 1897 жылы орыстың атақты тау-кен инженері Р.Д.Романовскийдің шәкірті, ұлты неміс геолог Густав Шварцтың барлау экспедициясы Момынайға келіп, көмір қорын зерттейді. Экспедиция құрамында ұлты швед Стив Ленгерс атты көмір өндіру ісінің мықты маманы болады. Шварц Ленгерсті Момынай көмір шахтасын игеретін жұмыс тобының басшысы етіп тағайындайды. Айта кететін нәрсе, біреулер айтып жүргендей, Ленгерс неміс те, ағылшын да емес. Шамасы, Ленгерсті Шварц әкелген соң жұрт оны да неміс санаған сияқты.
Тұмса табиғатымен талайларды таңғалдыратын Төлеби ауданының қысы да, жазы да туризм саласын дамытуға сұранып тұрған аймақ екені белгілі. Төлеби ауданы – Тәңір шарапатымен құт қонып, қыдыр дарыған, еліміздің қасиетті бір өлкесі. Таулы аймақтың табиғаты да ерекше. Туризм саласын дамытуға, демалуға келген туристерді жан-жақты қызықтыруға жылдан жылға мән беріліп келеді.